ӘКЕ РҰҚСАТЫ: БЕС ЖЫЛ КҮТКЕН ҚҰЖАТ

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1470
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әкем жайлы жазуды бастағанда бірден жорғалатып ала жөнелемін деп ойлаған едім. Бірақ компьютердің алдына отырғанда көңілдегі көрікті ойлар сан-саққа шашырап, не жазарымды білмей дағдарып қалдым. Өйткені, көкейге толы сағыныш көрікті ойларды тізбелей жөнелуге кедергі келтірді. Әу баста не жазарымды білмей дағдарып қалғаным шындық. Осы тұста әкемнің өмірбаянын тізбелеп, мақала жазсам қалай болар екен деп те ойландым. Оның да қиюы қабыспады. Ақыры көптен бері «Әкем екеуміз» деген атпен жазып жүрген көлемді еңбегімнің көрнекі тұстарынан үзінді алып, сағынышымды бассам деген ойға тоқтадым.

Қазақ ұғымында үйдің үлкені ата баласы саналады. Әпкем екеуміз бала күнімізде атамыздың баласы болып өстік. Сондықтан үлкендердің үйретуімен әке-шешеміздің атын атап кеттік. Атамды ауылдастар «Омарақын зәңгі» деп атайтын. Оның қандай мәртебелі атау екенін ержеткенде білдік. Атам ел осылай атаған сайын бойын аулаққа салып, сыпайы күліп, жанына жуытпауға тырысатын. Бала көңіл оның байыбына бармасақ та, атамның әр нәрседен сақтанып, әр жұмысты  байыптап, сабырмен салмақтап істейтінін іштей сезінетінбіз. Ал әкем болса үйге көп келмейтін. Ауылдастар кешкі асқа отырған кезде Ұрымхан апам әпкем екеумізді жетелеп, ауылдың маңындағы төбешікке шығатын да: «Әкелерің анау жақта тұрады», – деп қолын ебедейсіз сермеп, әлдебір алысты нұсқайтын. Одан кейін көз жасын бізге көрсетпей сығып алып жататын. Балғын көңіліміз әкеміздің жақын арада қасымызда болмайтынын ғана сезетін.
Атам өмір бойы бес уақыт намазын қаза қылмаған тақуа адам еді. Намаз уақытында әпкем екеуіміз есік күзетінде тұратынбыз. Әлдебіреу біздің үйге келе жатса атама дереу хабар жеткіземіз. Құлшылығын өтеп болғаннан кейін төрде ілулі тұрған  көнетоз қаптадағы жұқалтаң кітапшаны алып, әр бетін еппен парақтап, ұзақ сүрелерді күбірлеп оқитын. Апам әлгі кітапшаны «Әптиек» деп атайтын. «Әптиектің» не екенін атамнан сұрауға батпай, әпкем екеуміз апамның мазасын алатынбыз. Бірақ апам: «Ол атаңның кітабы», – дейтін де қоятын. Шешемізден сұрай қалсақ, бізге шапалақпен ғана жауап беретін. Десе де, біз үлкендердің күдікшіл әрекеттерінен үйдегі құпияны сыртқа шығармау керектігін мықты меңгердік.
Осындай мұқияттылықтың мәнін кейін ес білгенде, Қытай еліндегі күрделі саяси жағдай жылымық тартқанда барып түсіндік. Сөйтсек, бұл кез атамыздың «Жұртты азғырып, қызыл өкіметке қарсы шыққан, көнелікті жақтап, жаңалықты шеттеткен, ұлтшыл, кері төңкерісші, халық жауы» деген мәртебелі атақтарға ие болып, бақылауда жүрген кезі екен. Жасы ұлғайған адам болғандықтан және денсаулығының нашарлығы себепті үйқамақта отыруға бұйырыпты. Ал әкеміз жастайынан қолына қалам алып, өлең мен өнер қуып ержеткендіктен, «Сары өлең жазып, сары ән орындаушы, Ухан, Жыңтоның (Қызыл өкіметті мойындамаған қытайлық жазушылар) Кеңсудың басына қағып кеткен қазығы» деген айып тағып,  еңбекпен өзгертуге жіберіліпті.
Бір күні біздің үйде таң атпастан абыр-сабыр басталды да кетті. Көптен бері есігімізді ашпаған туыстарымыз, «Ассалаумағалейкум» деп алақанымызды ала жүгірсек, теріс айналып кететін ағайлар атамның айналасынан табылды. Есіктің алдындағы қара ағашта байлаулы тұрған  ақсарбас қой шиыршық атады. Сол күні әкеміз үйге оралды. Жұрттың аузынан «Төрттік төбе талқандалып, заман тыншыды», – деген сөздерді жиі еститін болдық. Оның не екенін қайдан білейін, әйтеуір әкеміздің ортамызға келгеніне бала көңілмен барынша мәз болдым. Сол күні ауылдық өкіметте істейтін жас жігіт атамның Қаракер атын әкеліп берді. Құлағын қайшылап, маңына жақындағандарға осқырына қарап, тықыршып тұрған жануар атамды көргенде басын мама ағашқа тіреп, тынши қалды. Араға алты жыл салып барып қайта табысқан атам мен Қаракер біразға дейін көңілімен сыр бөлісіп, сағынышын тарқатқандай болды. Сосын Қаракердің тізгінін әкеме ұстатты. Осыдан кейін әкемді қонаққа шақыратындар көбейді. Қайда барса да мені ертіп алады. Атам денсаулығы сыр беріп жүргеніне қарамай таң атпастан тұрып, Қаракерге жем-суын беріп, ерттеп қоятынды әдетке айналдырды. Күншілік жолға шыққанда майда жүрісінен бір танбайтын Қаракер кейін ауыл арасындағы көкпар тартыста мертікті. Атам оны сойдырды да етін ауылдастарға толығымен бөліп берді. Тек қос жауырынның астынан өніп шыққан құстың қанаты сияқты  сүйемдей ғана екі сүйекті өзіне алып қалды. Қаракер аттың қанатын қайтыс болғанша басына жастап жатты. Өсиеті бойынша жылдық нәзірін бергенде киізге орап, зиратының басына көміп қойдық. «Ат – ердің қанаты» деген ұғымды бала күнімнен осылай біліп өстім.
Әкеммен бірге өткізген қызық күндер көпке барған жоқ. Бір күні пошташы қарт алыстағы Үрімжі қаласынан келген хатты үйге жеткізді. «Сол жердегі ақындар әкеңді шақырып, хат жіберіпті», – деп түсіндірді шешеміз. Ол кезде біз қалам ұстағанның бәрін ақын деп есептейтінбіз. Ал Үрімші деген қаланың атын естісек те, оның қай жақта орналасқанын білмеуші едік. Бірақ қазақта «қара шаңырақ» деген үғым бар. Әкем қарашаңырақтың иесі болғандықтан отбасымыздың Үрімжіге көшуіне туыстар қосылмады. Ақыры үлкендердің шешімімен қара шаңырақ ауылда қалатын болды да, әкем Үрімжіге салт барып, қызмет істеуге аттанды.
Ол кезде Қытайда тұрмыс төмен, ауылдың жағдайы да қиын еді. Ауылдағы жалғыз дүкенге айында бір рет қана тауар келетін. Оның өзін қолында билеті барлар алатын. Әкеміз үлкен қалада жұмыс істейтіндіктен біз елдің баласы кимегенді киіп, жемегенді жеп өстік. Әкеміз келген сайын ауылдағылардың түсіне де кірмейтін неше түрлі затты әкеліп беретін. Қысқасы, біз өскен ауылда бірінші рет ағаштан әдемілеп жасап, әлем-жәлем киіндірген қуыршақ баламен ойнап, ішіне неше түрлі дәмдеуіш себілген конфет, печенье жедік, велосипедті алғаш біз тептік, қолыңа көтеріп кете беретін шағын радио аппарат біздің үйде болды.  Ел аузында бір кездегі жаудың баласы енді болған біздер жаһанды жалпағынан басқан байдың баласы атанып шыға келдік. Кешке қарай ауылдың маңындағы төбеге қалың бала жиналып, радио тыңдаймыз. Ол кезде әкеміздің есімі радиодан түспейді. Өлеңі оқылып, айтыстары беріліп жатады. Бала болсақ та мақтануды білеміз. Сондай кезде төбем аспанға бір-ақ қарыс жетпей тұрады.
Әлі есімде, Іле қазақ автономиялы облысының бірінші рет ұйымдастырған ақындар айтысы Алтай аймағының Болбадай жайлауында өтті. Әкемнің сол айтыста барлық ақынды жеңіп, бірінші жүлдені қанжығасына байлағанын радиодан естідік. Айтыс өткеннен кейін облыстың барлық ақыны бас қосып, біздің ауылға қонаққа келді. Ол кезде біз жеңіл көлікті көңке деп атайтынбыз. Анау алыстан қатар-қатар тізіліп, ауылға беттеп келе жатқан бір топ көңкені көргенде ауылдастар абыржып қалды. Айына бір-екі рет дүкенге тауар әкелетін жүк көлігі болмаса, тау сағалаған жұпыны ауылға мұндай көлік тізбегі бірінші рет келіп отыр. Әкем бастаған қонақтардың қарасы көрінгенде атам мені Қаракердің алдына мінгізіп, қонақтарды қарсы алуға барды. Ол кезде денсаулығы сыр беріп жүрсе де білдірмеуге тырысатын. Қалың ақын атаммен сыпайы амандасып, мені бірінен соң бірі көтеріп алып, бетімнен сүйіп, әбден әлпештеді. Танымал жазушы Сұлтан Мәжит ырымдап аузыма түкірсе, айтыскер ақын Буырылхан апам шалғайына орап, батасын берді.  Қалың ақын біздің ауылда бір апта қонақ болды. Күн сайын жыр-думан. Бір жағында ақындар айтысса, бір жақта балуандар күш сынасып, ат бәйгесі ұйымдастырылды. Құлжа мен Үрімші қаласынан арнайы шақырылған аспаздар түрлі тағам әзірлеп, ауылдастарды қызықтырды. Сол күннің естелігі мен жеген астың дәмі әлі күнге есімнен кетпейді. Бұл жаны жүдеп жүрсе де берекесін қашырмаған қазақы қасиеттің белгісі еді.
Өкінішке қарай, сол жолы атамның сырқаты ауырлай түсті. Ақындар Үрімшіге қайтқанда  әкем атамды қимай ауылда қалып қойды. Егер әкем сол жолы Үрімжіге кете бергенде өмірі басқаша өрілер еді. Атама деген адал перзенттік борышы атақ пен даңқты сырып тастады. Алайда әкем өмір бойы бұл шешіміне өкінген емес. Қайта өле-өлгенше атама деген құрметті қастерлеп өтті. Өмірде әкесіне деген шынайы сүйіспеншілікті қастерлеп өткен адам екеу болса бірі, біреу болса ол менің әкем еді. Кейде мен өзіме: «Адамгершілік пен атақ қатар келсе қайсысын таңдаймын?» – деп сұрақ қойып көремін. Алайда нақты шешімін айта алмаймын. «Әке көрген оқ жонар», – деген ғой. Әкемнің жолын қуатын шығармын.
Жұпыны ауылдың жұтаң тіршілігі әкемнің еңсесін әбден түсірді. Арада ауылдағы орта мектепке мұғалім болып жұмысқа шықты. Бірақ көкірек сарайы таяз, әпербақан, менменшіл жандардың қақпайына көп ұшырады. Әкемнің бір мінезі ешкімнің алдында жалтақтап, кішіреймейтін. Көңіліне жақпаса бетің-жүзің демей айтып тастайтын. Осы мінезімен де талай олжадан қағылды. Тағы бір жағынан қызыл өкіметке де сенбей өтті. Талай рет коммунистік партия қатарына өту туралы ұсыныс жасалса да өмір бойы партияға өтпей кетті. Ол да адымын аштырмай, артқа тартты. Кейде: «Егер мен осындай таңдауға бетпе-бет келсем не істер едім?» – деп сұрақ қоямын. Нақты жауап тағы да  айта алмаймын.
«Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады» дегендей, өмірден біраз жыл қағажу көрген әкем қайта орнынан тік тұрды. Оған 1988 жылы Қытайда халық мұраларын жинау, реттеу, халық қажетіне жарату мақсатында қолға алынған үлкен бастама себеп болды. Бұл міндетті біздің өңірде әкемнен басқа ешкім орындай алмайтыны белгілі еді. Сонымен 1988 – 1993 жылдар аралығында өлкені шарлап, қазыналы қариялармен сұхбат құрып, табанынан тозып жүріп, «Күнес ауданының қисса-дастандары», «Күнес ауданының аңыз-ертегілері», «Күнес ауданының өлең-жырлары», «Күнес ауданының мақал-мәтелдері» атты төрт кітапты жазып, баспадан шығарып, ел алғысына бөленді. Осыдан кейін, яғни, 1994 жылы «Күнес ауданының тарихи материалдары» деген желілес кітапты жазу міндеті жүктелді. Бұл кітаптарда қазақ тарихында ең алғаш ірге қалаған Үйсін патшалығынан тартып, бүгінгі Іле өңіріндегі елеулі оқиғалар жайлы тарихты түгендеген 10 кітап жазып, баспадан шығарды. Оның төртеуі қытай тіліне, бір кітап ағылшын тіліне аударылды. «Жылдар ізі», «Сарыкезең сазы» атты жыр жинағы, «Дода» атты айтыстарының жинағы, «Тарих талғарындағы тарландар» атты тарихи зерттеулер кітабы жұрттың ықыласына бөленген еді. Осы еңбектері арқылы Қытайдың Мемлекеттік сыйлығын еншіледі. Айта кетерлігі, әкемнің өмірінде ең алғашқы, ең соңғы, ең бағалы сыйлық осы біреу ғана. Бірақ әкем миллиардтар еліндегі екінің біріне әрең бұйыратын марапатқа ие болғанын айтып, мақтанып, шаттанғанын көрген жоқпын. Басқалар сияқты баспасөзге жазып, жарнамалаған да жоқ.
Әкем бала тәрбиесіне ерекше қатаң қарайтын. Біз үш бөлмелі жер үйде тұрдық. Біреуі ас үй, енді бірі жатын бөлме, енді бірі күн сайын үзілмейтін әкемнің достары мен анамның қонақтары түнейтін бөлме. Ас үйге екі жер үстел қойылған. Бірінде тамақ ішеміз, ал бірінде сабаққа дайындаламыз. Әкем үйде болғанда бізбен бірге жатып, бірге тұратын. Біз сабаққа дайындалсақ, ол кісі шығармашылықпен айналысатын. Әкемнің осы қасиеті балаларының бәріне дарыды. Бірақ әлдебір тапсырманы толық орындамай немесе кездейсоқ кемшілік жасасақ, оған бола ашу шақырып кінәламайтын. Күлетін де қоятын. Соның өзі өңменімізге қанжардай қадалатын.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары атажұртқа оралуды қанша армандағанмен, әкемнің рұқсатын ала алмай бес жыл күттім. Төлқұжаттың уақыты бітуге 15 күн қалған кез еді. Ол кезде бәріміз ержетіп, біріміз үйлі-баранды болсақ, енді біріміз алыс қалада оқуда жүрген кез. Бір күні әкем жетеуімізді үйге шақырды. Сол күні  Құран оқылып, тілеу тіленді. Кешкі астан кейін төрде отырған әкем маған қарады да:
– Сен шынымен Қазақстанға кеткің келе ме? – деп төтесінен сұрады.
Мен де:
– Иә, – деп жауап бердім. 
– Менің де, әулеттің де жалғыз ұлы сен  емессің, бірақ атаң сенен үлкен үміт күтетін. Атажұртқа барам десең бетіңді қақпаймын. Онда да алдыңның жарық сәуле шашылатыны  анық. Менің  өкінішімді қайталап жатсаң ешкімнен көрме, – деді.
– Иә,–  дедім.
Осы уәде мені әлі күнге алға жетелеп келеді. Әр қадамымды басқан сайын жаны жомарт, көңіл көкжиегі кең, пейілі шалқар адамдар алдымнан шығып, биікке жетелейді.  Әкем менің де, басқа балаларының да жетістігін көріп, немере-шөберелерінің маңдайынан иіскеп, көңілі жадырап өмірден аттанды. Әрине, аталарымыздың сүйегі жат елде қалса да әкеміз іргемізде жатыр. Жұма сайын зиратына барып, іштей рухымен сырласып, жетістігіммен бөлісіп қайтамын.
Қажет АНДАС
Алматы облысы