Нар тұлғалы азамат

Уақыты: 11.08.2024
Оқылды: 371
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

1949 жылы 6 маусымда қазіргі Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылында дүниеге келген Мұхаметқали Баймұратұлы тірі болғанда 85 жасқа толған мерейтойын  дүркіретіп өткізер ме еді?! Амал не, оған Алла жеткізбеді. Бұйрықты дәм-тұзы осыдан бір жыл бұрын таусылып, о дүниенің жұмақ-жайына қарай аттанып кеткен болатын. Отбасы, ағайын-туысы өмірден озғанына жыл толуына орай марқұмның рухына арнап дұға бағыштап, ас беріп, еске алып жатыр.

Қоғамда белгілі орны бар, адалдықпен атқарған ісі атан түйеге жүк боларлық нар тұлғалы азамат, пендешілік пейілден өзін жоғары ұстаған Мұхаметқали Тілеуберген Жаркент қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітірген соң, 2 жыл әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келеді. 1974 жылы отбасын құрып, қазіргі Ескелді аудандық қаржы бөлімінде қаржыгер ретінде еңбек жолын бастайды.

Ұжымшар шаруашылығын құруға қатысқандардың бірі болған әкесі Баймұрат біреудің ала жібін аттамаған адал, әркімге қолғабыс тигізуге, жақсылық жасауға дайын тұратын жомарт жүректі жан болыпты. Ері мен балаларының тілеуін тілеп, отбасылық жарасым мен ынтымақтың шырағын жаға білген анасы Биғайша 4 ұлының барлығын ержеткізіп, немере, шөбере сүйіп, 95 жасында өмірден өткен.

Әкесінің: «Жұмыс ешқайда қашпайды, білімдінің алды жарық, оқығаның жөн, балам. Қызмет қуып, ел-жұртыңнан саяқтан ба?! Ел іші қашанда алтын бесік екенін естен шығармағайсың» – деген қамқор сөзі қамшы болып, 1972 жылы көрікті Көкшетаудан туған жеріне қайтып оралған Мұхаметқали ата-анасының үміт күткен кенжесі еді. Сөйткен әкесі Баймұрат баласының әскерден оралып, ат жалын тартып мінетін азамат болғанын, білімді де парасатты  зиялылардың санатына іліккенін көре алмай, өмірден ерте озады.

Армиядан абыроймен оралған бота тірсек бозбала сол кездегі Гвардия аудандық қаржы бөлімінің басшысы Ынталы Үркімбаевтың қамқорлығымен, жинақ кассасына ревизор-нұсқаушы болып орналасады. Жас маманның еңбек жолын бақылауға алған қамқоршы ағасы Мұхаметқалидың жұмысқа тындырымды екенін байқап, тапсырма орындаудағы ықтиятты мінезін бағалап, қаржы бөліміне табыс жөніндегі инспектор қызметіне ұсынады. Іскерлігімен көзге түскен жас маман көп ұзамай аға экономист қызметіне, одан соң мемлекеттік табыстар жөніндегі бөлімнің бастығы, аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары лауазымына дейінгі жауапты қызмет баспалдағынан біртіндеп көтеріліп, жоғарылай береді. Өзіне тапсырылған міндетті адал атқарған ол 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын үздік бітіріп шығады.

Мұхаметқали Баймұратұлының тиянақтылығын, білімі мен біліктілігін, адамдармен тіл табысып, халықтық мәселелерді шешудегі белсенділігін бағалаған аудан басшылары 1984 жылы оны Гвардия аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Көзінің тірісінде өзінің білікті басшы болуына, табыс биігіне көтерілуіне ықпал еткен ақылшы ағасы Ынталы Үркімбаевтың, бірге қызметтес болған Шарафутдин Алиевтің жақсылығын жиі еске алатын. Сондай-ақ, кезінде Талдықорған облыстық қаржы бөлімін басқарған Әбдіманап Ілімжановтың берген ақыл-кеңесін, үлгі етіп ұсынған іс-тәжірибесін, адамның қайратын жани түсетін талап-тілегін өмірлік мектебіне балайтынын, ұзақ жылдар бойы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарған Нұрила Бөлекбаеваның көрсеткен бағыт-бағдарын, жігеріне жігер қосқан қолдауын айтып отыратын.

Осындай қайнар бұлақтардан нәр алған Мұхаметқали Тілеуберген 1988 жылы Талдықорған (бүгінгі Ескелді) ауданының қаржы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Келе-сала іске белсене кірісіп, ұжымның өміріне етене араласты. Сол арқылы ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жақыннан сезінді. Баспанасыз жүрген қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында облыс басшылығына ұсыныс беріп, 8 көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат алды. Құрылыс қарқынды жүріп, көп кешікпей пәтерге қол жеткізген қаржы бөлімінің қызметкерлері қамқор басшының жақсылығын ұмытпайды. «Қиыншылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген осы болса керек.

Білікті мамандарды тәрбиелеп, білгірлікке баулып, талантты жастардың жоғары қызметке көтерілуіне септігін тигізген Мұхаметқали Баймұратұлының тікелей тәрбиесін көрген Бархыт Елбайқызы, Елена Прокопенко сынды мамандарды көпшілік жақсы біледі. Олар Мұхаметқали Тілеубергенді өздеріне ұстаз санайтынын жасырған емес.

Сырттай сұсты көрінетін Мұхаметқали жұмсақ жүрегінің жылулығы мен мейірімен қатулықты жеңіп, тұла бойы сұңғыла тектіліктен тұратынын анық көрсететін. Көздері күлімдеп, жайсаңдықпен жадырайтын, жанға жайлы көрінетін болмыс-бітімі көпке ұнайтын. Сөйтсе де тәртіпке қатал қарап, босаңдыққа жол бермейтін. Талап қоюы орынды болғандықтан, арада артық сөз жүрмейтін. Бәріне түсіністікпен қарап, талап-тілекті назардан тыс қалдырмай, тиянақты шешім қабылдауға батылдық таныта алатын.

Мұхаметқали Тілеубергеннің жемісті еңбегі тиісті орындар тарапынан жоғары бағасын алып, кеудесіне ҚР Конституциясының 10 жылдығы және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік медальдарды қадады. Елеулі еңбегінің арқасында Гвардия, Талдықорған аудандық мәслихаттарының 2 дүркін депутаты болып сайланып, халық қалаулысы атанған Мұхаметқали Баймұратұлы «Ескелді ауданының құрметті азаматы» атағын алды.

Құдай қосқан қосағы Күлпаран екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйді. Өскелең ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасы атанды. Жандары жайсаң мерейлі ерлі-зайыпты жандардың қоғамдық және отбасылық тәлім-тәрбиесі кейінгіге өнеге. Жаны жайсаң, ағайын-туысқа, дос-жаранға жанашыр Мұхаметқали Баймұратұлының жаны жәннатта, нұры пейіште шалқысын! Артында қалған ұрпағына амандық, есендік, тыныштық берсін!

Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері