АБАЙ ТОПЫРАҒЫНА ТАҒЗЫМ

Уақыты: 12.08.2024
Оқылды: 426
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақтың бас ақыны дүниеге келген 10 тамыздың бүкіл еліміз бойынша мереке ретінде аталып өтіп келе жатқаны белгілі. 2020 жылдан бастау алатын осынау атаулы күн аясында Талдықорған қаласында тұратын ардагерлер Абай туған топыраққа тәу етіп қайтты. 


9 тамыз күні таңертеңгісін Бикен Римова атындағы драма театрының алдындағы Абай ескерткішінің маңына жиналған ардагерлерге облыс әкімінің орынбасарлары Марлен Көлбаев пен Диас Есдәулетов сәт сапар тіледі. Қариялар «Абай күнін Жетісу жерінде кең көлемде атап өтпекпіз. Сол күнге белгіленген шаралар аясында Сіздер сапарға шығып, ұлы Абай рухына тәу етіп қайтасыздар. Осынау мазмұнды шара қаладағы Ардагерлер үйі мен облыс әкімінің тікелей қолдауымен ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысына белсене қатысатын қарияларымызды – Сіздерді қуанту үшін ұйымдастырылып отыр. Бұл орайдағы шаралар алдағы уақытта да жүйелі жалғасатын болады», –  деген ақ тілекке шынайы ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бұл шараға бастамашы болған аймақ басшылығына ардагерлер атынан алғыс айтты.

Сөз орайы келгенде ардагерлерге көрсетілген құрметтің бір бұл ғана емесін де атай кеткен жөн сияқты. Бір-екі ай шамасында қариялар дәл осындай сапармен Ескелді ата мен Балпық би секілді әулиелер мен Шоқан Уәлиханов секілді ғұлама ғалымның басына тәу етіп барып қайтқан болатын.

Абай ескерткішінің алдында естелік суретке түскен ардагерлер келесі сәтте автобусқа отырып Семей қаласын бетке алып, жолға шықты. Кондиционері қалыпты жұмыс істеп тұрған қоңырсалқын автобустағы жайлы орындыққа жайғасып, қабылдағыштан төгілген ұлттық нақыштағы әсем әуендерге құлақ түрген қариялар барынша көңілді еді. Жер кіндігі Жидебайға жол тартып бара жатқандықтан да жол бойы ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» тәрізді әндері қайта-қайта шырқалып жүрек тербеді. Бір-бірлерімен бұрыннан таныс қарттардың әзілдері де әдемі жарасып, ду-ду күлкі кезекті асхана мен мейрамхана, қоналқа жайға жеткенше бір тоқтамады. Сондай көңілді қалыпта Үшарал қаласы мен Аягөз стансысына бір сәтке ғана аялдаған автобус қараңғылық қоюланған кезде Абай облысының орталығындағы «Семей» қонақүйінің алдында тізгін тартты. Осылайша 
Астынан алшақ белдің орап ойлар, 
Мен сені аңсап келдім, қара қайнар. 
Армысың, менің қара шаңырағым, 
Ботакөз қарындастар, нар ағайлар. 
Алдымнан қаптап шыққан қарағайлар.
Төсінде Абай өткен кіл самғаумен,
Армысың, менің жұпар жусан кеудем.
Көк Ертіс көкірегімде буырқанған,
Қос жаға қоңырау қаққан
        мың сан баумен,
Мен сенде келдім қайта тусам деумен, – 
деп Төлеген Айбергенов жырлаған қара қайнар көзімізге оттай басылды.

Атаулы күн болып жарияланған 10 тамыздың ертеңіне Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне табан тіредік. Қазақстан тарихындағы алғашқы әдеби-мемориалдық мұражай болып есептелетін бұл музейдің ашылғанына да 84 жылдың жүзі болыпты. Алғашында ақынның өзі о баста келіп-кетіп жүрген үйлерге орналастырылып, кейін бірнеше рет жаңғыртудан өткен екен. Бүгінгі еңселі ғимарат 1995 жылы ойшылдың 150 жылдығына орай бой көтерген. Киелі орынды қызыға тамашалаған қариялар мұражай залдарындағы баға жетпес жәдігерлерді таныстырған гидтің сөзіне ықыласпен құлақ түрді. 

Бұл жерде «баға жетпес» деген сөзді жайдан жай қолданып отырған жоқпыз. Олай дейтініміз, музей жәдігерлерінің арасында өткен заманда кең қолданыста болған, бүгінде сирек кездесетін заттардан басқа, ұлы ақынның өз қолымен мұражайға өткізген, сыйға тартқан заттары да аз емес екен. 

Әрине, бұл жерде айтып отырғанымыз басқа мұражай – 1883 жылы Семейде ашылған өлкетану музейінің қазақ бөлімшесі. Абай 1885 жылы бұл музейге орыс досы Н. Долгополов арқылы көптеген құнды заттар сыйлапты. Олардың арасында өзінің жеке тұтынған заттары да, өмірлік жарының жасауымен келген қолөнер бұйымдары да бар. Хакімнің балалық шағы мен қалыптасу кезеңдерінен, шығармашылығы мен ақындық мектебінен, отбасы құрамынан хабар беретін залдарға қойылған мұндай жәдігерлерден шын мәнінде көзімізді айыра алмай қалдық деуге болады.

Жаңағыдай жәдігерлерді қызыға тамашалап, экскурсия жүргізушісіне анықтамалық сұрақтар қойған жетісулықтар аз болған жоқ. Ең бастысы, ақын өмірбаянымен, құнды жәдігерлермен таныстырған жас жігіт өз ісінің нағыз білгірі болып шықты. Соған орай ол қай сұраққа да жан-жақты жауап беріп, сапарлап келушілерге мол мағлұмат ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, аз ғана сәтке тарих тұңғиығына бойлап, өткен заманға оралғандай күй кешкен біздер музейден мол әсермен шықтық.

Келесі бетке алған нысанымыз – жер кіндігі Жидебай атанып кеткен, ұлы ақын өмірінің соңғы жылдары өткен киелі мекен болды. Оңтайландыру тұсында жүдеңкі күй кешсе де одан кейінгі жылдары, әсіресе облыс орталығына айналғалы бергі кезеңде қайта жаңғыра бастаған Семей қаласының негізгі көшелерін аралап жүріп өткеннен кейін жүрегіміз дүрсілдей отырып осынау тарихи өңірге сапар шектік.

Қаладан шыққан бетте бізді ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың тұяғы кетілетін дейтіндей қазақтың ұшы-қиырсыз сайын даласы, дәл осы кезде Сарыарқа деген атқа соншалықты сәйкес келетін сары алтындай сары түске енген тарихи өңір табиғаты қайтадан құшағына алды. Талай-талай ұлылардың табаны тиген топыраққа аяқ басып, бір кезде Абай жұтқан саф ауаны көкірек кере жұтқан біздердің көңіліміз бұл сәтте де ерекше толқулы еді. Содан кейін де шығар, жанымызда тағы да Төлеген ақынның: 
Әуезов әлдилеген сырлы әуезді ел,
Менің де жүрегімнен нұрға кез бол.
Тоғжанның жанарында мөлтеңдеген,
Қайдасың қара бұрым, тырна көз көл,
Кел, менің жанарымда жырлап өзгер, – 
деген өлең жолдары жаңғырды. Сондай толқыныспен құлағымызға бала кезден етене таныс болып кеткен Жидебайға қалай жетіп қалғанымызды да байқамай қалыппыз.

Қыстау атының нақ осы өңірде көптеп өсетін жиде ағашына қатысты қойылғаны белгілі. Соған орай арасынан түйелі кісі көрінбес қалың жиде тоғайлары көзге шалынбаса да жол шетінде шоқ-шоқ болып тұрған жиде мен қарағаштың барлығын, ең бастысы, желкілдеп өсіп келе жатқан жас жиденің тіпті қалыңдығын байқадық. Нақ осындай қалың жиде Абай атамыздың заманында өңірде сыңсып тұрған шығар-ау...

Ұлы ақын осы қыстауда әмеңгерлік жолымен алған әйелі Еркежанмен бірге тұрып, өмірінің соңғы жылдарын өткізген екен. Осы қыстауда еліміздің қазақ сахарасына белгілі талай-талай тұлғаларын қарсы алған, қаншама әйгілі шығармалары да осы шаңырақта туындаған. Соған орай қала мәдениеті үлгісімен, ақынның өз жобасымен салынған үйде, жоғарыда айтып өткеніміздей, қаншама баға жетпес жәдігерлер сақталған. Сол қатардағы ет қақтайтын, сақтайтын орындар мен тұрмыста пайдаланатын келі-келсап, қолдиірмен, күбі, ат әбзелдерін, шаруашылық құралдарын қызыға тамашаладық. Хакімнің Еркежанға сыйға тартқан күміс ертоқымы, генерал-губернатор сыйлаған берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісебелбеуі, Ұлжан ананың өз балаларын нәресте кезінде қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені мен қазмойын құманы шындығында да баға жетпес дүниелер екен-ау деген ойға қалдық. Кезінде Абай ойнаған тоғызқұмалақ пен дойбы, шақшасы мен есепшоты, бәйбішесі Ділдәнің жасауымен келген төсегі дейсіз бе, бәрін санап шығудың өзі де оңайға түсе қоймайды.

Арғы-бергі дүниенің бәрінен хабардар ғаламтор желісі ұсынған мәлімет бойынша «Абай, Шәкәрім кесенелері 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай салынған. Сарыарқа төсімен жүзіп келе жатқан алып кеме тәрізді. Идеяның авторы, бас архитектор Бек Ибраев, салушы құрылысшы Сайын Назарбек. Бұл жерде Абай кенже інісі Оспанмен, Шәкәрім қажы ұлы Ахатпен және Оспанның бәйбішесі болған Еркежан жерленген мазарлар кешені орналасқан. 

...Кешен ортасында грек архитектурасы үлгісінде амфитеатр салынған. Мұнда жыл сайын республикалық Абай-Шәкәрім оқулары өтеді».

Замана ағымына орай бірнеше рет жаңғыртылған кесенеден мәңгілік тұрақ тапқан ұлылардың рухына құран бағыштап, жандары жаннатта болсын деген дұға-тілекпен бет сипадық. Жүзімізді Сарыарқаның салқын самалы аймалап, кешен биігінен Абай замандастары жүріп өткен сағым ойнаған сары далаға тағы бір рет мейірлене көз тастадық. Қайта жолға шыққанда да көз ұшында бұлдыраған ақ шағала кешен Арқа төсімен жүзіп келе жатқан алып ақ кемеге ұқсап айдынданып қала берді.

Қайтар жолда қатал заманның құрбаны болған қос ғашық – Еңлік пен Кебектің зиратына – Махаббат мұнарасына тәу еттік. Билер сотының шешімі бойынша ат құйрығына байланып мейірімсіздікпен өлтірілген қос ғашық өздерінің ақтық өтініштері бойынша бір қабірге жерленген екен. Содан кейін де құлпытасқа қашалған «Көп жасамай, көк орған, жарасы үлкен жас өлім» деген Абай сөзі жүрек тебірентпей қоймайды. Бұл жерде де арманда кеткен қос ғашықтың рухына құран бағыштап, «Топырақтарың торқа болсын» деген ниетпен бет сипадық.

Қайтар жолда әр шоқысы мен әр бұтасы тарихтан сыр шертетін Абай туған топырақтан алған әсеріміз көңілімізді толқытып, көпке дейін тебіреністі күй кештік. Абай туған өңірге жасаған зиярат сапарымыз осындай ұмытылмас әсерлерімен есімізде қалды.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Талдықорған – Семей – Жидебай – Талдықорған