ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЗЕРТТЕУШІ

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1537
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алматыдағы Ұлттық кітапхана залында фольклортанушы ғалым Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» монографиясы, «Күй шақыртқы» атты жинағы және CD күйтабағының таныстырылымы өтті. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдымен Базаралы Мүптекеев туралы бейнебаянға назар аударды. Онда ғалымның артына қалдырған мұрасы насихатталды. 
Еске алу жиынын филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеу-бекұлы жүргізді.Алғашқы кезекте сөз алған көрнекті ақын Нұрлан Оразалин Базаралының ұлт болашағы үшін инемен құдық қазғандай жұмыс істегенін тебірене әңгімеледі. 
«Ан Арыс» баспасынан шыққан кітаптар  Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында сарапталып дайындалған.
– Базаралы – Жетісу күйшілік мектебін ғылыми тұрғыда зерттеген тұңғыш фольклортанушы. Осы тақырып аясында хрестоматиялық жинақтар шығарды. Жетісу өлкесімен қатар, Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұрасына ден қойды.Қазақ күйлерінің ЮНЕСКО тізіміне еніп, жаһандық деңгейде насихатталуына ұйытқы болды, – деді күйші Жанғали Жүзбай.
Сондай-ақ, өнертанушы ғалымдар Саида Елеманова, Гүлзада Омарова, Абдулхамит Райымбергенов, Берік Жүсіп және Түркиядан онлайн байланыс арқылы пікір білдірген профессор Чеик Гюрей Базаралы Мүптекеевтің сан қырлы талантына өзіндік баға берді. Алдағы уақытта «Мүптекеев оқулары» ұйымдастырылса деген ұсыныстарын да айтты. 
Кеш соңында журналист-этнограф, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, Базаралының әпкесі Бағдат Мүптекеқызы әулеті атынан жиналғандарға ризашылығын білдірді. 

Болат МӘЖИТ
Алматы қаласы