Тілдік орта керек

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1265
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ тілі заңды тұрғыда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Алайда ғылым мен техникадағы, ұлтаралық қарым-қатынастағы рөлі әлі де қолдауды қажет етеді. Мемлекеттік қызметкерлердің толығымен қазақ тілді азаматтар болғанына қарамастан іс-қағаздар айналымы, құжаттамалардың орыс тілінде жүргізілуі толастамай тұрғандығы жасырын емес. 

Әсіресе, мемлекеттік органдарда іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшірудің үлкен стратегиялық маңызы бар. Себебі, қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын мемлекеттік органдар арқылы басқарылады. Сондықтан жергілікті атқару құрылымдарындағы мемлекеттік тілді орнықтыру жұмысын түпкілікті әрі нәтижелі жүргізуге баса көңіл бөлінсе, онда нақты жетістікке қол жететіні анық. Ең бастысы, мемлекеттік тілде іс жүргізудің материалдық-техникалық базасын жасау сияқты аса маңызды іс-шаралар тиісінше қамтылған жағдайда  тілдің пәрменділігі артады.
Бүгінгі қоғамда кейбір келеңсіз жағдайларды туғызып отырғандар – ана тілінен нәр алмағандар. Шындығында, өз тіліңді ұмыту – өз тегіңді жоғалтумен пара-пар. Тіл, тіл деп  жалықпай айтып жүргендердің тегін еместігін түсінетін уақыт жетті. Тілімізді құрметтеу арқылы  біз бәріне жетер едік. Егер бәріміз ана тілімізді жақсы білсек, барлық нәрседен ұтар едік деп ойлаймын. Тіл болмаған жерде ұлттық тәрбиенің ақсайтыны да анық.
Тіл – ұлт руханияты мен зияткерлігі биіктігінің жарқын көрсеткіші. Ол – ұлт тарихы, ұлт тағылымы, ұрпақ бойына елжандылық рухын сіңіретін киелі ұғым. Тілге қатысты барлық қордаланған мәселелерді оңай шешу үшін оған кешенді түрде, ғылыми тұрғыдан, шығармашылық сипатпен келген абзал, негізгі мәселе – тілдік ортаны құру. Ол үшін қазақ ұлты қазақша сөйлеу керек. Мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті деп есептеймін.


Ардақ БАЙМҰҚАШЕВА,
Көксу аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.