АЛАСАРМАС АСҚАР ТАУ: ЖАН ӘКЕМ, БӘЙТЕРЕГІМ НОҒАЙБЕК ХАСЕНҰЛЫ 70 ЖАСТА!

Уақыты: 13.01.2023
Оқылды: 2430
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам өміріндегі тәрбиенің негізгі ұйытқысы ата-ана екені рас. Баланың ой-санасының жасынан қалыптасуы, тілі, дәстүрін ұғынуы, айналаны тану мәдениеті барлығы да отбасынан бастау алады.

Мен өскен, ұшқан ұя - өзінің біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттыру жолында жалықпай ізденіп, үнемі алға жылжып отыратын педагогтар отбасы. Шаңырақтың иесі әкеміз де, отбасы ұйытқысы анамыз да мәртебелі мамандықты таңдаған мұғалімдер. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің дипломын қолдарына алып, отбасын құрып, еңбек жолын ауыл мектебінен бастап, тынымсыз еңбектің арқасында абырой биігіне көтеріліп, бүгінде әкеміз мерейлі 70 жасқа жол тартып отыр.

Әкеміз Ноғайбек мұғалімдіктен мектеп директорлығына, аудандық білім бөлімінің инспекторы, ауыл әкімі, аудандық білім бөлімінің басшысы, халық депутаттары ауылдық кеңесінің депутаты, аудандық мәслихат депутаты сияқты белді қызметтер атқарды. Түйткілді мәселелерді шешіп, реттестіріп, кіммен болсын дипломатиялық қарым-қатынас орната білетін әкемді басшылық ауданның қай ауылында мәселе бар, мектепті дамыту керек пе, ауылды дамыту керек пе, деген сауалдар күн тәртібінен түспейтін, қиындық туындаған жерге жіберетін. Ал біз болсақ, бала-шаға болып үйренген жерімізді, оқып жатқан мектебімізді қимай, көз жасымызды сығып алып, көшіп-қонуға жиналатынбыз.

Өз басым бір мектепте 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқып, бітіретіндерге қызығатынмын. Оны айтсаң, әр ауылда тұрғанның пайдасы достарың көп болады деп қоятын. Десек те, әр ауылдың салты, жөн-жоралғысы бір-біріне ұқсамайтын. Ауылдардан  көріп білген, көкейге түйген ерекшеліктерде болды.

Мәселен, 5 жасымда әкем Шошанай ауылындағы мектепке директор болып ауысты. Аудан орталығында барып жүрген балабақшаны тастап, балабақшасы жоқ ауылға көштік. Әке-шешем таңертең мені көрші Нұрша апаға табыстап, өздері мектепке кететін. Апамыз мені немересі Айдармен бірге ертіп жүретін. Сол кезде ең алғаш «наурызкөже» дегенді естідім.

Наурыз мерекесінің бүгінгідей тойланбайтын кезі. Бірақ наурыз-сәуір айларында ауыл тұрғындары көше-көше болып көже дайындап, бүкіл ауылды шақыратын. Нұрша апаға еріп жүріп, қаймағы бұзылмаған қазақ салтымен ең алғаш осылай таныстым. Бастауыш сыныпты бітірер тұста Дардамты ауылына әкем әкім болып тағайындалып, сонда көштік. Әкем ұжымшар жұмысы ғана емес, ауылдың мәдениетін көтеруге ат салысты. Өнерлі жастарды жинап, оркестр құрып, ауыл-ауылды аралатқызып концерт ұйымдастыратын. «Ауыл кеші көңілді» деген тіркес сол ауылға арналғандай еді. Мен де солармен ән айтып, «әнші балапан» атандым. Домбыра үніне қосылып, сылдырмақ соғып, мүйіз қағыстыру (әкем сиырдың екі мүйізін бояп, лактап жалтыратып берген) негізгі қызметім еді. Әкемнің ойы аздап өнерге жақын мені ертеден ел алдына шығуды, қысылмай, еркін ұстауды үйрету екен.

Ауыл өнерпаздарымен бала кезден араласқанымның пайдасы, жоғары сыныпта Қырғызсай ауылына көшіп келгенде тиді. Әкем мектеп директоры. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, өнерлі оқушыларды топтастырды. Концерт сценариін жазу, концерт жүргізу менің міндетіме кірді. Аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдік. Бүгінде ауылымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевтан үміт күтіп, барынша байқаулардан қалдырмайтын. Бұ да, әкемнің талантты ертеден тануы болса керек.

Әкім болып тұрған кезде Алматыдан атақты әртістер ауылға жиі келетін. Қонақтарды күтіп алып, орналастыратын қонақүй, тамақтандыратын кафелер жоқ. Оларды бірден үйге алып келетін. Есімде қалғаны Р.Бағланова, Н.Нүсіпжанов, М.Ілиясова, М.Жүнісовалар кезек-кезек келіп, кешке ауыл клубында, концерттен соң үйде концерт қоятын. Көрші-қолаң жиналып, бірге ән салатын. Оркестр, ансамбль келсе үйді-үйге бөліп, түсіретін. Бір жолы ауылға атақты ақындар О.Сүлейменов пен М.Шаханов келгенде, клубқа адам сыймай, оларды сыртқа шығарып өлең оқытқаны есімде. Әкемнің өнер адамдарына деген құрметі, бір жағынан таңнан кешке дейін ұжымшар жұмысынан босамайтын ауыл адамдарының көңілін серпілтуге тырысатындығы байқалатын.

Мектеп кезінен-ақ әдебиетке жақындығымды сезіп, Дәулет Кәрібозұлына табыстап, әдебиет пәнінен мен оқитын сыныпқа сабақ бергізді. Дәулет ағай жырларды жатқа оқып, көркем шығарманы талдату жолын үйрететін. Университетті жаңадан бітіріп келген Ақылбек Солтанқұловта әдебиеттегі тың мәліметтермен таныстыруға тырысатын.

Бір жолы әкем сабағыма қатысты. Сабақ барысында «Алпамыс» жырын талдадым. Сабақ аяқталғанда Дәулет ағайдан мен туралы ақырын сұрады. «Қызың дайын студент қой, уайымдама» дегенін естіп қалдым. Әкемнің үмітін ақтау үшін, барынша тіл мен әдебиет жағынан өзімді ұштауға бел будым. Облыстық «Жетісу», аудандық «Іле шұғыласы» газетіне тырнақалды мақалаларым шыға бастады. Белгілі журналист Баян Мамырбаевадан келген жас қаламгерді қанаттандыратын хаттарды қайта-қайта оқып, қуанышымда шек болмаушы еді.

Осы арада әкемнің достарын айтпай кетуге болмас. Бір-бірінің қуанышына да, қайғысына да ортақ жолдастары: Байжұма, Әлмақын, Иса, Рысбек, Жанет, Мамытқан ағалардың орны ерекше. Жұп-жұптарымен сондай жарасымды көрінетін. Әрқайсысы түрлі қызметтерді еңсере жүріп, ауданды дамытуға еңбек сіңірген тұлғалар десем де болады. Олар үйге келгенде біз балалар үлкенімізден бастап тілек айтып, ән айтып баталарын алатынбыз. Олар әңгіме барысында ауыл ғана емес, ауданның түрлі өзекті мәселелерін көтеретін. Жұрт алдында сөйлеу, ойыңды жүйелеп жеткізуде әкемнің достарының әсері болды десем, артық айтпаспын.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөз бар. Мен ғана емес, үйдегі бес бала бес түрлі мамандық алсақ та, ауданның бес ауылында туып, өссек те, алған әсерлеріміз, ойға түйген нәрселеріміз жадымызда. Бойымызға ең алдымен отбасына деген, мамандығымызға деген жауапкершілікті дарыттық.

Әкеміз бен анамыздың еңбектері ескеріліп, түрлі марапаттар алды. Маған ыстығы екеуінің де педагогикалық қызметіне алған Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісі еді.

Әкем Ноғайбек Хасенұлы анамыз Райса Тұрсынбекқызымен түрлі қызмет атқара жүріп, бала-шағасын өсіріп, немере сүйді. Мемлекеттік қызметтен зейнетке шыға сала, тынбай еңбектеніп, заманауи үлгіде жекеменшік балабақша ұйымдастырып, енді ауыл балаларына да қамқорлық танытып отыр. Осы орайда әкемізді 70 жас мерейтойымен құттықтап, анам екеуіңіз ұл-қыздарыңыздың қуанышына кенеліп, ұзақ өмір сүрулеріңізге тілектестік білдіреміз!

Лаура НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,

А.Құсайынұлы атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Астана қаласы