ҚАЗАҚ ТІЛІН "ГАУҺАРТАС" ӘНІ АРҚЫЛЫ ҮЙРЕНДІМ

Уақыты: 16.06.2024
Оқылды: 530
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Біз – ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған, бірлігі жарасқан, татулықты ту еткен елміз. Ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан қазақ жері қандай кең-байтақ болса, оны мекен еткен халқының да пейілі сондай дарқан.


Менің ойыма бірлік деген ұғымды естігенде, әуелі Қазақстан түседі. Неге дейсіз ғой?! Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқының басынан талай қиыншылық заман өтті. Соғысты, ашаршылықты, қуғын-сүргінге ұшыраса да бірлігінің арқасында жеңіп шықты. Тіпті кешегі коронавирус, табиғи апат кезінде де бір-біріне демеу болды. Маған қазақ халқының салт-дәстүрлері өте қатты ұнайды. Әсіресе, қиналған жақынына көмек қолын созу үшін ұстанатын «Асар» салты. Ағайыны үй салса да, көмекке мұқтаж болса да бір жағына шығу үшін асар саламыз деп туғандары жинала қалады.  Бұл береке-бірліктің бастауы. 

Тіл – халықтың басты құндылығы. Мен Қазақстанда тұрғаннан кейін оның дәстүрі мен тілін ерекше құрметтеймін. Оны құрметтеу қоғамға ортақ міндет деп білемін. Бала күнімде барлық оқушылар сияқты аптасына 2 рет қазақ тілі сабағына қатысып жүрдім. Менің қазақ тілін үйренуіме қызығушылығым Қанабек Байсейітов атындағы музыкалық училищеге түскен кезде пайда болды. Оқуда жүріп алғаш рет «Гауһартас» атты халық әнін естігенімде әуезді әуен жанымды баурап алды. Вокал бөлімінде мен орыс ұлтының жалғыз өкілі болдым. Сөйтіп, айналамдағы достарымнан қазақша үйрене бастадым. Менің қазақша сөйлеп жүргенімді көрген курстастарым «Жарайсың Юлия, жақсы шығады, екпінсіз қазақша сөйлейсің»  деп қолдап жүрді. Халықтың арасында жүріп қазақ тілінің кеңдігін, тереңдігін түсіндім. 

Қазір облыстық Тіл сарайындағы тілдерді оқыту орталығында мемлекеттік тілді оқыту курсын оқып жүрмін. Сонымен қатар, Достық үйінің қызметкерімін және Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы этномәдени бірлестігінде жұмыс істеймін. Біз этносаралық келісімді нығайту мақсатында түрлі шара өткіземіз. Сүйікті жұмысымда қазақ мәдениеті мен әдеп-ғұрпымен танысып, қазақ әндерінің қорын толықтырамын. Бүгінде Абай шығармашылығын зерделеп, зерттеп, оқып жүрмін. Әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу үшін қазіргі заманда өзекті саналатын ұлы философ пен ақынның қара сөздері мені ерекше баурап алады. Менің ойымша, қазақ тілін, ең болмағанда, ауызекі тілде үйрену қиын емес. Бастысы, тілек, ниетің болса болғаны.

Юлия СПИРЧЕНКО,
этномәдени бірлестіктерінің 
жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы