Украинаның талдырмаш қызы бүгін Текелі қаласынның кейуанасы

Уақыты: 09.05.2023
Оқылды: 2894
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Адамның басы – Алланың добы», – деп күрсінді кейіпкерім. Іштей оның не айтпағын түсінбесем де, сыртымнан білдірмегендей сыңай танытып отырмын. Содан тінді тарқатты. Сонау Украинаның Чернигов қаласындағы талдырмаш қыздан бүгінгі Текелі қаласындағы кейуанаға дейінгі аралықты жіпке тізгендей баяндады.

Кейіпкерім – Татьяна Громницкая. Ел басына күн туып, ерлер етігімен су кешкен сонау 1941-1945 жылдар аралығындағы Украина даласында болған зұлматты жылдарды көздің жасын сығып алып әңгімелеп берді. Татьяна Николайқызы 1925 жылы Чернигов қаласында дүниеге келген. Жастайынан зеректігімен дараланған Таня мұғалім болуды армандапты. Бірақ... Сөз арасын осы бірақ бұзғандай фашизм түнегі Еуропаны басқан еді. Украинада қасіреттің орнаған шағында балғын бойжеткен өз арманына қол созбақ түгілі, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кезеңде аман қалуға тырысып бағады. 1942 жылы басқыншылар Черниговке баса-көктеп кіріп, қаланы тып-типыл етеді. Қолға түскен тұтқындарды сол кездегі фашизм иелігіндегі концлагерьлерге жөнелтеді. Қамауға алынған Татьяна Николайқызы жастармен бірге қазіргі Польша аумағындағы Гданьск (сол уақыттағы атауы Данциг) қаласынан 37 шақырым шалғай орналасқан Штуттгоф концлагеріне жөнелтіледі.

Әңгіме осы ретте үзілгендей болды. Кейуана үнсіздікті ұзаққа созды. Ми қатпарында әлгі концлагерь туралы деректер заулап әлек. Штуттгоф тарихты парақтаған жанға адам денесінен сабын жасауымен аты шыққаны мәлім. Оның үстіне жазалау лагерьіне 110 мың адам қамауға алынып, жабылар сәтте 11 мыңдай адам тірі шыққаны белгілі. Татьяна Громницкая лагерьдегі тұрмысы жайлы айтпады. Біз де ескі жараның аузын тырнамайық деген пиғылмен тереңдей сұрамадық...

Ауыр күрсіністен соң әңгіме әрі өрбіді. Кеңес әскері Польша аумағына 1944 жылы еніпті. Сол жылдың мамырында концлагерьдегілер де азат етілген. Тұтқынға түскендерді кеңес армиясы Ленинград облысындағы Луга қаласына жөнелткен. Аш, әбден азып-тозған Татьяна Николайқызына 1129 шақырымды жаяу жүріп өту де оңай тимепті. Бірақ, азаттыққа қолы жеткен бойжеткен көппен бірге Лугаға жеткен соң тағы қым-қуытқа тап болады. Әлсін-әлсін тергеуге алынып, кеңес одағының сенімсіз адамдары қатарынан табыла кетеді. Не керек, концлагерьдің азабын көргенге тергеп-тексеру не тұрсын?! Қаймықпай, кінәсіз екенін дәлелдеген соң көңіл жарасқан жанға тұрмысқа шығады. Құдай қосқанымен бақ іздеу мақсатында Приморье өлкесіне жол тартады. Мұнда жұмыс болғанмен, жағдай мен жайдың қолайсыздығымен Қазақстанға, қазіргі Текелі қаласына қайта қоныс аударады. Қаладағы қорғасын-мырыш комбинатына жұмысқа орналасып, осында орнығып қалады.

Татьяна Николайқызы тегін адам емес, батыр ана. Кейіпкеріміз 12 құрсақ көтерген. Сол 12-ден қазір 30 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Ұрпағы әлемнің әр бұрышында өз нәпақасын тауып жүр. Ең бастысы, бейбіт өмірдің бал дәмін сезінуде.

Ұзақ әңгімеден қажыған кейіпкерім орындық жанындағы сүйеніш таяққа асылып тұрды да, терезеден бейбіт замандағы Текелі қаласының көшелеріне сүйсіне қарап тұрды. Бәлки, іштей дұға қылған да шығар. Ал кеудесінде соғыс жылдарының айқын естелігі ретінде наградалар жарқырап тұр.

Кетерімізде Татьяна Громницкая Қазақстанның тілеуін тілейтінін жеткізді. Біз де өз кезегімізде тарихтың куәгеріне бір жылдан қайта қауышуға жазсын деген тілегімізді жеткіздік.

Дастанбек Садық