Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Аңшының әні

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 824
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қаға берістегі ауыл тым қарабайыр, тым жұтаңдау еді. Ауыл неге болмасын, ынтық, іңкәр. Сол жаны жаңалыққа сусағандай болған ауылға аққумен әнін қосқан, хас талант Дәнеш Рақышұлы бастаған көшпелі концерт келе жатты. Мұндай хабар әсте жай жатпайтын. Ауыздан ауызға тарап, көшеден көше аралап, аядай ауылды әңгімеге бөлейтін.

–  Дәнеш келе жатыр екен. Естіген боларсың? – дейді бірі екіншісіне езеурей тіл қатып.

– Е, естідік, – дейді анау танауы желпілдеп, – сен естігеннен біз неге қалыс қаламыз? Жоқ, әлде сенен өзге адам құлағын тығындап алып па?

– Жә, айтқаным ғой. 

– Не дері бар, – деп үшіншісі сөзге араласады, – қалайда әнге қарық болатын болдық.

– «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген бар емес пе, айтты, айтпады, әннің астында қалатын болдық.

– Дәнеш дегендерің ән базары ғой. Өстіп жыл құсындай болып келіп тұрғанының өзі неге тұрады. Қадамы қайырлы болғай.

Аядай ауыл өстіп желпілдеп жүргенде әнші бастаған үлкен концерт те келіп еді. Орталық клубтың алды адам нөпіріне айналды. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін ән базарына ағылды. Пәлен адамдық клуб екі есе адамға толып, айдарынан жел есті. Әлбетте, ол өзге емес, Дәнештің концерті ғой. Неге жаман болсын? Ә дегеннен аспандаған қазақи өнер қашан концерт біткенше сол биігінде қалықтап тұрды. Үлпілдеген жас қыздар жел шайқаған сәмбі талдай майысып, мың бұралып би биледі. Неше түрлі құбылған, сусылдаған жібек көйлек киген бишілер бейне үлкен жауқазын, әр түрлі реңді қызғалдақ гүлдеріне айналып, қыз бен гүл бір сәт тірі құбылысқа ауысып, жиылған жұрттың жанарын еліткендей еді. Неше түрлі әншілер ән айтып, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырды.

Концерттің ортан белінен ауа сахнаға Дәнештің өзі де шыққан. Аласа бойлы, кеуделі, ақ сары өңді келген ән сұңғыласы қолына үкілі домбырасын ұстап шыға келгенде, сахна мың жылқы айдап өткендей қиқулап, жаңғырығып кеткендей болды. Ел құрметі, жиылған жұрттың қошеметі аяқтасқанша едәуір уақыт өтті.  Дәнеш ә дегеннен аспандағы аққумен әнін қосты. Жүрек лүпіліндей болып, жұмсақ естілетін «Қоңырқаз» қалықтады. Концерт те аяқталып еді. Ел тарқаған. Әншілер  тобы өздеріне бөлінген үйлерге кеткен. Ал біздерге Дәнеш және одан өзге екі-үш әншіні күту тапсырылған. Үй иесі Уәли деген жігіт еді. Мұғалім. Ал оған көмекші болатын мен және Торсан деген әуесқой ауыл әншісі болатын.

Дәнеш бастаған қонақтар төрге озып, ас ішіліп,  кең тыныстаған мамыра жай шақ еді. Көбіміздің көзіміз Дәнеште. Сол кісінің әрбір қимылын бағып, айтқанына құлақ түріп, елеуреп отырмыз. Ал Дәнеш сабырлы да салқын. Артық қимылға бармайды, албаты сөйлемейді. Әдептен озбаған қалпы, қыздай сызылып, кіняз күй танытады.

Торсан кәп-кәдімгідей бір салары бар, сарабдал әнші. Үні ашық, таза. Ән саларда онша қысылмайды, ә дегеннен аңырата жөнеледі. Көбіне ауылдастарының, қасындағылардың өбектеуімен ән салады. Кейде өз-өзінен лықсып кеп, ән айтып та кететін жортаң қылығы бар. Айыбы ауылдан ұзай алмағаны еді. Әншің қайсы десе, міне деп, көрсетіп, көрімдік сұрағандай болған әншіміздің өрелеулі аттай аядай ауылдан алыстай алмағаны өзгеше бір өкініш еді. Ұлы Дәнешті күні бұрын аттай қалап, атағына жіп тағып, қоналқыға үйге шақырғанымыздың да бір кілтипаны бар. Ол құдай айдап, ауылға өзі келген әншіге Торсанды бір көрсетіп, әнін тыңдатып, болашағына бағыт сілтеу еді.

Шай ішіліп, кіші дастарқанға бата жасалғанына да бірқауым уақыт өткен. Қалауыңды айтар сәттің реті енді келгендей еді. Уәли сөзшең жігіт. А дегенде әнші қауымға ел атынан үлкен ризашылығын айтты. Сәт сапар тіледі. Өстіп келіп тұруларын өтінді. Артынша өзінің ішкі ойын сездірді.

– Дәке, айып етпесеңіз сізге айтар бір уәжіміз бар , – деді.

Әнші жалт еткендей болып, қиялай бір қарады да, бас изеді. Айта бер дегені.

– Айтса былай, – деді Уәли, – мынау Торсан деген жігітіміз, – деп дастарқанның төменгі жақ шетін ала отырған Торсанды көрсетті, – бетке ұстар әншіміз осы. Әнді жаман айтпайды. Бірақ бағы ашылмай жүр. Сіздің алдыңызда ән айтсам дейді. Сізден бата алып, алысқа ұшу да ниетінде бар.

–  Бұл жақсы екен, – деді әнші, – несі бар, сәті түсіп жатса, өзі арман еткен өнер аспанына ұшырамыз да жібереміз. Жасың нешеде? – деп енді Торсанға қарады. Торсан жасын айтты.

– Отыздың бел ортасынан ауғанша, неге ауылда шырмалып жүріп алдың? – деп кейістік те білдіріп қойды, – Үн деген адамның жан дүниесінің шынар ағашы ғой. Ол да адам тәнінің балауса, балғын шағында өсіп, бой түзегенді ұнатады. Дегенмен ештеме жоқ. Ештен кеш жақсы деген. Ал, енді отырма, өнеріңді сал.

Әнші осыны айтты да, төрде сүйеулі тұрған домбырасын қабынан шығарып, Торсанға ұсынды. Торсан домбыраны қолына алды, құлақ күйін келтірді. Аз тыныстағандай болды да, Дәнештің өзі шығарған әйгілі «Саясында алманың» әнін шырқап қоя берді. Бұл ретте де өз машығынан жаңылмады. Әнді шын беріліп, нақышына келтіріп орындады. Домбыра шертісі де, әнге балқығандай болған сұлуша келген қызыл шырайлы жүзі де, тұғырдағы түз тағысындай қомданып отырысы да тыңдаушысын еріксіз селт еткізгендей болған.

– Бәрекелді, өркенің өссін, Торсан, – деді әнші сүйсінгенін жасыра алмай, – әнің жақсы шықты.

– Дауыс бар, – деді әнші, – дегенмен, құр айғай бақырған, құлаққа ән емес. Сол дауыста тыңдаушысының жан дүниесін баурап алатын бір нәзік діріл, майда иірім болады. Сенің дауысыңнан сол жібек жіптей майда толқын сезілмейді. Ал оны құртатын арақ пен темекі. Жарайды, мен сені Талдықорған театрына жіберейін. Жаңағыдай кемістіктер жүре-жүре түзеліп те кетеді.

– Мақұл, – деді Торсан қуанышын жасыра алмай, – үмітіңізді ақтауға тырысамын.

Әншіге біз де алғысымзыды айттық.

– Дәке, сіз бүгін де және өзге уақытта да көбіне Әсет әндерін орындайсыз. Бұның сыры неде? – деп Уәли енді әңгіменің ауанын өзге жаққа бұрды.

– Оның рас, – деп әнші бірден келісе кетті, – біріншіден, мен жастайымнан Әсет әндерін тыңдап өстім. Былайша айтқанда өзімді Әсет мектебінің түлегімін десем де болады. Екіншіден, Әсет деген ән атасы ғой. Қазақта Әсетке жетер ән ғұламасы жоқ. Әсеттің әрбір әні бір-біріне ұқсамайтын жеке, дара құбылыс, әсемдік әлемі. Басқасын айтпағанның өзінде бір ғана «Аңшының әні» неге тұрады?! Қазақ әнінің алтын мұнарасы, қол жетпес биігі емес пе? Пай-пай, шіркін, «Аңшының әні» ән аққуы ғой. Мен жасымнан әнге құмар болдым. Неше қилы ән естідім, және өз әлімше әннің де не құбыласын орындадым. Бірақ «Аңшының әніндей» ән ғажабын естіген де, сезінген де емеспін. «Аңшының әні» ерте кезде, тіпті Әсеттің қызық қуып, қызды ауылды жағалап жүрген кезінде шығарған. Сол үшін де бұл ән қазақ сахрасына кеңінен тараған. Бұны өзінің бойтұмарындай бағалап, әспеттеп, көп әншілер айтқан. Солардың ішінде ең көп орындағаны Үкілі Ыбырай болған. Үкілі Ыбырай бұл әнді ғұмыр бойы айтып өткен. Соның әсері болар кейбір өнер зерттеушілері, жазушылар бұл әнді Үкілі Ыбырайдың әні деп, жаңсақ қадам жасаған. Жай ғана айтып емес, жазбаша мұра етіп қалдырып та кеткен. Бұл дұрыс емес. Бұл ұлы адамның ұлағатты дүниесіне жасаған қиянат, рухани қылмыс болып табылады. Мен мұндай оспадарлықпен әсте келіспеймін , – деп бір кідірді.

Әнші кідіріп еді, өзге дүниені тылсым тыныштық басты. Үй ішін үнсіздік жайлады. Әркім әрнені ойлап, өзінше тарқы дүниені мансұқ етіп отырған секілді.

– Ән туралы сөз қозғамаған жөн, – деді сәлден соң, – ал ән туралы әңгіме айттың екен, демек, сол әнді орындаған жөн. Айтпасаң әнге обал. Әнші осыны айтты да, домбырасын қайта қолына алды. Босаған ішектерін қатайтып, аз күйлеп алды да, өзіне тән жұмсақ ырғақты төгілте жөнелді. «Ақау, жүйрік ат, қыран бүркіт» деп басталған ән кең дүниеге қанат қақты. Тыңдаушылардың көз алдына ақ ұлпа жамылған қарлы дала, әр сайдың, әр қолтықтың аузында отырған қазақи ауыл, түтіні көкке шұбатылған көзтаныс тіршілік елестеді. Өнердің бір қызығы аңшылық деп тұжырым жасаған елдің қайталанбас қызық сәттері елес берді. Кіл жүйрік ат мінген топты бозбала қиқулап, шауып келеді. Қолдарына ұстаған, тақымына қысқан аңшылық қаруын ыңғайлап, жан-жағына жіті қарап, ширақ қимыл танытады. Бір қиырдан түлкі де қашқан. Қыран бүркіт дүр сілкініп, қанатын сабалап, тоят іздейді. Бір емес, әлденеше түлкі аулаған жігіттер тіптен желікті. Қиясын тауып, қасқыр да қағып алған. Күн батып барады. Күннің көзі ұясына жақындаған сайын қарлы далада қызыл жүгіріп, ақ сырма ойнақ салады. Қысқы ауыл барынша көңілді. Бір жігіт түлкі сойып, әлдекімге сый жасағысы келеді. Қасына барған жас қызға көзінің астымен қарап, әлдебір әзіл айтып, күлкі шақырады. Қыз жеңгесі үй мен тысқа қатар жүгіріп, қонақ күту, кешкі ас қамымен  зыр қағады. Жас көңіл қатар тігілген қос үйге тек жастардың ғана келуін зарыға күтеді. Айналасына алаша, түкті кілем ұстаған киіз үй іші ошақта жанған оттың жылыуымен қыз-қыз қайнайды. Қазанда бабымен былқып пісіп жатқан жаңа сойылған қойдың етінің жұпар иісі танау қытықтайды. Есіктің алдындағы мама ағашқа байланған жарау аттар тағы да шабыс тілегендей. Бауырынан жарап, шиыршық атып,тізгін сүзеді. Қарғылы тазылар болса, бірін-бірі қуалап, секіріп ойнақ салады.  Осының бәрін «Аңшының әні» үнсіз ұқтырғандай еді. Ән аңшылықтың қимас қызықтарын, қайталанбас көріністерін тағы бір еселей қайталап, ағындап келіп, саябыр тапқандай еді. Қызыққа құмартқан іңкәр көңіл сап-сап тапқандай болған. Ән әсерінен өздерін үйде емес, бейне қар басқан дала, қазақи ауылда жүргендей сезінген тыңдаушылар бір сәт өң мен түстің арасында мәңгіріп, сілейіп отырып қалғандай еді. Аздан кейін ғана үй ішіне тіл бітіп, әншіге ағынан жарылған. Ақ тілек, алғыстарын айтып, риза көңілдің ыстық лебін танытқан...

– Дәнеш аға, – деді осы арада Уәли өзгеше бір  тосын сырдың бетін ашқысы келіп, – Сізге бір сұрақ қоюға болар ма екен?

– Неге болмасын, – деді әнші, – сұрағың болса қоя бер.

– Жаңа ғана өзіңіз айтып кеттіңіз, осы ән туралы әркім әр түрлі пікір айтады. Біреу Үкілі Ыбырайдың әні деп жорамал жасайды, енді біреулер тағы басқаға телиді. Тіпті «Аңшының әні» сіздікі екен дегенді де құлағымыз шалып жүр. Сонда «Аңшының әні» негізі кімдікі?

–       Бұл әлдекім айтып жүргендей Үкілі Ыбырайдікі де, Арқаның әні де, қала берді менің де әнім емес. Бұл – «арғынмын атым Әсет арындаған, арындап ән сала ма дарымаған», – деп ән әуелеткен ұлы Әсеттің әні. Мен сол баға жетпес ұлы мұраны насихаттаушы ғанамын. Әр әншінің өзі сүйіп айтар әніне өзіндік леп, өрнек беретін дағдысы болады. «Аңшының әнінің» менің орындауымда сондай өзгеріске ұшырағаны рас. Қай атақты композитор, әнші болмасын, музыкалық мұрасы бай келеді. Алайда ел құлағына соның некен саяғы ғана жетеді. Мысалы, Ыбырайдың «Гәккуі», Ақан серінің «Құлагері», Естайдың «Қорланы» дегендей. Егер «Аңшының әні» менікі болса, мен одан өзге ән шығармаған болар едім. Өйткені өзіңді ән әлеміне танытуға осы ән де жетіп жатыр. Өкінішке орай бұл бақыт маған емес, «Аңшының әні» арқылы ұлы Әсеттің пешенесіне жазылған...  

– Дәнештің орындауындағы ән де, оның осы ән туралы айтқан ұлағатты ойы да ешкімді бейжай қалдырмады. Жүрегін ән, көкірегін ой әлдилеген жиылған топ бір сәт үнсіздікке ұйып, сілейіп отырып қалған.

Дәнеш Ахметұлы.