БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЦИФРЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛАР

Уақыты: 16.08.2024
Оқылды: 959
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адамзат баласының өзгеден артықшылығы тегі мен ұлтында емес, алған білімі мен сіңірген тәлімінде, қастерлі қағидаларында екенін әлемнің ақылмандары мен данагөйлері айшықтап айтса, хакім Абай ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек жұмыр басты жаратылыстың ең асыл қасиеті екенін жеткізген. Ал бір толғамында қазақ данышпаны: «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» деп тұжырымдайды. Көрмек, білмек, үйренбек болған нәрсенің бәрін ұғындыратын да, тілшелеп түсіндіретін де ұстаздар қауымы. Талапты жастың тағдырына түзу бағыт беретін де, ынта-жігерін ұштайтын да педагог. Сондықтан да ұстазы жақсының ұстанымы берік болатынын сыналап жеткізген кешегілердің әр айтқан сөзінде үлкен салмақ бар. Дегенмен, жасанды интеллектіні пайдалана бастаған бүгінгі жаһандық кезеңде жас ұрпақты уақыт талабына сай оқыту мен тәрбиелеу өте өзекті.


 Дәстүрлі тамыз кеңесінде білім саласында айшықталып жатқан жаңалықтар мен жаһандық үрдіс туындатқан мәселелер, облыстың білім саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері, ұстаздар қауымына артылатын сенім жүгі сөз болды. Атқарылар іс айқындалып, мақсат-мүдде межеленді.

«Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында өткен тамыз кеңесі облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында өрнек тапты. Шара барысында қонақтар алдымен театр фойесіндегі цифрлық көрмені тамашалады.  

Облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстың бала құқығы жөніндегі өкілі, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, Жетісу облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің және облыстық білім беру ұйымдарының, білім бөлімдерінің басшылары мен БАҚ өкілдері арнайы қатысқан тамыз кеңесі 3 кезең бойынша өтті. 

Негізгі бөлімде алғашқы болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов баяндама жасады. Ол өткен оқу жылының қорытындысын саралап, жаңа оқу жылына цифрландыру технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамыту міндеттерін айқындауға тырысты.

– ҚР білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы Ұлттық баяндамасын,  білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша облыста жол картасы әзірленіп, бірқатар  шешуді қажет ететін мәселелер бойынша  тиісті шаралар қабылдануда. Жаңа оқу жылында білім саласына цифрландыру бағытында бірқатар жаңалықтар енгізіледі. Әлеуметтік осал топтағы оқушылар үшін 137 мектепте «Цифрлық ұстаз» жобасы іске қосылып, мектеп оқушыларының білімге құштарлығын арттыратын пайдалы контент жинақталады. 

Ұлттық баяндама шеңберінде «943 – елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасы аясында білім сапасы төмен 57 нысаналы мектепте бағытталған жұмыс түрлері жүргізіледі.

Облыста оқушы саны аз, бейімделген ғимаратта білім алып отырған 22 бастауыш мектеп оңтайландырылды, нәтижесінде оқушылар типтік мектепте  толыққанды білім алатын болады, – деген Марат Бекбосынұлы сапалы білім беру маңызды міндет екенін айшықтап, өткен жылдың көрсеткішін баяндады.

1 - «Ауылдық аймақтардағы  тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Қазақстан Халқына» қоры  
1 млрд. теңгеге облыста ауылдық 4 тірек мектебін жабдықтап,  білім сапасын арттыруға өз септігін тигізді.

2 - Талдықорған қаласындағы №11 «Құлыншақ» балабақшасында  қауіпсіздікті сақтау мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпал ететін QR-кодпен кіру пилоттық жобасы енгізілді. 1 қыркүйектен облыс орталығындағы 16  балабақша осы үлгіде цифрланады. 

3 - Облыс бойынша 427 білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен 100% жабдықталған.  «Дабыл түймелері» жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөліміне қосылған. 194 білім беру ұйымы 225 штат бірлікте арнайы мамандандырылған күзетпен қамтылған. 

4 - Биыл бейнебақылау камераларын жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 163,1 млн.теңге, турникет орнату үшін 213,4 млн. теңге бөлінді. Облыстағы 81 мектеп жеке VPN канал арқылы жедел басқару орталығына қосылып, үзіліссіз жоғары сапалы, кедергісіз қосылу арнасын қамтамасыз етеді.

5 - Өңірдегі еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес 11 колледжде 13 жаңа мамандық ашылды. Өткен оқу жылғы пилоттық жоба аясында 2 колледжде 75 жоғары сынып оқушылары мектеп пен колледжде бір мезгілде оқытылса, биыл 100 оқушы қабылданады.

Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, өткен оқу жылында білім сапасының көрсеткіші 1,4%-ға өскен. Білім жетістіктерінің мониторингіне 80 мектеп қатысып, Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданы жоғары нәтиже көрсеткенімен Ақсу, Алакөл, Кербұлақ, Қаратал аудандары тиісті деңгейге жете алмаған. Білім беру стандартының сәйкестігін бақылау үшін 5 жылда 1 рет өтетін мемлекеттік аттесттаудан биыл 139 білім беру ұйымы өтеді деп жоспарлануда. 

– Білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – дарынды балалармен жұмыс. Биыл интеллектуалды шараларға 101 мыңнан аса оқушы қамтылды. Халықаралық олимпиадаларда 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль иелендік. Облыс командасы «Үздік олимпиадалық команда» марапатын иеленді. Тұңғыш рет өткізілген республикалық олимпиадада облысымыз «Үздік олимпиадалық ауыл командасы» марапатын жеңіп алды. Алакөл ауданы, Қабанбай орта мектебі мен Көксу ауданы, Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясы «Үздік ауыл мектебі» атағына ие болды. Республикалық «100 үздік олимпиадалық мектеп» қатарында – №24, №20 лицей, «Білім инновация» лицей-интернаты бар, – деген басқарма басшысы осындай нәтижелерді барлық жалпы орта білім беру ұйымдары көрсетуі қажет екенін атап өтті.

Баяндама барысында жалпы жетістіктер мен көңіл тоғайтар көрсеткіштерге ғана тоқталмай, күрмеуі ортақ мәселелерді де ерекше атап өткен Марат Бекбосынұлы  педагогтерді аттестаттаудың ережелеріне өзгеріс енгізіліп, жаз айларында біліктілік тест тапсырылғанын, алайда математика, физика, химия пәндері бойынша тест тапсырған педагогтер тиісті біліктілігін дәлелдей алмауы жағдайы орын алғанын да атады. 

Облыстың бас педагогының мәліметінше, аймақ бойынша білім берудегі цифрлық трансформация жұмыстары кешенді жүргізілуде.  Мектептерге кіріп-шығу, тамақтану төлемдері, оқушыны сәйкестендіру, оқу материалдарына шұғыл қол жеткізу сияқты ID-сәйкестендіру жүйесіне жаңа оқу жылында 69 мектеп қосылады деп күтілуде. Оған 195 млн. теңге қаражат қарастырылған. Ал, Талдықорған қаласындағы №11 «Құлыншақ» балабақшасында  қауіпсіздікті сақтау мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпал ететін QR-кодпен кіру пилоттық жобасы енгізілді, 1 қыркүйектен Талдықорғандағы 16  балабақша осы үлгіде цифрланады. Осындай мәліметтерді айшықтап, ұстаз міндетін атап көрсеткен облыстық білім басқармасының басшысы цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды жетілдіру уақыт талабы екенін де тілге тиек етті. «Алдымызға қойған міндеттерімізді бірлесе орындап, ұстаздық жолда табысты нәтижелерге жетейік», – деп сөзін түйіндеді.

Тамыз кеңесі отырысында жарыссөзге шыққан «Bilim Land» ЖШС компаниясының инфрақұрылымдық жобалар бөлімінің басшысы Назир Жашибеков «Bilim Class» жобасының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы мәлімдеді. Айта кетерлігі, бұл 100 пайыз отандық жоба. Биылдан бастап электронды журнал «Күнделік.кз»-тен отандық «Bilim Class» жүйесіне көшетін болады.

Жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, жаңа бағыттағы жоба-жоспарлар талқыланған, мақсат-міндет жүктелген ұстаздардың дәстүрлі конференциясын облыс әкімі Бейбіт Исабаев қорытындылады.

– Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Биыл облысымызда 129 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтіп отырмыз, оның ішінде 13 мыңға жуығы мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1-сынып бүлдіршіндері. Өздеріңіз байқап отырсыздар, бұрынғыдай 1 жылдың ішінде атқарған іс пен аздылы-көпті жетістіктерді атап мақтанып, проблемалық аспектілерді тасада қалдыратын уақыт өтті. Біз алдымыздағы өзекті мәселелердің бәрін  ашық айтып, жіберген кемшіліктерімізден қорытынды шығарып, алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымызды айқындап алуға міндеттіміз. Менің алдымда баяндама жасаған азаматтардың сөзінен жаңа міндет, жаңашыл көзқарас байқалып отыр. Себебі, кез келген мемлекеттің гүлденуі, экономикасы мен қоғамының дамуы мемлекет азаматтарының, жастары мен балаларының саналы, білімді болуы мен мәдениетінің деңгейін, ІQ ақыл-парасатына тікелей байланысты. Ал оның бәрі кішкентай кезден бастап мектептегі сапалы білім, саналы тәрбие алуымен бойына сіңеді. Біз жаһандық озық үрдіске ілесіп отыруымыз керек. Сондықтан да облыстағы білім сапасын арттыруға, салаға цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге, жаһандық трендтер мен ұлттық бастамаларды үйлестіруге ерекше мән беріп отырмыз, – деген Бейбіт Өксікбайұлы мұның бәрі ұстаздардың біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты екенін атап өтті. Айшықталған мәселелерге байланысты ащы сын-ескертпесін де ашып айтқан аймақ басшысы: «Біз мың жерден жаңа технологияларға толы нысандар салып, заманауи мектеп, жаһан сұранысына сай жабдықтарға толы кабинеттер ашқанымызбен сол дүниелерді меңгеріп, шәкіртіне лайықты түрде көрсете алатын, бағыт-бағдар беретін ізденімпаз ұстаз болмаса, атқарған іс құры есеп күйінде қалады», – деді.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыстың білім беру саласын дамытуға 186 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,5 млрд. теңгеге артық. Ағымдағы жылы 2400 орынды 5 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 4800 орынды тағы 5 мектеп салу жоспарлануда. Биыл материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2,9 млрд. теңге бөлінді. Өткен оқу жылында жаңа модификациядағы 45 пәндік кабинет сатып алынған болса, биыл жоспарланған 78 кабинеттің 51-і қазірдің өзінде орнатылған. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды сатып алуға 1,6 млрд. теңге бөлінген.

– Осы қабылданған шаралар білім сапасының артуына оң ықпалын тигізеді. Дегенмен, сапа көрсеткіші ұстаздардың біліктілігіне тікелей байланысты. Облыста білім сапасы 64,5%, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4% өскен болса, мұны одан да жақсарта түсуге тиіспіз. Біз бірнеше жылдан бері халықаралық олимпиадалар мен жарыстардан 3-4 алтын, 5-6 күміс алған оқушылармен мақтанамыз. Неге бұл көрсеткішті еселеп, 40 алтын, 50 күміс алдық деп қуанбаймыз? Оған да нәтиже керек, терсіңді еңбек қажет, – деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев өзге де мәселелерге кеңінен тоқталды.  Сондай-ақ, бүгінгідей жасанды интеллектіні пайдалана бастаған ақпараттық дәуірде жас ұрпақты уақыт талабына сай оқыту мен тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет екенін айтып,  елдің ертеңі саналған өскелең ұрпақтың саналы да парасатты, еңбекқор әрі елжанды, әділетті тұлға болып қалыптасуы ұстаздардың қолында екенін тілге тиек етті. Алдағы оқу жылы жемісті болсын деген ізгі лебізін жеткізді. 

Аймақ басшысы тамыз кеңесінің соңында өңірдің ұстазына бірқатар медаль мен төсбелгі тақты. Атап айтсақ, талдықорғандық Жанар Дихамбаева, қараталдық Ким Октябрина, ақсулық Талғат Молдабергенов, сарқандық Қарлығаш Ахметова ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, көксулық Людмила Герман, жаркенттік Райхан Құстаева, ескелділік Әлия Қалдыбекова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ал, текелілік Қанат Бекжігітова, күреңбелдік Қарлығаш Ескендірова, талдықорғандық Қарлығаш Қазыбекова «Еңбек ардагері» медалімен мерейленді.

Айта кетерлігі, тамыз кеңесінде 61 педагог түрлі наградалармен марапатталды. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ