ӘН-ЖЫРДЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Уақыты: 14.08.2024
Оқылды: 385
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан небір тұлғаларды, жайсаң жандарды насихаттап, олардың өмірінен сыр шертіп отыру да игілікті істің бірі. Бұл ретте ғасырлар бойы ел жадында сақталған, тіпті кейбір туындылары «халық әні» санатында айтылып жүрген күміс көмей, жез таңдай әншілердің де өмірі мен шығармашылығын ұмыт қалдырмауымыз қажет. 


Талдықорған қаласындағы орталық балалар кітапханасында «Біржан сал – қазақ ән-жырының шамшырағы» атты тұлғатану сабағы өтті. Рухани шара барысында өскелең ұрпақ пен кітапсүйер қауымға тарихи тұлға жайлы кең көлемде мәлімет беріліп, оның сүрген өмірі, атқарған ісі мен өміршең шығармалары турасында баяндалды.

Қазақ мәдениетінің бір шынары, музыкасының алыбы саналған атақты Біржан сал Қожағұлұлының өмірі рухани күреспен өтті. Сал-сері ретінде құс салып, құмай-тазы жүгіртіп қана қоймай, ол «тар жол тайғақ кешу кезеңде» ұлттың этнографиялық тірлігінің өлеусіреген ошағына рухтың шоғын тастады, асқан ән шырқады. Киіз туырлықты елдің күйі қашқан сол бір кезеңде әрбір жиынның сәніне айналды, елді ұйытты, жұрттың жүрегінен орын алды. Міне, тұлғалық болмысы мен айтылмай келген өмір шындығының бір тарауында осындай жарқын із қалдырған ән-жырдың шамшырағы туралы оқушылар, кітапсүйер жастар молынан мәлімет алып, қазақ руханиятының бір шынарымен толықтай танысып қайтты.

Арда би