ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА МӘНШҮК МӘМЕТОВАНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 14.10.2022
Оқылды: 3827
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Шымыр ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепте қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған үлкен рухани шара  өтті. Сонымен бірге, биыл ауыл мектебінің ашылғанына 90 жыл, алтын ұяның қайсар қыз есімін иеленгеніне 60 жыл толып отыр.

Білім ошағындағы Отан үшін от кешкен жанның ерлігі мен өрлігін, елі мен жерін сүйетінін паш еткен, жас ұрпақты да соған үндейтін басқосуға жиналғандар патриоттық шараны қан майданда ерлікпен қаза тапқан бабалардың рухына тағзым жасап, мәңгілік алауға гүл шоғын қоюдан бастады. Әскери киім киген жас сарбаздар Мемлекеттік Туды әкеліп, Гимн шырқалды. Батыр қыздың есімін асқақтату арқылы өздерінің де туған ел мен өскен жерге қызмет етуге дайын екендіктерін байқатты.

Ескелді аудандық  мәслихатының хатшысы Қанат Сатанов, Шымыр ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Ерназар Айтқалиұлы, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шолпан Жақанова жүрекжарды тілектерін арнап, өскелең ұрпаққа Мәншүк Мәметованың ерлігі жайлы айтып берді.

Қадірменді қонақтардың тілегінен кейін мектеп оқушылары шағын көрініс қойды. Қан майданда фашистік Германияға қарсы тұрған отандастарының алғы сапында болған және өшпес ерлікпен дараланған  Мәншүк Мәметованың рөлін сомдаған оқушылар келген жұртты тәнті етті. Нағыз қазақ қызының бойындағы қайсарлық пен батырлықты тап басып бейнелеген оқушылардың өнері жүректі сыздатып, тұла бойымызды шымырлатты. Үш бірдей атаулы күнге орайластырылып өткен мерекеде мектеп оқушылары белсенділіктерімен көзге түсті. Патриоттық әндер орындалып, кешті тамашалаған қонақтарға үлкен әсер сыйлады. Сонымен қатар, Мәншүк Мәметованың туған өлкесі Орал өңірімен бейнебайланыс орнатылып, батыр қызды зерттеп жүрген мұражай қызметкерлері құттықтау жолдады. Кеш қонақтарына тарихи деректерден сыр шертті.

Мектеп директоры Раушан Мейірбекова салтанатты жиыннан кейін келген қонақтарды фойеде қойылған сурет көрмесімен таныстырды. Бірнеше тақырыпқа бөлінген мәдени кеште «Қазақтың қаһарман қызы» атты тақырыпта ұйымдастырылған кітап көрмесі де көптің көңілінен шықты. Мектепішілік мереке аясында «Мәншүк Мәметова қазақтан шыққан әйгілі пулеметші», «Қазақтың қайсар қызы» тақырыбында ашық тәрбие сағаттары өтіп, «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты патриоттық әндер байқауымен жалғасты. Бір күнде бірнеше шараны қолға алған мектеп ұжымы «Мәншүк – халқымыздың батыр қызы» тақырыбында аудандық әскери-спорттық спартакиада да өткізді. Оған ауданның 7 мектебінен оқушылар қатысып, әскери-спорттық жаттығудың 6 түрінен сынға түсті.

1932 жылы құрылған шағын ғана мектеп бүгінде заман талабына сай үлкен білім ордасына айналып отыр. Білім ошағында 70 ұстаз қызмет атқарса, 500 оқушы білім алады. Батыр қыздың есімін арқалаған білім ордасының көрсеткіші жаман емес. Өткен жылы 3 түлегі үздік аттестат алып, ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсеткен. Ал жалпы аудан ҰБТ деңгейі бойынша 74,3 пайызға қол жеткізген.

Орта мектептен түлеп ұшқан түлектер бүгінде республиканың әр түпкірінде түрлі қызметтер атқарып жүр. Мектеп ұжымы заң, білім, медицина, спорт саласында өзіндік қолтаңбасы бар шәкірттерімен мақтанады. Сондай үздік оқушыларының бірі –  ҚР Қаржы министрінің орынбасары Данияр Жаналинов.

Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай өткен патриоттық-мәдени шараға мектепті бітіріп кеткен түлектер демеушілік жасаған. Кеш соңында батыр қыздың рухына арналып ас берілді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Ескелді ауданы,

Жетісу облысы