ӘДЕМІ ӘЖЕНІҢ ӘЛЕМІ

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 1483
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Асқақ Алатаудың күн нұры сүйген күміс шыңына көз салған сайын Шәрбану Нұқақызының кеудесін ерекше сезім билейді. Оған өмір бойғы ұстаздық еңбегінің ақталып, өзінен тәлім алған, тәрбиесін сіңірген шәкірттерінің биік белестерді бағындыруы себеп. Биология пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың терең білім алуымен қатар, дүниетанымын кеңейтіп, өсімдіктер әлемін зерттеп-зерделеуге құштарлықтары ұстаз еңбегінің ақталғанын аңғартады.

Ертеректегі еңбек жолын бұрынғы Шелек ауданының Масақ орта мектебінен бастап, Қаражота орта мектебінде ұстаздық еткен Шәрбану апа 2000 жылдың басынан бері Бірлік ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназияда жалғастырды. Аталған мектепте биология пәнін оқыта жүріп, білім ордасының гүлденуіне айрықша еңбек сіңірген ұстаздардың көшбасы болды. Жаңа ғасырмен жеткен жаңашылдықтың бірі – ауланы көгалдандырып, көріктендіру еді. Әсіресе, ауылдың ажарын ашатын гүл кестелермен безендендіруде арнайы жобалар қолға алынған. Осы бағытта жұмыс бастаған мектеп-гимназияның тыңғылықты іс-тәжірибесі көптің қызығушылығын тудырды. Бұл орайда, республикаға танымал гүл өсірудің шебері, «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Гөзел Құлжабаевамен қоян-қолтық жұмыс жасаудың септігі тиген.
– Гүл өсіруге құмарлық бала кезден қалыптасады. Анам Жамалхан Құйқабайқызы әдемілікке әуес еді. Картоптан басқаны өсіріп көрмеген ауылда біздің үйде ғана қарақат, өрік сынды жеміс ағаштары мен гүл жайқалып тұратын. Кейін Шелекке көшіп келген соң көрші ұйғыр ұлтының өкілдерінен көп нәрсені үйрендім. Сол қасиет өсе келе өсімдік әлемін тануға, онымен сырлас болуға жетеледі. Мектебіміздің сол жылдардағы директоры Айтжамал Әбдірешқызының бастамасымен кереметтей жобаларды жүзеге асырдық. Гүл мен ағаш отырғызуда алдыңғы қатарға шықтық. Сөйтіп, ауыл мектебі көз жауын алатын «Альпі шыңы», «Байрақ», «Әжелер аллеясы» атты әсем композициялармен көмкеріліп, жайнап шыға келді. Мектебіміздің ауласында 186 өсімдіктің түрі бар. Сонымен қатар, емдік қасиеті зор өсімдік ағаштарын отырғыздық. Бұл күнде 37 түп итмұрын, 17 түп қарақат, долана өсіп тұр. Сөйтіп оқушыларымыз теория жүзінде ғана емес, тәжірибе сабақтарында гүл өсірудің қыр-сырына қанықты. Олардың атауларын танып, күтіп-баптауды үйренді, –  дейді биолог-ұстаз Шәрбану Нұқақызы.
– Гүл өсіру – адам жанын нәзіктікке, эстетикалық сұлулыққа, ең бастысы, еңбекке дағдыландырады. Шаршап немесе көңіл күй болмаған сәттерде хош иісті гүлдерге қарап, ой тоқтатсаңыз жаман энергиядан әп-сәтте арылып, тың серпінге ие боласыз, – деген бағбаншы апа өзінің жарты ғасырлық ұстаздық еңбегінде өсімдік өсірудің жас буынын қалыптастырып, қанатын қатайтқан. Кіші ғылыми жұмыстарға қатысқан шәкірттері республикалық «Ғылым шырағы» байқауында топ жарып халықаралық сертификат алып қуантқан. Олардың алды бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып, жас маман атануда. Атап айтсақ, Саят Базарбаев Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін тамамдап, дәрігерлік қызметін бастаса, немересі Тұнық Жүнісбек те оқуын аяқтауға таяу.
 Ұстаздық еңбегін гүл өсірумен ұштастырған Шәрбану апаның қолынан өнген гүл тұқымдары бүгінде алуан түрлі гүл жарып, Алакөл жағалауындағы «Бастау» демалыс орнын құлпыртып тұр. Ерте көктемнен кәсіпкер бауыры Бауыржан Нұқаев шеберқол әпкесіне қолқа салып, көпжылдық гүл тұқымын өсіріп беруін өтінген екен. Ізінен ілескен інісінің сөзін екі етпеген әпкесі ерінбей-жалықпай 60 түп бөрітарақ, 50 түп шығыс гүлін, 20 түп форсайтия, 12 түп юкка сынды көз жауын алатын гүлдердің тұқымын өсіріп, Алакөлдегі демалыс орнына жеткізіп, егіп берген. Және оның жерсініп, жетіліп кетуін де өз назарында ұстаған. Нәтижесінде гүлдерінің жайқалып тұрғанына Шәрбану апа риза. 
Ұрпақтың ұяда көргенін бойына сіңіріп өсетіні хақ. Әсемдікке жаны құштар ананың тәлім-тәрбиесін алған ұлдары Нұрлан мен Ерлан, келіндері Алма мен Лаура да гүл өсіруге бейім. Қолындағы немерелері Тұнық пен Заңғар әдемі әжелерінің қолғанаттары ғана емес, ізін жалғастырушы мұрагерлері деуге әбден лайық. 
Көрген жанның қызығушылығын туғызбай қоймайтын анасының гүл өсірудегі өнерін Атыраудағы қызы Жанардың да жалғастырып жатқанына қуанады. Ал құдай қосқан көршілері мен ағайын-туманың бұл кәсіпке сұранысы артпаса кеміп көрмеген. Сондықтан болар 75 жасқа қараған шақта да Шәрбану апаның қол қусырып отыруға уақыты жоқ. Бұған қоса, Белбұлақ ауылдық әйелдер кеңесінің және келісім кеңесінің төрағасы, сонымен бірге  ауылдағы «Шапағат» әжелер ансамблінің жетекшісі боп  қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы болып отыр. Әдемі әжелерден құралған өнер ұжымы сан түрлі мәдени іс-шаралардың мәйегіне айналған. Ақ самайлы әжелердің сызылта шырқайтын халық әндерін сүйіп тыңдайтын тұрғындар еңбектерін әр кез жоғары бағалап келеді.
– Ұлт тағдыры – ұрпақ болашағы. Заманына қарай адамы деп те бекер айтпайды. Жаһанданумен жақсы да, жаман да сіңіп жатыр. Осы ақ пен қараны ажыратып, жақсылыққа ұмтылдыруда отбасының тәрбиесі мықты болуы керек. Мұны біз басқосуларда үнемі айтып отырамыз. Жуырда жастардың телефонға тәуелділігі, оның пайдасы мен зияны тақырыбында келелі жиын өткізбекпіз, – деуі Шәрбану Нұқақызының қоғамдағы белсенділігін білдірсе керек.
Ата-анаға ұрпақ өсіру, ағаш егу парыз. Осы міндеттерін адал атқарумен қатар, ел мен жердің жайнап, қоршаған ортаның жасыл желекке айналуына ғұмырын арнап келе жатқан әдемі әженің әлемі әдемі баршаға үлгі-өнеге. 

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы