САРҚАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 53 ЖАСҚА ҚАРАҒАН ШАҒЫНДА ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ

Уақыты: 04.09.2022
Оқылды: 1520
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бүгін Cарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков 53 жасқа қараған шағында өмірден озды.

"Талғат Қанатұлы еңбек жолында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Текелі және Қапшағай қалаларының әкімі қызметтерін атқарған. 2020 жылдың мамыр айынан Сарқан ауданын басқарды. Ол адамгершілігімен, кәсіби қасиеттерімен ерекшеленетін. Қай істің тізгінін қолына алса да өте елгезек және жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын жан еді. Қайғылы жағдайға байланысты марқұмның отбасына, туыс-туғандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз", - делінген Жетісу облысы әкімдігі таратқан хабарламада.

Талғат Қанатұлы 1969 жылы 17 қазанда Сарқан ауданының Новопокровка ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі және қосымша мемлекеттік құқық, 2004 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін "экономист" мамандығы бойынша оқып бітірген. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Президенті аясындағы Мемлекеттік басқару академиясын "мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Талғат Қайнарбеков алғаш еңбек жолын Сарқан ауданы Көкөзек орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1987-1989 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеген. 1990-1996 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде оқыған. Одан кейін Сарқан ауданы Қарғалы орта мектебінде тарих және мемлекеттік құқық пәнінің мұғалімі, «Эльдорадо» ЖШС менеджері, Талдықорған қаласы әкімі аппараты өнеркәсіп, көлік және байланыс бөлімінің бастығы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Текелі қаласының әкімі, Қапшағай қаласының әкімі, Сарқан ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"