ТАЛДЫҚОРҒАНДА НҰРТІЛЕУ ИМАНҒАЛИҰЛЫНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Уақыты: 08.12.2022
Оқылды: 2899
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алаштың біртуар азаматы, жампоз журналист Нұртілеу Иманғалиұлын білмейтін жан кемде-кем! Ақпарат саласының қара нарына айналған бірегей тұлға көзі тірісінде ел руханиятына сүбелі үлес қосып, қазақ тележурналистикасының қалыптасуына бар қажыр-қайратын жұмсады. Терсіңді еңбек, телегей тер шүмектетіп еңбек еткен ол мұхит бауырынан маржан сүзгендей мыңжылдықтардан бергі құндылықтарды журналистік қарымы мен дарынына ұштастырып, ұлт перзентіне айналды.

Ғасыр қалаптастырған, жылдар сомдаған тұғырлы тұлғалар сапынан осылайша ойып орын, теуіп тұғыр сайлаған Нұртілеу Иманғалиұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Бай-қуатты болайық!» көрмесі ұйымдастырылды.

Арқа төсіндегі ажарлы Астанамыздан бастау алған игілікті шараның жалғасы Семей, Шымкент, Атырау, Ақтауда өткен болатын. Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде жыл бойы өткен көрменің қорытындысы ретінде ұйымдастырылған шара шымылдығын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтау сөзбен ашты.

– Нұртілеу ағамыз журналистика саласында лайықты орны бар, өзіндік сүрлеу-соқпағын қалыптастырған кәнігі маман болатын. Оның есімі ел арасында айтылса болды, қалың жұртшылық Нұртілеу Иманғалиұлының өзі жүргізген телевизиялық туындыларын «Бай-қуатты болайық!» деп аяқтайтынын бірден еске алып жатады. Оған да негіз бар. Себебі, болмыс-бітімі осы ұғыммен әбден астасып тұратындай еді. «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» секілді авторлық хабарлары көрерменнің үзбей көретін бағдарламаларына айналды. Сол арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, алғысын арқалады. Өмірінің соңына дейін Қазақ телевизиясының тұтас бір буынын тәрбиелеп, журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты десем, артық айтқандық емес, – деген аймақ басшысы өз кезегінде әріптес болып қызмет еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті.

Жампоз журналистің адамгершілік қасиетін, парасаты мен биік ұстанымын әңгімеге арқау етті. Сонымен қатар, Нұртілеу Иманғалиұлының зайыбы Қарлығаш Советбекқызы мен көрмені ұйымдастыруға атсалысқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиевке Алғыс хат табыс етіп, иығына зерлі шапан жапты.

Өз кезегінде сөз алған Атырау облысының Құрметті азаматы Амантай Берғалиев, тұлғаның зайыбы Қарлығаш Советбекқызы, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қабанбай батыр» қорының төрағасы Камал Абдрахманов сөз сөйлеп, бірегей тұлғаның ғибратты ғұмырынан сыр шертті. Ал жетісулық ақын Зирагүл Нұрданбекқызы кемел ойлы журналистке арнаған өлеңін оқыды.

Жетісу облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен және М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының бастамасымен өткен бұл көшпелі көрмеге барлығы 200 экспонат қойылған. Нұртілеу Иманғалиұлының көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары, жұмыс құралдары, спортта жеткен жетістіктері, қызметтік куәліктері, кітап, сағаттары сынды жеке заттары көрермен назарына ұсынылды.

Айта кетсек, аталмыш көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 7–30 желтоқсан аралығында тамашалай алады. Сонымен қатар, тұлғаның есімін туған жерінде мәңгілік қалдыру мақсатында келесі жылдан бастап игілікті істер қолға алынбақ. Алдымен майталман журналистің өмірі мен шығармашылығы туралы толымды кітап жоспарда тұр.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы