Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызын арттыру жалпы дүниежүзілік тенденциялар қатарына жатады. Балабақшаға баратын балалардың білімге деген зейіні жақсы болып, білім берудің барлық деңгейіндегі жаңа ақпараттарды тез қабылдайды. Заман ағымы болашақ ұрпақ ой-өрісінің шыңдалуын, жеке тұлға ретінде қалыптасуын талап етуде.
Баланың жеке тұлға ретіндегі дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі балабақша қабырғасынан басталады. Балабақшада балаларға қызығушылықпен көтеріңкі көңіл-күй туғызатын түрлі шығармашылық тақырыпқа толы ашық ақпараттық ортаны пайдалану кеңінен қолданылады.
Білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет ете алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Әр кезеңге сай оқыту процесін ұйымдастыру мәселелерді де өзгеріп, жаңа сұраныстарға жауап беруге бейімделген. Осындай қиын міндетті шешуде балабақшаның алатын орны ерекше. Себебі, балаларға білім берудің кейінгі сатыларында нәтижелі дамуын анықтайтын негіз – балабақшада қаланады.
Қазіргі таңда балабақшамызда Монтессори технологиясына көңіл бөлінуде. Монтессори технологиясын қолдану арқылы балалар қол моторикасын дамытып, өз беттерінше жұмыс атқарып, қиыншылықтарды жеңе білуге, еркін ойлауға дағдыланады.
Ең алдымен, Монтессори деген не, бұл қайдан шыққан тәрбие термині дегенге түсініктеме беріп өтелік. Заманында Италия топырағында өмірге келген Мария Монтессори 82 жылдық ғұмырында бірқатар ілкімді іске ұйытқы болған. Ол дәрігер һәм педагог ретінде еркін тәрбие идеясын ғылыми түрде дәлелдеген. XIX–XX ғасыр аралығында өмір сүрген оның бірегей педагогикалық жүйесіне есімі беріліп, ол әлемдік ғылым айналымында «Монтессори» технологиясы деген атаумен айшықталды.
Монтессори бойынша баланың, тұлғаның даму үрдісі 4 деңгейге бөлінеді. Әрбір деңгей өзіндік дамудың бір бөлігін көрсетеді. Балалық шақтың бірінші деңгейі – бала өмірінің маңызды кезеңі, себебі мұнда оның тұлғасы және қабілеттері қалыптасады. М. Монтессори баланың алғашқы үш жылғы өмірін «психологиялық эмбрион» деп атаған. Себебі, бала қоршаған ортаны қабылдап, өзінің оның бір бөлігімін деп есептейді.
Жалпы, біз бүгін әлемдік тәжірибенің толысқан, жемісін берген, ғылыми түрде нақты дәлелденген кезеңінде ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Ендеше, ел ертеңі – жас ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ойлау қабілеті мен біліміне байланысты екенін ескеріп, біз де әлемдік озық тәжірибеден қашпауымыз керек. Бүгінде жан-жақты дамыған, тұлға ретінде қалыптасқан ұрпақ қалыптастыруға ең алдымен ұлттық тәрбие керек болса, одан кейін Монтессори технологиясы секілді озық тәжірибелер де керегін атап өткен жөн.
Аделям ЕЗБАЕВА,
«Бөбек» балабақшасының
тәрбиешісі
Атамекен ауылы,
Панфилов ауданы