Ізденімпаз ұстаз

Уақыты: 07.12.2017
Оқылды: 1400
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

 «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бар уақытын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан Ләззат Жиенқұлова Шолаққарғалы ауылындағы негізгі орта мектебінде 2001 жылдан бастап математика, информатика пәнінен сабақ береді. Ұстаз әрбір оқушының көңіл-күйін жете сезініп, қабілет-қарымын жан-жақты ашып, пәнге деген қызығушылығын оята білуімен дараланады.


Өз ісінің білікті маманы аудандық тамыз конференциясында «Математика пәнінен  функционалдық сауаттылығын арттыру»  тақырыбында іс-тәжірибесін ортаға салып, Мақтау қағазымен марапатталды. Республикалық «Өрлеу» білім-ғылым технология порталының «Білім беру мазмұнының жаңару жағдайында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі зор еңбегі үшін» Құрмет грамотасын иеленді.
Мектепте әдістемелік бірлестігінің жетекшісі ретінде де жас мамандардан ақыл-кеңесін аямайды. Олардың сабақтарына қатысып, ұстаздықтың қыр-сырын жалықпай үйретеді. Қазіргі кезде жаңа бағдарлама  бойынша  мектеп  директоры Бақыткүл Кемалқызы және жоғары санатты мұғалім Жанат Төлешбайқызымен бірге жұмыс атқаруда. Оқушыларға лайықты білім-тәрбие беріп, әрі шығармашылық ізденіспен жұмыс атқарып келе жатқан Ләззат отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Жұмыста да, отбасында да өзгеге үлгі етерлік жанның жас ұрпаққа берері мол.

Алмагүл Смағұлова.
Жамбыл ауданы.