«Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі бүгінде туризмнің бір тұғырына айналып үлгерген. Арғысы мұхит асып АҚШ-тан, берісі Түркия елінен туристер арнайы келіп «Аққан жұлдыз» өмірімен танысып, жәдігерімен көз суарып, шырайлы шығыс шұғыласының барша дерегіне қанық болуда. Ал еліміздегі жоғары оқу орындарының білімгерлері мен ұстаздары, мектеп оқушылары шалғайдан келіп ғалым рухына тағзым жасап, мұраларымен танысуды дәстүрге айналдырған».
Былтыр арнайы барып, музей жұмысымен танысқанымызда осылай деп тебірене жазып едік. Сол жазбада Мемлекет басшысының Жетісу облысына келген сапарында берген тапсырмасына сай музейді қайта жаңғырту жұмысы қолға алынғанын атап, өзіміз де игілікті істің көзайымы болғанбыз. Бүгін қайта қалпына келген кешенге келушілердің саны артқанын қуана хабарлайтын күнге жеттік.
Жалпы, кешенді нысан мен заман талабына сай безендірілген экспозициясы бар, жаңа кейіпке енген әрі 1130 экспонат қойылған музейді тамашалаушылар саны айтарлықтай өскен.
– Республикадан арнайы қаржы бөлініп, өткен жылы музей ғимараты күрделі жөндеуден өтті, экспозициясы заман талабына сай қайта безендірілді. Музейге лэд экран, ақпараттық дүңгіршек, диорамадағы фондық әуенді сүйемелдеу құрылғысы орнатылды. Біздің музейге шетелден де келіп жатады, соның ішінде Швеция, Жапония, Ресей ғалымдары мен журналистері де бар. Әсіресе, қайта жаңғыртудан өткеннен кейін халықтың музейге деген қызығушылығы арта түсті, – дейді музей директоры Марал Рахатова облыс әкімі баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Иә, рас, музейге келушілер Шоқанның өскен ортасы, өмір жолы, зерттеу сапарлары, ғылыми еңбектері, ағартушылық идеялары жайлы кең мағлұмат ала алады. Сол сияқты жиһанкездің өзі пайдаланған заттарды да көре алады. Мұнда ғалымның Қашқария сапарына алып барған тапаншасы мен сол жақтан тағып келген парша белбеуі, мыс табақ, қасық, бұрыш ұнтақтағыш сияқты тұрмыстық заттары бар. Осы орайда, мұражайдағы әр заттың тарихы тереңде, аңыз іспетті екенін де айрықша атап өтуге болады. Мәселен, өткен ғасырдың екінші жартысынан асқан шамада халқымыздың дара перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бір келелі жиында Шоқан тағылымын тілге тиек етіпті. Сол жиында ардақтысын алқалаған ұлт көсемінің сөзінен арқаланған көкшетаулық азамат Шоқан жатқан жерді тарихи орынға айналдыру керегін, асылдың сүйегі Көкшетауда екенін айтыпты. Сонда Алаш ардақтысының ақтық демі қай жерде түгесілгенін білетін, басына қойылған белгітасты көзімен көрген Еңбек Ері, майдангер Игібай Базарбаев сөз алып, жөн сілтейді. Дәлелін де келісті келтіреді. Сұрапыл соғыста бір аяғын майдан даласына тастап келген Игібай Базарбайұлының сеніміне дерек болған белгітасты көзімізбен көрдік. Көңіл толқыды. Шоқан өмірден өткен соң 1881 жылы Константин фон Кауфманның бұйрығымен Колпаковский осы белгітасты түйеге артып, Екатеринбург қаласынан әкеліп ғалым еңбегі үшін басына орнатқан. Міне, осындай тарихы бар құлыптас Ш. Уәлихановтың жүріп өткен жолдарын бейнелеген 250 кг. қой жүнінен жасалған гобелен кілем музейге кіргеннен көз тартады. Сондай-ақ, Шоқанның қазақ даласына арнайы алғызып оқыған «Современник» журналын да музей жәдігерлерінің арасынан көруге болады.
Айта кетерлігі, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне өткен жылдың қараша айынан бері 2100 адам келген екен.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ