ІСКЕРЛІК ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1592
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ журналистикасының қайраткері Болат Бисұлтанұлы 80 жасқа толып отыр. Осы ғұмырының 42 жылын баспасөз саласына  арнаған қаламгер 1942 жылдың 20 маусымында Ақсу ауданының Тарас ауылында өмірге келген. 

 

Әкесі Бисұлтан Байысов Екінші дүниежүзілік соғысынан оралмаса, анасы Қамила Бисейітқызы – тылдағы ауыртпалықты ауылдастарымен бөлісіп, аянбай еңбек еткен жан. Отағасы майданға аттанарда айы-күні жақын келіншегіне  аман-есен босанып, ұл тапса, атын «Болат», қыз болса – «Нұршолпан»  деп атауды  аманат етіпті. Жарық дүние табалдырығын ер бала аттап, әке аманаты орындалады.
Болат Бисұлтанұлының ұзақ жылғы журналистік жолы оның   қандай құрметке де лайық екенін көрсетеді. 1970 жылы желтоқсан айында Қапал ауданы қайтадан шаңырақ көтерді, ал аудандық газеттің №1 саны 1971 жылдың 1 шілдесінде жарыққа шықты. «Қапал еңбеккері» газетінің тұңғыш нөмірін жоспарлап, кезекшілік ету жауапкершілігі бас редактордың бірінші орынбасары Болат Бисұлтанұлына жүктелді. Сөйтіп, газеттің алғашқы саны ауданға таратылды.
Жаңадан құрылған ауданда әуелде редакцияның қызметтік кеңсесі де болмаған. Дегенмен, қатарлас тігілген екі қазақ үйдің біреуі кеңсе, екіншісі мамандардың күндіз асханасы, жұмыстан тыс уақытта баспанасы ретінде пайдаланылады. Журналист мамандар тапшылығына байланысты көршілес Қаратал, Ақсу және Сарқан аудандарынан уақытша көмекке қаламгерлер келіп-кетіп тұрған. 
Талдықорған облысы таратылып, Алматы облысына қосылған 1997 жылдың сәуірінде жас және жасамыс журналистердің бірқатарын жұмыспен қамту машақаты туындайды. Осы тұста тәжірибелі журналист Болат Бисұлтанұлы Сарқан аудандық газетінің бас редакторы қызметіне бекітілді. Ақиқаты сол, бұрынғы қызметкерлер жан-жаққа шашырап кетіпті. Оның себебі белгілі. Қаржыландыру мүмкін болмаған. Редакция ғимараты қаңырап, бөлмелері бос қалған. Тәуекелге бел буған бас редактор Сарқан ауданының сол кездегі әкімі Азамат Сәрсенбаевтың қолдауы арқасында батыл қимылдап, 1998 жылдың қарсаңында «Сарқан» газеті арада біршама уақыт өткізіп, өз оқырманымен қайта қауышады.
Журналист Болат Бисұлтанұлы облыстық «Жерұйық» газетіндегі қоғамдық-саяси бөлім редакторы болған жылдарға зер салсақ, соның өзінен-ақ қаламгер қабілеті анық байқалады. Сондай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарының қасіретті тағдыры мен олардың ақталуы жөніндегі зерттеулері де тартымды болды. 
Ардагер журналист Болат Бисұлтанұлы 2005-2010 жылдарда «Дарабоз» қоғамдық қорының басқарма мүшесі-баспасөз хатшысы міндетін атқарып, Қаракерей Қабанбай батыр ескерткішінің Талдықорғанда орнатылуына белсене қатысты. Талдықорған қаласында 2014 жылы  19 мамырда облыстық «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» қоғамдық қоры құрылып, төрағалығына өңірдің танымал азаматы Қадіржан Жексенов сайланғанда, оның орынбасары-баспасөз хатшылығына Болат Бисұлтанұлының ұйғарылуы бекер емес еді. Тарих пен әдебиет пәндерінің маманы бұл жолы да іскерлік үлгісін көрсетті. 
ІХ ғасырдағы көне Талды мен ХХІ ғасырдағы көркем Талдықорғанның тарихы туралы үштомдық 2020 жылы жарыққа шыққан-ды. Осы әдеби-тарихи еңбектің 3-ші томының 6-шы тарауындағы Алматы мен Талдықорған облыстарының алғаш құрылуы, екеуінің бірігуі мен бөлектенуі, Талдықорған облысының кейінгі жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы зерттеулердің кітапқа енгізілуі тәжірибелі қаламгер Болат Бисұлтанұлының жұмысы екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бұл да  табандылықтың, маңдай тердің игі нәтижесі екені анық.
Ақсу ауданының Құрметті азаматы, осы өңірден түлеп ұшқан және алғашқылардың бірі болып «Қазақ журналистикасының қайраткері» атанған Болат Бисұлтанұлы 80 жасқа толса да, жауапкершілігі зор мамандығынан қол үзбей, қоғамдағы маңызды мәселелерге мән беріп, өз үнін қосып келеді.
Қажырлы қаламгер аяулы жары Советай Нұрғалымқызы екеуі қосағымен қоса ағарып, үш ұл мен қызынан қызық көріп, немерелі-шөберелі ата-әже болып отыр. Біз еңбекте абыройлы, отбасында мерейлі, қоғамдық жұмыстарда белсенді ардагер-журналистке мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.

Сыныптас достарының атынан:
А. НАЙМАНБЕКОВА,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі,
Еңбекшіқазақ ауданы
А. АЙТБАЕВ
Ақсу аудандық
 ардагерлер ұйымының төрағасы,
Ақсу ауданының 
Құрметті азаматы