Кезінде қысқартуға ұшыраған Бөрлітөбе деген аудан болғанын кейінгі толқын білмегенімен аға буын ұмыта қойған жоқ. Жуырда Лепсі ауылдық Мәдениет үйінде ежелгі ауданның қызметкерлері араға 27 жыл салып жүздесіп, 90 жыл бұрын құрылған Бөрлітөбенің тарихын таразылап, алқалы жиын өткізді.
Жиналғандар алдымен даңқты композитор Мұқан Төлебаев ескерткішіне, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер обелискісіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты жиынның бірінші бөлімінде Бөрлітөбенің тарихы туралы ғылыми-теориялық конференциямен басталып, жұртшылық Бөрлітөбе тарихына қатысты фотосуреттерге қызыға назар аударды.
Кең даламыздың бетін жазық маңдайға түскен терең әжімдердей айқыш-ұйқыш сызғылаған сан тарау жолдар біздің халқымыздың қым-қуыт тағдырына ұқсайды. Сонау есте жоқ ескі замандарды қоя тұрып, күні кешегі кеңестік кеңістікте Бөрлітөбе ауданы 1933 жылы құрылып, 1960 жылы тарады. Араға 12 жыл салып қайтадан іргетасы қаланды да енді ғана еңсе көтере бастаған тұста қысқартудың құрығына ілінді. Әрине, мұндай саяси қадамдар дауысқа салынбай-ақ жоғарыдан шешіледі. Дегенмен, ауданның өткені мен өткелінде аудан басшыларының, аудан жетекшілерінің, бас мамандарының, ауданның қарапайым еңбеккерлерінің сүбелі үлесі бар.
– Біз осы конференцияда тарихымызды таразылап, өткен жылдарға естеліктер арқылы сапар шегеміз,– деп конференция модераторы Болат Молдабеков ортаға мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде Орталық Комитетте жауапты қызметтер атқарған тоқсандағы абызымыз, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Әбіләкім Әубәкірұлын, 1972 жылы қайтадан құрылған Бөрлітөбе ауданының бірінші хатшысы болып, өнегелі ізі қалған Қали Әмірханұлының зайыбы, Нүкеновтер әулетінің алтын қазығы тоқсандағы Наушан анамызды шақырды.
Тарихи баяндаманы ұзақ жылдар осы ауданның идеологиясын басқарған Ақсу және Сарқан аудандарының Құрметті азаматы Орал Исанова жұртшылық назарына ұсынды.
Тарих- ұлы ұстаз. Ұлы ұстаздан дәріс алу мүмкіндігіне ие болып, өңірдің өткені мен өткелі жөніндегі баяндамадан соң жарыссөзге шыққан Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Асқат Қалиасқаров, кезінде ауданның оқу-ағарту саласын басқарған Мәншүк Баженова ұзақ жыл Лепсінің әкімі болған Сарқан ауданының Құрметті азаматы Кеңес Сердалинов өткен жылдар өнегесін өз сөздеріне арқау етті.
Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Игіман жұртшылықты Бөрлітөбенің тағылым алар тасқа басылған тарихы болсын деген ізгі ниетпен жарық көрген «Бөрлітөбе белестері» атты тарихи-танымдық энциклопедиямен таныстырды.
Алқалы жиын Лепсі Мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған концертпен қорытындыланып, дүниеден озған марқұмдардың рухына арнап ас берілді.
Жақсылық Жомартұлы
Сарқан ауданы