Ел сенімін ақтаған

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 1579
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Сарқан ауданының Құрметті азаматы, Алмалы орта мектебінің директоры Құлахметова Жамал Ағабдолдақызының ұйымдастырушылық қабілеті айналасына жақсы таныс. Пайымдап қарасаңыз, Онысы туа біткен дарын емес, талаптан туындайды. Ал талапты жанға қашанда нұр жауатыны анық.

Жамал Құлахметова 1957 жылы 23 маусымда Алмалы ауылында дүниеге келген. Жастайынан ұстаздық мамандықты мақсат тұтқан жан Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді. Еңбек жолын Көкөзек орта мектебінен бастаған жас ұстаз тарих пәнінің мұғалімі, Новопокровка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Тасарық орталау мектебінің директоры, Пограничник орта мектебінің директоры сатыларынан өтіп, аудандық әкімдіктің ұйғаруымен 2001 жылы аталған мектепке директорлық қызметке ауыстырылды. Қай мектепте істесе де жаны жайсаң, ашық мінезді, талапшыл Жамал әр адамға көмек қолын созып, әр оқушысының білім сапасына ден қойып, жағдай туғызып, мұғалімдерге әдістемелік, тұрмыстық, материалдық көмегін аяған емес. Өзі директорлық еткен мектептеріне жаңадан қабылдаған жас ұстаздарға жан-жақты жағдай жасап, олардың баспанамен қамтылуын, азық-түлігі  мен  күнделікті күнкөріс қажеттіліктерін қанағаттандырылуы мен оқу жүктемесінің толық болуын, оқу кабинеттерінің жарық, жылы болып, талапқа сай безендірілуін, кұжаттарының дұрыс рәсімделуін қадағалап, алғашқы қадамдарына сәттілік тілеп, психологиялық-моральдік тұрғыдан дайындап алып барып қызметін бастатады. Жұмыс барысында әдістемелік көмек көрсете отырып, талапшыл басшы әрбір педагогтың жұмыс нәтижесін әділ бағалап, тиісті бағасын беріп отырады. Өзінің туған бауырындай, сіңлісіндей, баласындай тәрбиелеген мамандары бүгінгі күні қай қиырда жүрсе де соншалықты қатал, талапшыл басшыларына дұғай-дұғай сәлем айтып, өз ризашылықтарын білдіріп жатады. Оқытқан оқушылары Астана қаласындағы министрліктерден бастап шалғай ауылдардағы кәсіпкерлерге дейін ұлағатты ұстаздарының тәлім-тәрбиесіне нұқсан келтірмей егеменді еліміздің экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Бүгінгі таңда білікті басшының жетекшілігімен жылына 2–3 «Алтын белгі» иегерлері, үздік аттестат, негізгі мектепті үздік аттестатқа бітірген 8–10  оқушы шығарып отырған ұжым өз  іс-тәжірибелерін аудан, облыс, республика көлемінде насихаттап жүр. Мектепте жылына 4–5 реттен  аудандық, облыстық пән семинарлары өтіп тұрады. Жалпы оқу- тәрбие үрдісіндегі жетістіктері «Современное образование в школе, колледже и вузе» деген республикалық журнал, «Жетісу элитасы» энциклопедиясында жарық көрді. Озат оқушылары Семейдегі Абай, Түркістандағы Яссауитану, Алматыдағы Сайын Мұратбеков республикалық оқуларының,  Түркістандағы  «Алаш  үміті» халықаралық оқуларының жүлдегерлері болып, күміс, алтын медальдарымен марапатталып қайтты. Мектепте жас ұрпақты салауатты өмір салтына үйрету, дене жаттығулары өз деңгейінде жүргізіледі.  Аталған мектептің оқушылары шахмат, тоғызқұмалақ, баскетбол,  шаңғы, күрес, бокстан аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері. 11-сынып оқушысы Бегасыл Еркебұлан Грекияның Афины қаласында өткен әлемдік чемпионаттан күміс жүлдегер болып оралып, аудан, облыс  мақтанышына айналды. «Нұр би» тобының бишілері  «Күншуақ» халықарлық байқауының І,ІІ орын жеңімпаздары. «Бұлақ көрсең  көзін аш» дегендей, бұл мектептің ұстаздары мен оқушыларының жеткен жеттістіктерін бір параққа сыйғызу мүмкін емес. Барлығы көреген басшының тынымсыз еңбегінің, білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы.
Өзінің осындай ұшан-теңіз, ұшы-қиыры жоқ, уақытпен өлшенбейтін   қызметімен қоса Жамал Ағабдолдақызы әлеуметтің қамын ойлаған, өмірін көптің мүдесіне арнаған, халық қалап, сүйіп сайлап алған халық қалаулысы – облыстық мәслихаттың депутаты. Тек көптің бірі болып көшке ілесіп жүрген адам емес, ол қоғамның өкілі ретінде халқының ойындағысын, өзекті мәселелерін жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрген жауапкершілігі жоғары, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жауапты тұлға. Облыстық депутат болып сайланғалы әр округтен түскен сұраныстарға, арыз-шағымдарға бейжай қарай алмайды. Халықты толғандырып жүрген мәселелерді округ, аудан, облыс әкімдігіне жолдап, Аманбөктер – Екіаша тасжолын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы сұрап Астанаға, ҚР Транспорт және көлік коммуникациясы министрінің қабылдауына дейін барып қайтты. Осы мәселені дер кезінде шешіп, 700 млн. теңге бөлінуіне ықпалын тигізді. Бүгінгі таңда осы  жол халыққа қызмет көрсетуде. Алмалы ауылынан 100 орынды балабақша, 120 орынды «Өнер» мектебі филиалының ашылуына, Сарқан қаласындағы Ы. Алтынсарин, Ақын Сара атындағы мектептердің күрделі жөндеулеріне қаржы бөлінуі халық қалаулысының мазасыз еңбегінің нәтижесі. Депутаттық сауалнамалар беріп жүріп, аудандық орталық Мәдениет үйінің, Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуіне, «ДЭУ-ПМК» шағынауданындағы су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға, аудандық аурухананың ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінуіне атсалысты. Алмалы орта мектебінің, М. Тынышпаев атындағы орта мектептің бүгінгі атауларын еншілеуіне көп еңбек сіңірді. Амангелді округінің тұрғындарының өтініштерін қанағаттандыру мақсатында «жедел жәрдем» көлігінің бөлінуіне жәрдемдесті. Жамал Ағабдолдақызының облыстық мәслихаттағы комиссия отырыстарында көтерген мәселелері де биылғы жылы ескеріліп жатыр. Орталық балалар шығармашылық үйі, Абай атындағы мектеп-гимназия жаңа жапсаржайымен, Черкасск Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпекші. «Әлі талай шешімін табар мәселе көп», – дейді халық қалаулысы. Сондай-ақ, өзі сайланған «Нұр Отан» партиясының да тапсырмаларын асқан жауапкершілікпен  орындап келеді. «Білім» бағыты бойынша аймақтық куратор, облыстық саяси кеңес мүшесі. Елбасы Жолдауын халық арасында насихаттау жұмысына, «Рухани жаңғыру» іс-шараларының өтуіне мұрындық болуда.
Жамал Ағабдолдақызының еткен еңбегі, төккен тері бағаланып бірнеше марапаттарға  ұсынылған.  Сарқан  ауданының  Құрметті  азаматының кеудесінде бүгінгі күні  «Ы. Алтынсарин» медалі, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, «Парламентке – 10 жыл», «ҚР  Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР  мәслихатына – 20 жыл», «ҚР  Конституциясына – 20 жыл», «Алматы облыстық әйелдер ассоциациясына – 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне  – 25 жыл» медальдары жарқырайды. Сондай-ақ, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ол жауапкершілігі орасан зор ауыр жүкті көтерумен бірге аяулы ана, қамқор әпке, Алла берген жеті немересінің әжесі. 
Ізденісімен біз айтып отырған жетістіктерге жеткен замандасымыз үшін биылғы жыл өрісін кеңейтетін, өркенді істері жалғасын табатын жыл болғай деп тілейміз.
 
Жомарт ИГІМАН,
Сарқан  аудандық мәслихатының депутаты