ЕҢБЕГІМЕН ЕРЛЕГЕН

Уақыты: 14.06.2022
Оқылды: 1202
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Клара  Жұмағұлова  бар күш-жігерін бала тәрбиесіне арнаған, іс тетігін таба білген маман. Еңбек жолын Кеген ауданы Средигор мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған ол, бала жанының бағбаны ретінде сол кезде-ақ өзінің білікті ұстаз екенін көрсете білді. 

Көп ұзамай Панфилов ауданындағы Шолақай 7 жылдық мектебіне орыс тілі пәні мұғалімі болып орналасты. Қолға алған шаруасын тындырмай қоймайтын ұстаз білім шаңырағының барлық шаруасын дөңгелентіп әкететті. Кейіннен Панфилов аудандық білім бөліміне жауапты қызметке шақырылса, одан кейін сол өңірдегі іргелі оқу орнының бірі Панфилов педагогикалық училишесі директорының орынбасары қызметін атқарды, біраз уақыттан соң директорлыққа тағайындалды. 
Панфилов педагогикалық училищесі білім саласы басшыларын даярлауды да қоса атқаратын. 60-жылдардың екінші жартысында училище түлектері одақ тапсырмасын орындауға да қатысқаны белгілі. Панфиловтағы оқу орнын тамамдаған  түлектер Түркіменстан мен Қарақалпақстандағы қазақ мектептеріне жұмысқа жіберілген. Яғни, оқу орны қазақ тілінің дамуына,  шетелдегі балалардың ана тілінде білім алуына да жауапты еді. Бұл сол кездегі жүйенің мықтылығын байқатса керек.  Міне, осындай жан-жақты білім беретін оқу ордасын басқару Клара Сыздыққызына сеніп тапсырылғаны оның жауапкершілік жүгін көтере алатындығын да байқатады. 
Жақсы жұмыс – жанға тыныс. Бірақ соның рахатын көру үшін қиындығына да төзіп, бар күшіңді жұмсауың керек. Клара Сыздыққызының табандылығы арқасында студенттердің жатын орны жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі жаңартылды. Студенттердің алаңсыз білім алуы үшін бос ғимаратты жатақханаға айналдырды. «Клара апай қандай басшылық қызметте болса да әрдайым жастар шығармашылығын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлетін. Сондықтан Панфилов педагогикалық училищесінің көркем- өнерпаздар ұжымы 1967 жылы алғашқылардың қатарында республикалық  теледидарға шақырылып, түсірілімге қатысқан. Оқу орны сол жылдары Қазақ ССР Жоғарғы және арнаулы білім министрлігінің Алғыс хатын алған, – дейді  Панфилов педагогика училищесінің 1967 жылғы түлегі С. Төлекбаев. 
Клара Сыздыққызы 1971 жылдан  Көксу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің  хатшысы қызметін атқарған. Атқару комитетінде 21 жыл істегеннен кейін одақ тарап, қызметсіз қалады. Бірақ білімді адам қашан да қоғамға қажет. Клара Сыздыққызы көп ұзамай Медеубай Құрманов атындағы мектепте бала тәрбиесімен қайтадан айналысып, талай ұрпақтың жолын ашады. Сол жерден зейнетке шығады. 
Клара – отбасында да үлкен жүректі, мейірімді ана. Ол өз баласынан басқа, бауырынан қалған үш баланы да қанаттандырды. Бүгінде барлығы ержетіп, бақуатты ғұмыр кешуде.     Зейнет жасында да қоғамға қызмет етіп, Көксу аудандық ардагерлер ұйымын басқарды.

«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, Клара  ұстаз бүгінде ел құрметіне  бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

Гүлжан ТҰРСЫН