БАЛАНЫҢ БЕСІГІ - КЕҢ ДҮНИЕНІҢ ЕСІГІ

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 3921
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Дүние есігін енді ашқан  немересі ата жолымен жүрсін деген ниетпен таңсәріден тұрып, көптен бері қолданусыз тұрған бесікті ескі заттар ішінен іздеп, әзер тапқан әже қуана көтеріп үйге енді. «Сыры кетсе де сыны кетпеген» қасиетті бесікті майлап-сайлап, қажетті заттарын орналастырып, немересін жатқызуға асығып-ақ баққаны. Ұйқыда жатқан келінін ерте оятып, нәрестені алып келуді бұйырды. Алайда  енесінің бастамасына қуана қоймаған келін: «Баламды қымтап, матауға жол бермеймін, өзіңізді бір орыннан қозғалтпай, сағаттап таңып қойса қалай болар еді?», – деп қасарысты. Бүгінгі медицина баланы еркін ұстауға кеңес беретіндігін, тіпті, жаялыққа да орауға тыйым салатындығын айтып шаптықты. Ал, көпті көрген ана бесіктің тазалығы мен баланы жастан төзімді етіп тәрбиелеуге қосатын үлесін айтып жеткізуге тырысты. Бірте-бірте осы дауға қосылған үй ішінің басқа мүшелері де әженің өмірлік тәжірибесін ескерместен баланы бесікке бөлеуге қарсы екендіктерін айтып, талай ұрпақ өрбіткен кейуананың сөзіне құлақ аспады. Немересін бесікке бөлеймін деген үміті жаншылған әже бос бесікті шаң басып қатталған ескі заттар арасына қайта апарып, амалсыздан, қимастықпен орналастырды. 

Ел боламын десең...
Міне, атадан балаға мирас болған қасиетті бесіктің қазіргі көрінісі бұл. Бірді-екілі бесіктің қасиетін түсінген адам болмаса, көпшілік оның киелі мүлік екендігін ұмыта бастаған. Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-аналар да жоқтың қасы. Тіпті «бесік зиян» дейтіндер де баршылық.  Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас. Кешегi кеңестiк дәуiрде бесік туралы кері түсінік қалыптасты. Ол кезеңде жек көрген нәрсеңізді: «Ескіліктің қалдығы», – десеңіз жетіп жатыр. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды. Оған Мұхтар Шаханов ағамыздың «Ұлт анасы – тіл» кітабындағы мына бір жайт дәлел бола алады. Онда ақын:
«Ұлымыз ауырып қалып, дәрігер шақырттық. Ақ халатты орыс келіншегі бесіктегі баланы көріп:
– Өзіңіз білімді, ақын сияқтысыз, мұныңыз қалай? Баланы ағашқа керіп, таңып тастау деген феодализмнің қалдығы емес пе? Масқара ғой бұл… Тез арада шешіңіздер! – деді.
– Кешіріңіз, біз сізді қасиет дарыған бесігімізге тіл тигізсін деп емес, ұлымыздың денсаулығын қарасын деп шақырттық, – деп ашуға булығып шығып кеттім», – деп жазады. 
Шындығында, бүгінде бесікті өз дәрежесінде бағалай алмай отырғандығымыз белгілі бір отбасының ғана бас ауыртар мәселесі емес, ұлттың қасіреті десек болады. Өйткені, бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ержеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл заты емес пе?! Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры да осында. Бүкіл тәлім-тәрбие, ұлттық ұлағат бесіктен басталған. Сан ғасырлық ұғымдарды, дүниетанымды сақтап, бүгінге жетіп отырған бесік, расында да ұлт руханиятының бастауы. «Бесіктегі бала бес түлейді» демекші, нәрестенің көп өзгеріп, тез өсіп жетілетін шағы да осы бесікте жатқан кезі. Алайда қазіргі кейбір ғалымдар мен дәрігерлер айтып жүргендей, бесік осылай бес түлеп өсетін баланың ағзасына зиян емес. «Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүрмейді, аяқ-қолы қисық болады» дегеннің бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесік, керісінше, балаға әмбебап тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды. Өзінің құрғақ, ұядай жылы жатын орнында сәби бесік жырын тыңдап өседі. Ал бесікке баланы қазақ ешқашан да күндіз-түні матап байлап тастамаған. Ауық-ауық сәбиді бесіктен алып, дене қимылы жаттығуларын жасап, «өс-өс» деп аяқ-қолын созып, жақсы жетілуіне жағдай туғызған.  
Демек, бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Атап айтар болсақ, қол-аяғы ербеңдемей буулы жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болады. 
Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды, құрғақ жатады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі. Тұла бойы  тазалыққа үйренеді.
Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Сондықтан, баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды. 
Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», сияқты рәсімдер де жоғалып, «Бесік жыры» да айтылудан қалғандай. 
 
Ана әлдиі
Ананың әлдиінде үлкен сыр жатыр. Ана жас сәбиін бесік жырын айта отырып тербетіп, оның келешекте ел қорғайтын батыр, еңбек сүйетін азамат болуын армандаған. Жас сәбидің құлағына жарық дүниеге келген күнінен бастап анасының сіңіретін тілек, арманы бесік жыры арқылы жетіп жатқан. Демек, дүниеге жаңа келген жас сәбидің өмірге деген құштарлығын, айналасына деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын алғашқы қадам – ол ана жүрегін жарып шыққан жыр. Онда ана: 
– Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Көкқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін, – деп бастап, жырды ары қарай өзінің арман-мұраттарымен ұштастырады.
– Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып, 
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Дауда сөзбен тақылдап,
Шешен болар ма екенсің?
Дұшпанға – түн, досқа – таң,
Серке боп ел бастаған,
Көсем болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлi ою ойысып,
Ұста болар ма екенсiң,
– деп сәбиін тербете отырып, елдік мұратты бала санасына сіңіреді.
Ал, қазір ше? Керсінше, бесіктегі сәбиді ұялы телефондағы даңғырлаған шетел музыкасымен ұйықтатып, ойнататындар көбейді. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер ететіндігі туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Бала түгілі ересектер қолданса зияны көп ұялы телефонымыз бесіктегі балаға өзгеше қатерлі екеніне неге мән бермейміз?! Бәлкім, қазіргі балақандарымыздың бесіктен белі шықпай жатып, шетелдің даңғаза музыкасына бас шұлғып билеп, тілі былдырлап шыға бастаған сәттен-ақ шетел әндерін тез жаттап алып, айтып жүруінің астарында осы нәрсе жатқан болар? «Тәрбие басы – талбесік» деп халқымыз бекер айтпаған . Сәбидің қалыптасуы ана құрсағында жатқан кезден бастау алып, жақсы қасиет, тәрбиенің ананың ақ сүтімен берілетіндігін еске алсақ, осы ойдың ақиқаттығына тағы бір көз жеткізе түсеміз.
«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», – деген екен данышпан Төле би бабамыз. Бесік кең дүниенің есігі болса, сол бесікте жатқан сәби даңғырлаған еш тәлім-тәрбиесі жоқ шетел музыкасын тыңдап өссе, не болмақ?
Осы тұста Бауыржан Момышұлының: «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқaмын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ», – деген сөзі еріксіз ойға оралады.
«Жас балаға қазақтың «әлди-әлди» деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті», – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамасақ, ата-баба дәстүріне қиянат жасағанымыз. Келешек бүлдіршін жас буынымыз саналы болып өссін десек, қазірден бастап тәрбиені бесік жырынан бастағанымыз абзал. «Рухани жаңғырудың» да басы осы қасиетті бесігімізді қастерлеуден басталса құба-құп болар еді. 


Әфсана
Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!» – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.

Алма ЕСЕНБАЕВА