МЕН – ҚАЗАҚПЫН!

Уақыты: 06.08.2016
Оқылды: 1803
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Жылағанда жүрегім Күн тұтылып, қуанғанда күлкімнен түн түрілген». Иә, Жұбан Молдағалиевтің бір шумақ өлеңі бүгінгі таңның мақтанышына айналды, ел абыройын аспандатты. Кәрі-жастың қанатты сөзі, рухымыздың асқақ белгісі болды. Еліміздің өткен өмірі мен тағдыры сан түрлі өрілсе де қарсыласқанға қайыспай, бас иіп жатқа майыспай, қайсарлығымен қазақ аты әйгіленді. Мен – қазақпын! Осы бір сөзге ұлт тағдырын тіреген ұландар мен ел жайлы ұрандар көп айтылады және Күн сөнгенше айтыла да береді.

Халқымызды әлемде айныт­пай танытатын басты ерекшелік – ерлігі мен елдігі, болмысы мен салт-дәстүрі. Қазақтай ғажап халық жоқ шығар, сірә. Еркін ұлттың бойындағы асыл қасиет қандай қилы дәуір орнаса да сақтап қалатын мәңгілік құн­дылық тәрізді. Ұлттық рухсыз, ұлттық қасиетсіз, ұлтқа деген сенімсіз ел болу мүмкін емес. Сондықтан, бүгінгі жастар – біздерде елімізге деген ерекше сезім, жерімізге деген жоғары құрмет болса ғана тамы­рымыз­ды түсінген болып табыламыз. Біз қайсар да аңғал, батыр да адал, жаны жомарт, жүрегі кең қазақ халқының ұрпағы еке­німізді ескеріп, ұлт жолындағы әр адымымызға есеп беруіміз керек. Иә, ары үшін жанын сада­ға ететін қасиетті халықтың қадірін арттырып, құрметін биік­тету біздің қолымызда. Әлем сахнасында түрлі ұлттың басын қосып, бірлікті, берекелі өмір сүріп, тірлікті іс бітірген біз ғана десек те артық емес.

Сан ғасыр ауыр азап арқа­ласа да, талай шапқыншылықты басынан өткерсе де, бәріне төтеп берген бабаларымыздың батырлығы бізге өнеге емей немене?! Көңілі дарқан, ақ пейіл­ді, аңғал да адал еліміздің тумысынан сағы сынып көр­мепті. Білектің күшімен, най­заның ұшымен жерін қорғап қалған ата-бабаларымыздың ерлігі ерен. Туған елін, жерін жанымен сүйіп, қанымен сақтай білген батырларымыздың жа­нына сіңген, қанына біткен ұлт­тық қасиеті біреу. Ол – алаулап жан­­ған намыс!  Кең-байтақ алып даланы қорғап, бір-бірін қолдап күн кешкен бабалар абыройын асқақтату – біздің міндетіміз. Қарсы шыққанды құлатып, қай­сар қазақ екенін қаншама рет дәлелдеді десеңші қайран баба­ларым! Міне, олар осылай тарихи ерекшеліктерімен, батыр­лы­ғы­мен, батылдығымен бірлікті сақ­тауға жұмылды.

Бүгінге тәубе. Еліміз – еге­менді, тәуелсіз. Осы жолда мың өліп, мың тірілген қазақ бүгінде азат. Өз егемендігін алып, туын биікке тікті. Шүкір, қазір өр­кениетті елдердің қатарындамыз.  Елімізді ең алғаш түрік халқы мойындаса, қазір әлем мойын­дайды. Ол, әрине, халық бірлігінің арқасы. Иен далада жел жетпес жүйрік мінген бабаларымыздың батырлығын бойымызға жиып, кеудемізді қуаныш кернеп жата­ды әр сәт. Жеңіс тұғырына шық­қан Туымыз күнмен бірге көкке көтеріліп, ұлттық әуен әуелегенде көкірегімізді қуаныш кернейді. Бұл – мақтаныш. Бұлай болуы міндетті. Өйткені, мен – қазақпын.

Иә, қазіргі таңда қазақ әлем елдерімен иық теңестіріп, өзінің кім екенін таныта бастады. Біздің қайсарлығымызды, бірлігімізді көргенде қызығатындар жетер­лік. Ұлы Тұран даласын мекен­деген көк түркінің ұрпағы қазақ болғаным үшін мен мәңгілік мақ­та­намын. Себебі, қағажу көрсе де қажымаған, азап шексе де мойы­маған менің елімнің терезесі тең, керегесі кең. Біз – бұғаудан ба­тыр­лығымен босап, бойындағы бар қасиетін күллі әлемге паш еткен елміз.

Ұлан-байтақ жердің иесі атан­ған қазақ бағзыдан бері өзінің ұлы рухын жоғалтпай, әлі де ас­қақ­тығын танытып келеді. Қанша ұрынып соғылса да үшінші мың­жылдыққа аман жеткен қазақтың тарихы тағылымды, дәстүрі – ұлағатты. Жұмыр жерге келгелі талай қиыншылық пен қырғын соғыстардан, отаршылдық пен бодандықтан өтіп, ғасырлар бойы армандаған егемендігіне жетті.

Тәуелсіздік деген тәтті сөздің тұңғиығында ата-бабамның ға­сыр­лар бойғы асыл арманы мен арпалысып жүріп азаттықты аң­саған талай боздақтың ізі жатыр. Еркіндік аңсаған ел тілегі бүгінгі таңда күнмен күліп, арайланып қана қоймай, барынша нұр ша­шып тұр. Ұлтымыздың бесігін түзеу үшін артта қалған 25 жылда жұртымызды жетістікке жеткізер жастар жетерлік. Ендігі кезек қазақ екенімізге мақтанып, елдік­тің тұғырын биік ұстап, егемен­дігімізді дәріптеу.

Біз – қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай  жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Жылқы қылын найзасына таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз.

Сөз соңын тарихтың қиыр-қиыр қатпарынан Қазыбек бидің айтқанымен тұздықтауды жөн көрдік. Ол осыдан төрт ғасыр бұрын-ақ қазақтың қандай халық екенін тізесін батырып жүрген іргедегі жоңғарға жеткізіп кетті емес пе?! Қайран Қазыбек сұсты жаудың ортасына кіріп, ұлтының атынан тайсалмай сөйлеп, бүкіл елдің еңсесін көтерді. Тура бидің тағылымды сөзі мәңгілік құнын жоғалтпайды.

 

Құралбек СӘБИТОВ.