ЖЫРТЫҚ ШАПАНЫҢДЫ ЕСІККЕ ІЛІП ҚОЙ! ӘКЕ ӨСИЕТІ МӘҢГІЛІК ЖАДЫМДА!

Уақыты: 19.08.2022
Оқылды: 2705
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әкем жайлы сөз қозғасам, оның мейірбандығымен қатар адал, еңбекқор, көкірек көзі ашық, ұрпағына үлгі боларлықтай тағылым берген, жастайынан кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа, ешкімнің ала жібін аттамайтын адалдыққа, білім-ғылымға құштарлыққа үйреткен абзал жанның бейнесі көз алдыма келеді.

Ардақты әкем Досбосын Нұрмұханбетұлы 1942 жылғы 20 тамызда қазіргі Жетісу облысы Ескелді ауданы Екпінді (Өрқусақ) ауылында дүниеге келген. Ол қарапайым малшылар отбасында туған. Әкем марқұм ауылда қарапайым жұмысшы болып қызмет етсе де, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлт тарихын, мәдениетін, әдебиетін терең білетін, яғни, рухани дүниесі бай, қазынаға толған шежірелі жан еді. Тірі күнінде бізге айтқан әңгімелеріне қарағанда, әке-шешесінің мал бағуына байланысты ол кісі 7-сыныпқа дейін ағайын-туыстарының қолында жүріп оқыған екен. Өмірдің сол кездегі жағдайына байланысты ерте жастан мал бағуға көмекке кетіп, мектепті толығымен тәмамдауға мүмкіншілігі болмапты.

1964 жылы әкем әскер қатарына шақыртылып, азаматтық борышын Ресей Федерациясына қарасты Новосибирь қаласында атқарыпты. Туған елге оралғаннан кейін Талдықорған қаласындағы кәсіптік-механикаландыру курсын бітіріп, механизатор мамандығын алған. Оқуын бітіргеннен кейін өзі туып-өскен ауылында жұмыс істейді. 1968 жылы Жетісу ауылының тұрғыны анам Күлданамен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Анам Күлдана Бейісбекқызы өмір бойы Жетісу ауылында есепші болып қызмет атқарып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Отбасылық жағдайға байланысты әке-шешем Жетісу ауылында тұрды. Әкем осында механизатор болып жұмысын жалғастырды.

Әке-шешеміз отау құрғаннан кейін өмірге – мен, Асхат және Ақан атты үш ұл келген. Әкем мен анам өздерінің бойындағы бар асыл қасиеттерін салып, балаларын жоғары зейінмен тәрбиелеп, бәрімізді оқытып, өз жолымызбен қызметке орналастыра білді. Тау тұлғалы асыл жандар бала тәрбиесінде өте қатал болды. Тек іштей ғана сүйсініп қарайтын, онысын анда-санда ғана көрсететін.

Асқар таудай әкем еңбек ете жүріп, арнаулы білім алды. Тағдыр тауқыметі мен өмір ауыртпалықтары жас жігітке жоғары білім алуға мүмкіндік бермеді. Әкем түсіне білгендер үшін өмір академиясында үздік оқығандардың қатарынан табылған жан. Қай жұмыста жүрсе де, ғұмыр бойы қолынан газет-журнал мен кітап түспепті. Тіпті, өмірінің соңғы күндеріне дейін кітапты сүйіп оқыды. Елдің аузынан естіген бұл сөздерге де асыл азаматтың демі таусылардан ай бұрын ғана қара шаңырағының ауласында кітап оқып отырғаны осының дәлеліндей.

Әкем балаларына жастайынан Отанға адал қызмет етудің қасиетті борыш екендігін, маңыздылығын түсіндіріп, адамгершілікті ту етіп ұстап, балаларының азамат болып қалыптасуына айрықша ықпал етті. Отанды, ел, жерімізді қорғаудың құндылықтарын баяндап: «Әрқашан өз Отаныңның нағыз жанашыры, қорғаушысы болып еліңе қызмет ет!» – деп өміршең өсиеттерін құлағыма құйып өсірген еді. Әке өсиеті жадымда күні бүгінге дейін жатталып, өміріме бағдаршам болды десем, артық айтқандық емес. Оның терең ақылы мен асыл өсиеттері өмірлік азық болды.

Ата-анам ерінбей үйретіп, үздіксіз қадағалап, сүйреп жүріп оқытты. Оны кезінде толық түсінбесек те, қазір біз сол бір тау тұлғаларымыз берген өнегелі тәрбиенің арқасында біраз биіктерге қол жеткіздік. Егер сол кісілер «оқы» деп айтпаса немесе қатаң тәрбие бермесе, оқымай қалар ма едік, кім білсін? Арқа сүйер әкеміз бен ардақты анамыздың берген тәрбиесі мен «оқы, оқы» деп оқытқан еңбегінің арқасында үш ұлы да бірнеше жерде жауапты қызметтер атқарып, қазір сол оқығанымыз бен алған тәрбиеміздің арқасында алдымыз зейнеткерлікке шығып, қызығын көріп отырмыз.

Мен Ресей Федерациясының зениттік-зымырандық жоғарғы командалық әскери училищесіне түсіп, аталған оқу орнын 1991 жылы аяқтап, алғашқы офицерлік «лейтенант» атағын алып шықтым. Офицерлік қызметімді Ресей Федерациясына қарасты Самара қаласында бастап, 1993 жылы Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметімді жалғастырдым. Бүгінгі таңға дейін осы салада жемісті қызмет атқарып келемін. Ардақты әкенің берген батасы мен тағылымының қасиеті болар, осы уақытқа дейін қызмет еткен әскери мекемелердегі қызметтестерім өз бағаларын беріп, достық қарым-қатынасымызды әрдайым тілге тиек етіп отырады.

Уақыт өте келе Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына басшы болып тағайындалғанда әкем жұмыс орныма арнайы келіп: «Балам, мына жерді саған ешкім мәңгілікке берген жоқ, бұл жер сенің өзіңнің жекеменшік мекемең емес, сондықтан адамдарға қызмет ет, анау есіктің тұсына жыртық шапаныңды іліп қой, қайдан шыққаныңды әрқашан ұмытпа, алдыңа келген адамдардың бетін қайтарма», – деп дарқан даладай кең жүрегімен, ойлы, кемеңгерлікке толған нұрлы жүзімен үн қатып, тәлімге тұнған биік бейнесімен жүрегімде мәңгілікке орын алды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «генерал-майор» жоғары әскери атағын алдым. Отан алдындағы абыройлы қызметі мен қажырлы еңбектің арқасында 2005 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталсам, 2021 жылы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен награтталдым. Одан басқа да тәуелсіз еліміздің және шет елдердің жиырмадан астам медаль иегері атандым. Сонымен қатар, әскери ғылымды дамытуға да өзіндік үлесімді қосып келемін. 2016 жылы «Техника ғылымдарының магистрі» атанып, 2021 жылы философия докторы (PhD) ғылыми атағын қорғадым.

Бір сөзбен айтқанда, отандық әскери ғылым саласының дамуына бар қажыр-қайратымша үлес қосып келе жатқаным ата-анамның тәрбиесі мен бағыт-бағдары деп білемін. Менен кейінгі інілерім Асхат пен Ақан да түрлі салада абыройлы қызметте, бір-бір шаңырақтың үлгі тұтар тірегі, бәйтерегі. Бүгінде әке тағылымымен, ана тәрбиесімен өскен ағайынды үшеуміз де үйлі-барандымыз. Ұл-қыздарымыз өмірде өз орындарын тауып, "кірпіш дүниенің кетігін тауып", қаланып жатыр. Өскен, өнген әулетке айналдық, бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!

«Орнында бар оңалар» дегендей, әкем мен анамның ұлағатты, парасатты тәрбиесін көрген балалары ұрпақ сабақтастығы бойынша бала-шағасын тәрбиелеп, ардақты ата-анамыз салған сара жолды жалғап келеміз. Әкеміз де, шешеміз де оқыған-тоқыған, көздері ашық адамдар еді. Олардың берген тәрбиесі біздің өміріміздің бағдаршамына айналды десек қателеспеймін.

«Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, әкенің балаға үйретері көп. Әкем әр баланың саналы тәрбие, сапалы білім алуына ерекше мән берген. Тіпті, әрқайсының әр жылдардағы және әр жерлердегі отбасылық демалыстарына да уақыт таба білген. Немерелерінің оқу орнына бару мен қуаныштарын бөлісуге де ата ретінде ерекше көңіл бөліпті. Тау тұлғалы әкенің бойындағы сансыз қасиеттің ерекшелігі де міне, осында екен. Оны көре білу керек, сезіне білу керек және қабылдай білу керек. 

Биыл ақылман әкемнің өмірден озғанына бір жыл, анамның бақиға сапар шеккеніне табаны күректей он екі жыл уақыт өтіпті. Қанша уақыт өтсе де, ардақты әкем мен аяулы анашымның есімдері ұрпақтары барда мәңгілік ұмытылмайды.

Асқар МҰСТАБЕКОВ,

ғылым докторы, генерал-майор,

Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы әскери атташесі