ДАНАЛЫҚ ДАРИЯСЫ

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1462
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Саналы ғұмырын қазақ халқының мүддесі мен ұрпақ тәрбиесіне, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға арнаған әдебиетші, ұстаз, тіл жанашыры Тілеужан Сақаловтың өмір жолы бүгін де даналық даңғылына айналды. 

Тілеужан Сымағұлұлы Таңжарық пен Қойдым, Шарғын мен Асылхан, Жамбыл мен Айкүміс айтыстарын зерттеп, «Шығыс түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» атты диссертациясымен өзіне дейінгі ұстаз-ғалымдардың ғылыми-зерттеу шығармашылығы мен ұстаздық-қайраткерлік жолын жалғастырған әдебиеттанушы және ағартушы ұстаз ретінде кеңінен танымал. 
Ардақты азамат 1930 жылы 15 маусымда Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1931 жылы анасымен бірге Қытай еліне қоныс аударған Тілеужан Сымағұлұлы, шетте жүрсе де туған елі мен жеріне, ана тіліне деген махаббатын жүрегінің төрінде сақтап келді. Соның нәтижесінде шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісіне атсалысып, әдеби шығармашылықпен айналысты. Жазған өлеңдері, әңгімелері, ғылыми зерттеулері мен сыни мақалалары «Іле», «Шыңжаң», «Шыңжаң оқу-ағартуы» газеттерінде, «Алға» журналында жиі жарияланып отырды. 1961 жылы атажұртқа оралғанға дейінгі кезеңде Шыңжаң жазушылар одағына мүше болған Тілеужан қытай, өзбек, ұйғыр, қырғыз және орыс тілдерін жетік меңгерген өте сауатты, қаламы қарымды әдебиет сыншысы болған.  
Біз жалпы, қазақ халқының өміріндегі қуғын-сүргінді сөз еткенде, кеңестік саясаттың құрбандарын көбірек тілге тиек етеміз. Шын мәнінде, Шыңжаң қазақтарының басында да қуғын-сүргіндер өте көп болған. Дәл сондай қилы заманның бел ортасында жүріп те қолынан қаламын тастамаған Тілеужан Сыма- ғұлұлы аумалы-төкпелі кезеңдерде шетел асқан Шыңжаң қазақтарының қилы тағдырын, ұлтымыздың азаттық жолындағы жанкешті арпалысын, әділетсіздікпен жасалған небір сорақылықты, Қытай ұлықтарының озбырлық әрекетін жырға қосқан.
Ақалақшы, зәңгісі болады екен,
Кедейге қатты кеткен жаны ашымай.
Кең қолтық қытай шекпен киеді екен,
Төрт елі жаға салып жағасына-ай.
Көкесі қан сорғыштың осында екен,
Жабысқан Сарытаудың сонасындай.
Семірген жуан қарын бұл жақта екен,
Серкенің мес қып сойған шанашындай.
Қарасам кедейінде сұр қалмапты,
Қыршаңқы бата оқырдың азасындай.
Сөлі кетіп, сүлдесі қалған екен,
Қайнатқан аткез шайдың самасындай, – деп суреттесе, 30 жылдардағы ұлттық апатқа айналған алапат ашаршылық кезеңіндегі зорлық-зомбылықтан мезі болған халықтың сүреңсіз өмірін:
Сипақтап қашқын байқұс әрең-ақ жүр,
Жылқының шыбын қонған жарасындай.
Үйі жоқ баспанасыз жүрген байқұс,
Қыстағы шыдамайды борасынға-ай.

Суырша жерді қазып кіріп апты,
Үйлері үш сиырдың қорасындай.
Томпайған төбесінде топырағы,
Кәдімгі Сембайдың моласындай, –  деп бейнелейді.
Ұстаздық қызмет – абыройлы, мерейлі міндет болғанымен, жауапкершілік жүгі де батпандай екені анық. Оқу-ағарту ісі, білім-ғылым жолы қиын әрі бұралаң-қалтарысы көп күрделі. Бірақ өз өмірін әділетсіздікпен күреске, ұстаздық етуге арнаған Т. Сақаловтың әдебиетшілік, ғылыми-педагогикалық қызметі елге оралғаннан кейін де 1961-1990 жылдары Райымбек ауданының мектептерінде жалғасын тапты.  
Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз Тілеужан Сақалов – әйгілі сыншы Сағат Әшімбаев, жазушы-драматург Баққожа Мұқай, ақын Айтақын Әбдіқал секілді белгілі қаламгерлерге ұстаздық еткен өнегелі тұлға.
Көп ішінен топжарған қаламгердің еңбегі де елеусіз қалған емес. Ол өз заманында-ақ игі істерімен танылып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 
Ел мен жердің азаттығын жырлап өткен, қасиетті тіліміздің, әдебиетіміздің жанашыры болған Тілеужан Сымағұлұлы 1996 жылы 17 шілдеде өмірден өтті. Ал 2014 жылы атамыздың аяулы жары Бөпен Жексебаеваның жинақтауымен, марқұм немересі Қазбек Думанұлының демеушілігімен Тілеужан ақынның 336 беттен тұратын шығармалар жинағы «Мерей» баспасынан 500 данамен жарық көрген еді. Биылғы жылы торқалы 90 жылдығына орай, ұрпақтары Тілеужан Сымағұлұлының алдыңғы кітабына енбей қалған шығармалары мен естеліктерінің жинағын шығаруды жоспарлап отыр. 
Тілеужан Сақалов қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің ғылыми жүйесінің негізін салуға атсалысқан, өткен дәуір ақын-жазушыларының азды-көпті дүниесін түгендеуге қатысқан, сөйтіп бір кезең әдебиетінің тарихын жасаушы ізденімпаз, ұстаздардың ұстазы ретінде рухани мәдениетімізден өз орнын алды.
Бүгінде қазақ арыстарын еске алумен қатар, олардың өмірі жайында ұрпаққа мол мұра қалдырған, тарихтың қойнауына саяхат шектірген, әдеби естеліктерімен, ойлы зерттеулерімен халық жүрегіне жол таба білген осындай азаматтарды да ұрпақ жадында жаңғыртып отыру – біздің парызымыз. 

Майнура САҚАЛОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
 Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы