КӨҢІЛДІ СӘТТІҢ СӘУЛЕСІ

Уақыты: 15.06.2024
Оқылды: 639
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жаз айлары – мектеп оқушыларының ерекше ықыласпен күтетін мезгілі. Тоғыз ай білім нәрімен сусындап, жадыраған жазға жеткен оқушыларды қызыққа толы демалыс өткізетін орындар құшақ жая қарсы алады. Сондай демалыс орындарының бірі – «Балдәурен» жазғы күндізгі ашық алаңы. Оқушылар сарайының аталмыш алаңы жылдағы үрдіс бойынша маусым айының алғашқы аптасынан басталып, жаз айларын толық қамтиды.


Жазғы алаңның басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және таланттарын анықтау, балалардың шығармашылық қабілеттерін жан-жақты бағытта дамыту. Оған қоса мұнда жазғы мектеп сабақтары ұйымдастырылған. 

Қала тұрғындары ғана емес, қаламыздың қонақтары да балаларын жыл сайын асқан қуанышпен Оқушылар сарайына алып келеді. Бұл жерде балалар уақытын қызықты өткізеді. Жазғы алаң қатысушыларының арасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар. 
Балалардың жазғы демалыс кезеңдегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Жазғы алаңға келушілерді күн сайын Оқушылар сарайының медбикесі тексеріп, сауықтыру іс-шаралары мен гигиена бойынша әңгімелер өткізеді. Жалпы, жазғы ашық алаң 5 ауысымнан тұрады, әр ауысым 10 күнді қамтиды. Бірінші ауысым 3 маусым күні басталып, ертең тамамдалады деп күтілуде. Ал, қалған ауысымдар белгіленген мерзімді (ІІ ауысым – 17-28 маусым; ІІІ ауысым  01-12 шілде; ІV ауысым – 15-26 шілде; V ауысым – 29-09 тамыз) қамтиды.

Жазғы ашық алаң барысында осы жылдың бірінші ауысымы бойынша  7 топ құрылып, 150-ге жуық бала қамтылды. Әр топта 20-25 бала. Оның ішінде бір топ 5 жастағы балаларға арналған. Жұмыс уақыты таңғы 9.00-ден 13.00-ге дейін жоспарланған (түске дейін). Жазғы алаң тегін қызмет ететіндіктен түскі тамақтану қарастырылмаған.

Күнделікті жоспар бойынша таңертеңгі флешмобтар, таза ауадағы спорттық ойындар, тәрбие сағаттары мен байқаулар ұйымдастырылады. Тәлімгерлер балалардың демалысы жақсы өтуі үшін барлық күш-жігерін, шығармашылық қабілеттерін аямай, әр күнге қызықты мерекелік іс-шараларды жоспарлайды. Топтық ойындар, саяхаттар ұйымдастырып, концерттік және жұлдызды залда қызықты фильмдер көрсетеді. Обсерваторияға экскурсиялар, түрлі тақырыптағы асфальт бетіне сурет салу байқаулары өткізіледі.

Жазғы алаң қатысушыларының назарына қауіпсіздік ережелері ұсынылып, практикалық сабақтар жүргізіледі. Балалар «Көңілді бояулар» байқауларына, «Көңілді старт» спорттық эстафеталарына қызығушылықпен қатысады. Жазғы демалыс кезінде қала мен аймақ бойынша туристік маршруттар әзірленеді. Өлкетану үйірмесінің мүшелері өңіріміздің ең көркем тарихи-мәдени орындарына: Ақын Сара мемориалдық мұражайына, «Алтынемел» ұлттық паркіне, Шоқан Уәлиханов атындағы мемориалдық кешенге және сол секілді тарихи-мәдени орындарға экскурсия жүргізеді. Этика, туған өлкенің табиғатын қорғау тақырыбындағы тәрбие сағаттарына мән берілген.

Жабдықталған арнайы кабинеттерде «Қолөнер», «Мүсіндеу», «Қыш өнері», «Робототехника», «Сурет салу», «Кесу және тігу», «Вокал», «Хореография», «Көңілді орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Шахмат және дойбы», «Үстел теннисі», «Тоғызқұмалақ»  жазғы мектеп сабақтары өткізіледі. Сондай-ақ, қазіргі заманға сай «TECHNOPAPK», IT-класс, FabLab жұмыс істейді.

Осылайша «Балдәурен» жазғы алаңының жаңа маусымының ашылуын асыға күткен жеткіншектер онда қызықты уақыт өткізеді және көптеген жаңа достар табады. Жазғы алаңнан алған ерекше әсерлерін жақындарымен бөлісіп, келесі жылдың қуанышты сәтін асыға күтері де сөзсіз.

Ләззат ЕСБОЛОВА,
«Оқушылар сарайы» 
МКҚК директоры
Талдықорған қаласы