АҚЫН-ЖУРНАЛИСТ ҚАНАТ БІРЖАНСАЛ – 60 ЖАСТА

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1788
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қанатты көрсем, Хантәңірінің баурайын еркін жайлаған кешегі ерке мінезді тау қазағының шынайы бейнесі, сірә, осындай-ақ болған шығар-ау деген ойға шомамын. Қанатты көрсем өзі баладай аңғал, өзі данадай кемеңгер халқымның тау суындай кәусар көңілін көргендей мерейленіп сала беретінім де бір ғанибет.

Қанат Біржансал екеуміз 1983 жылы күзде бүгінгі әл-Фараби, кешегі С. Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскен кезде танысқанбыз. Содан бері, міне, арада аттай 39 жыл өте шығыпты. Қазақша қайырып айтқанда, бір-бірімізді қырық жылдан бері білеміз, жазған-сызғанымызды сырттай болса да назардан қалыс қалдырған емеспіз. 
Қанат – өзі жырға қосқандай, «Тәңір Тауға Тәңіріндей табынып» өскен арда перзенттің бірі. Оның мөлдір сезімінен мөлт етіп түскен әрбір шумақ пен тармақтан сыр аңдасаңыз, айналайын туған жерге деген шексіз махаббатын, айналасындағы адамдарға деген алғаусыз сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын, ізгі ниетін аңғарасыз. 
Сүйегіне сөз сіңген елдің баласы емес пе, біздің Қанатжан өзін тербетіп өсірген  ауылын асқақтата жырға қосқанда жүрдек қаламынан Нарынқол-Кеген өңірінің тауы мен өзені, шыңы мен шатқалы, аңғары мен кемері, аңы мен құсы, гүлі мен шөбі, күні мен түні де қағаберіс қалмағанын көріп, тамсана таңдай қағасыз. Арда ұлы өз өлеңіне атақоныс – құт мекенінің аялы жер-су атауларын аса бір елжіреген сезіммен қосқанынан-ақ оның елі мен жерін соншалықты сүйетінін сезінесің.
Иә, ол – нағыз ақын. Өлеңнің табиғаты мен талабын, қыр-сыры мен қисынын толық меңгерген Қанат Біржансалдың 11 буынды қара өлеңге келгенде қамшы салдырмайтыны өз алдына, 8 буынды, 9 буынды, 13 буынды өлеңді де таспадай өретіні сондықтан. Оған және Аспантаудың аясында, құз жартастың сағасында түлеген тау қыранының мінезі тән. Демек, қыран көңілді ақыныңыз бірде асқақтай шарықтаса, бірде құлдилай шүйіліп, діттеген ойын екі тармақтың арасынан суырып әкетеді де, серпіле көтеріліп барып оқырманының алдына тастай салады. 
Оның қаламы қарымды журналист екенін де ел мойындаған. Жазған әрбір мақаласы шебер соққан қаладай көркейіп көрінетінін ширек ғасырдан бері «Jetіsý» газеті арқылы облыс оқырманы жақсы біледі. 
Азамат ретінде 60-қа келген сәтінде де бойындағы еш өзгермеген ақ тілегі мен жайсаң жаны, аппақ ары өзінің «Сыр» деп аталатын өлеңінде жақсы көрініс тауыпты.
...Аялаған жандармыз ардақтыны,
Ондайлардың өмірде қалмас сыры.
Қолдан келсе әйтеуір адамдарға
Жасағым кеп тұрады бар жақсыны.
Жамандықты ойламас жатқа жаным,
Ізгіліктен білемін бақ қонарын.
Өзгермеген бойымда келе жатыр,
Ақ тілегім, ақ жаным, аппақ арым.
Жан жүрегім талпынып ізгі арманға,
Қуанамын қызғалдақ бүр жарғанда.
Бір-бірімен сыйласып, жақсы көріп,
Өтсе деймін адамдар бұл жалғанда,
– дейді Қанат Біржансал.
Иә, ол қолынан келсе әйтеуір айналасындағы адамдарға бір жақсылық жасағысы келіп тұратын тілегі ізгі, жаны аппақ ақын, журналист, азамат.
Бүгінде бәзбіреу менен: «Кеген-Нарынқол жақта кімің бар?» десе, «Қанатым бар» деп марқаям. 
Алпысқа келіп жатыр екен. Қуанышы құтты болсын. Ер сыйлаған есті әйел затының бірі саналатын айналайын Кеңескүл екеуі көрген, өбектеп өсірген перзенттерінен сүйген тәтті немерелерінің қызығына тоймай, болашағының баянды базарында бақытқа бөлене берсін! 
Әр нәрсені таңдап талмайтын қыран текті тау ұлының алдағы күндерде жазары таусылмайтынына, әлбетте, кәмілміз. Елінің абыройын жырға қосса да, қара сөзге сыр қып шертсе де, оңы мен солы бір батырдай салмақтанған кезінде ақын әрі журналист Қанат Біржансалдың жаны мен қаламына Алла қуат берсін деген ағалық ақ тілектеміз.

Рәтбек САҒИД-УАҺАС,
Қазақстанның Құрметті журналисі


Туған ел

Біргемін елім сендермен,
Жақсылығыңды көз көрген.
Жырымды жазып мөп-мөлдір,
Ән ұшырғанмын кеудемнен.
Көк шалғыныңды жастанып,
Қызғалдағыңды тергем мен.
Сырларың таныс  бұрыннан,
Жаныңды сенің ұғынғам.
Тынысым кеңіп қырыңнан,
Ләззат алғам нуыңнан.
Шөліркеп келіп әншейін,
Бұлақтарыңа жуынғам.
Дәміңді таттым қолыңнан,
Мейірім тауып жаныңнан.
Сәл ғана жырақ жүрсем де,
Кездерім көп қой сағынған.
Жұлдыздарыңа сыр ашып,
Нұрына айдың шомылғам.
Жырымды арнап саған мың,
Шаттығың болса барармын.
Береке-бірлік орнасын,
Ертеңгі күнге алаңмын.
Кешіңмен сенің нұрланып,
Таңыңмен әсем жаңардым.
Суыңнан мөлдір қанар дем,
Сырласам талай далаңмен.
Кеудеме орнап қалғансың,
Тауыңдай асқақ бағаңмен.
Бөлінбейтұғын бөлшектей,
Перзентің болып қалам мен.

 

Қар жауып тұр

Қар жауып тұр, аппақ бір себелеген,
Жүрегіме қондырып өлең өрем.
Мынау ғалам тұп-тұнық күйінде тұр,
Ақтығына ақ қарды теңеген ем.
Қар жауып тұр, аппақ қар қалбаңдаған,
Ақ жаныма қондырып ән қамдағам.
Көрсеткенде адамдар ақ көңілін,
Жақсылығын ғаламның армандағам.
Қар жауып тұр, ақ ұндай төгіліп бір,
Ақ көрпемен көз тартты көрініп қыр.
Моп-момақан даламның кең көңілі,
Ақтығымен жаныма сезіліп тұр.
Қар жауып тұр, жаңа күн бастап беріп,
Аппақ қармен жан біткен асқақ, көрік.
Мынау өмір, дүние, көңіл біткен,
Тұрса екен ақ қардай аппақ болып.
                   
Нарынқол

Нарынқол – құтты мекен, ырысты өңір,
Шайылсын ақ матадай күдік небір.
Кенелсе шаттығына жан жүректер,
Талпынсын көкке қарай күміс көңіл.
Нарынқол – сарқылмайды бал бұлағың,
Шуақты күндеріңмен балбырағын.
Байынқол арнасынан асып-тасар,
Төгілтіп өткен кезде жаңбыр әнін.
Нарынқол – шыршаларың, тауың қандай?
Жатады сай мен салаң барын қамдай.
Шырғанақ, сырлы қайың тербелгенде,
Тұрады жақсылығын жаным барлай.
Нарынқол – арайлансын асқақ әнің,
Ақ адал, кең пейілің досқа жаның.
Көргенде шекараны бағамдайсың,
Отанның осы жерден басталарын.
Нарынқол – жаның жылы, жүзің көркем,
Қырқаңда теріп жүр ме гүліңді еркем.
Кетпейді елің бар да ырыс-құтың,
Жайнай бер, атқан таңмен қызырлы өлкем!

Сағыныш

Ақ әлемге қарадым жанымды алмай,
Аппақ қарға дүние малынғандай.
Көз алдыма қырмызы гүлдер келіп,
Жан жүрегім көктемді сағынғандай.
Құрсаулап тұр аязбен қыста бүгін,
Бозарып бір көрінер шықса күнің.
Ақ көрпесін қымтаған тауға қарап,
Аңсадым мен ғажайып құстар үнін.
Қыс ызғарын ысырып қамап кірген,
Жыр дәптердің парағын жаңа аштым мен.
Аппақ қарға қызыға қарадым да,
Көз алдыма қыр гүлін оралттым мен.
Ұзақ таңын сарыла тағы күттім,
Ұясынан шыққандай қамығып күн.
Құшағына оранып ақ әлемнің,
Шыныменен көктемді сағыныппын.

 Ән салшы, Роза

Аққулар ұшып даламен,
Ғашық бір көзбен қарар ең.
 Әніңе ғана елітіп,
Тұрғандай мынау бар әлем.
Көңілдің гүлі ашылып,
Мөлдіреп бұлақ шашылып.
  Тұрғандай сенің әніңе,
Қызғалдақ біткен бас иіп.
Сәулесін төгіп қырларға Ай,
Қиылып Күнім тұрғандай.
Әсем ән қалқып барады,
Аққу бір мойнын бұрғандай.
Таңыңды әсем қарсы алшы,
Әлемге әнмен жар салшы.
Әніңді сүйген еліңе,
Ән салшы, Роза, ән салшы!
Еліктің лағындай 
Арайлы ыстық таңымдай тегі,
Жақсы көремін жанымдай сені.
Жақсы көрмейтін жан да жоқ шығар,
Еліктің көркем лағындай сені.
Жаныммен жазып сезім жырымды,
Әнге бөледім көңілді мұңлы.
Жүрегіме әкеп қондырып қойғам,
 Өшпестей етіп сенің жүзіңді.
Жинадым аппақ сезім гүлдерін,
Ойлармен кейде көзімді ілмедім.
Жаныма менің демеу боп тұрар,
Өмірде мынау сенің жүргенің.
Сезіп те жүр ғой жазмыш бәрін,
Қалса да мейлі қамығып жаным.
Көрсем деп  жүрем, көрмесем ұзақ,
 Сары тап болып сағыныштарым.
Гүліне толса дала қаулаған,
Жаз болам жақұт жағалаулардан.
Жырымды жазып жүрсем болғаны,
Жүрегімменен  саған арнаған.

Қос аққу

Күтпеген бір ғажайып көрінгендей,
Қуандым, қуанышым көңіл керней.
Қос аққу шағын көлді мекендепті,
Қарадым өз көзіме өзім сенбей.
Айналаң тұнып тұрған өлең екен,
Жүрегім қуана жыр тере ме екен?
Жүзіп жүр айдын көлдің қос еркесі,
Не деген керемет ең, керемет ең!
Байландым сұлулықтан шеттермін бе,
Айналды далам күйге, көктем гүлге.
Әп-сәтте көлге біткен қос аққумен,
Құлпырып мынау ғалам кеткен мүлде.
Жүрегім ғажайыпқа құлыпталды,
Жанымды  шуақ сезім жылытқан-ды.
Қос аққу махаббаттың белгісіндей,
Мөлдіреп көз алдыма тұнып қалды.
Ойымды ізгілікпен өріп өстім,
Жақсыдан Алла ұсынған жерімек кім ?
Тіледім үркітпесе екен деумен,
Қос аққу, осы жерден сені ешкім.
Айдын көл мүсініңді көркемдеген,
Тұнып тұр бір өзіңмен өлкемде өлең.
Қос аққу қатар жүзген айдындағы,
 Не деген сұлу едің, еркемдей ең.
Жатсынба, жерім менің, барыңды ұсын,
Жанарым сұлулыққа таңылды шын.
Жүрейік сағынғанда сені көріп,
Тал мойын, аппақ қанат, ару мүсін.
Кетпейді осы көлге күн бұрылмай,
Өмір бар мұнда өшпес жыр-ғұмырдай.
Қос аққу, жүзіп қана жүрші аман,
Сезімнің, сұлулықтың символындай!

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауылы
Алматы облысы