ТАУЛАР АЛЫСТАҒАН САЙЫН

Уақыты: 17.04.2018
Оқылды: 1449
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтен: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген ұлағатты сөз қалды. Осы тұрғыда Алаш жұртына дәстүр сабақтастығын үлгі еткен қасиетті Қарасай жерінің азаматтары жуырда ғана айтулы ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың 90 жылдығына орай мазмұнды шара ұйымдастырса, араға ай салмай тағы бір тұғырлы азаматы – Хамза қажы Екейбаевтың туғанына 90 жыл толуын салтанатпен атап өтті.


    Аудан орталығы Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде бастау алған мерейтойлық шараны жазушы, академик Нағашыбек Қапалбекұлы құттықтау сөзбен ашып, еске алу салтанатының тізгінін өз қолына алды.
– Құрметті ағайын, Хамза қажының жерлестері мен оның өнерін құрметтейтін зиялы қауым өкілдері! Хамза қажы Екейбаев өзінің өмірі мен өнегелі ісі, өнері арқылы көпшілік құрметіне бөленген абыз ақсақал, барша қазаққа танымал жыршы-термеші. Ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет атқарып, сержанттан полковник шеніне дейін көтерілген тыныштық сақшысы. Осы салаға сіңірген еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болған біртуар тұлға, ғұмыры ғибратты жан болды. 
   Хамза қажының 80 жылдық мерейтойын Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында кеңінен атап өткен болатынбыз. Республикалық термешілер байқауын өткізіп, бас бәйгеге автокөлік мінгізгеніміз есімде. Енді, міне, 90 жылдық мерейтойы қарсаңында  баспасөз беттерінде ол жайлы мақалалар мен естеліктер жарияланып, бейнетаспалар дайындалу үстінде.  Облыс басшылары ағамыз туып-өскен Бекболат Әшекеев ауылындағы бір көшеге Хамза қажының есімін беруге ұсыныс жасауда.  
   «Асқар таулар алыстаған сайын асқақтай түседі!» демекші, Сүйінбайдай дүлдүл ақынның барлық жыр-дастандарын, айтыстарын түгелдей жатқа айтатын өнертанушы, жақсы істерімен елдің алғысына бөленген Хамза қажының мерейтойына қош келдіңіздер! – деді ол.
   Осыдан кейін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев мінберге көтеріліп, Хамза Екейбаевтың өмірі мен қызметі, елге сіңірген еңбегі тұрғысында баяндама жасады. «Батыр жауда, би дауда танылады» дейтін дана халқымыз еліне қорған болған батырларымен бірге ел басына іс түскенде тығырықтан алып шығар, адасқанға жол көрсетер аузы дуалы абыздарын да бағалай білген, – деп бастады Махаббат Сәдуақасұлы өз сөзін. – Ел тарихы мен ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, олардың өсиеті мен өнегесін жастарға үлгі етудегі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамалары аудан халқының жан-жақты қолдауына ие болып, саяси-мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып отыр.
   «Еңбегіне қарай – табысы, ерлігіне қарай – дабысы» деп бабалар айтпақшы, бүгін       90 жылдығы салтанатты түрде аталып өтіп отырған Хамза қажы Тілеубайұлының, еліне қамқор, халқының қамын ойлаған жанашыр азамат болғаны белгілі. Міне, сол бір «тар жол, тайғақ кешу» заманында Кеңестер одағынан бөлініп шығып, жаңадан мемлекет құруға бел буған ел-жұртына бас болып, тура жолға салатын көкірегі ояу, көзі ашық азаматтары болды десек, соның бірі Хамза ағамыз екені даусыз
   Саналы өмірін ішкі істер органдарындағы қызметке, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне арнаған Хамза Тілеубайұлы түн ұйқысын төрт бөле жүріп, өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, қажет жағдайда тәуекелге барып, адал ісімен, қырағы қызметімен туған халқының құрметіне бөленген абзал азамат. Міне, осы орайда бүгін біздер өзіміздің жерлесіміз, Ішкі істер саласының үздік қызметкері болған, жыршы-термеші, шежіреші, самбодан КСРО спорт шебері Екейбаев Хамза қажы Тілеубайұлының туғанына 90 жыл толуын салтанатты түрде атап өтуге жиналып отырмыз.
Ол кісінің өмір жолына үңілсек, ел ағасы Қарағанды облысы және Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Екейбаев Хамза Тілеубайұлы 1928 жылы 23 ақпан күні Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қарағанды облысы Сталин ауданындағы № 7 қазақ орта мектебін үздік бітіріп, Кеңестер одағының жоғары оқу орындарына түсу құқын жеңіп алып, комсомол комитетінің жолдамасымен шахтер болып жұмысқа орналасқан. Шахтада әртүрлі мамандықты меңгерген.
   1960 жылы Киров атындағы университетке оқуға түсіп, заңгер мамандығына ие болады. 1964 жылы завод жанындағы милиция бөлімшесіне жұмысқа орналасып, көп жылдар ішкі істер саласында қажырлы қызмет атқарды.
Қарағанды қаласының Майқұдық ауданының милиция бөлімшесін 20 жылдан аса басқарған, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, бірнеше медальдармен, грамоталармен марапатталған. Милиция саласында полковник шеніне дейін көтеріліп, 45 жыл үздіксіз қызмет істеген, үш мәрте қажылыққа барған Хамза Тілеубайұлы Екейбаевтың ғибраты мол саналы ғұмыры, ішкі істер қызметінде, жалпы өмірде көрген-түйгенінен жиған мол тәжірибесі, адамгершілік биік көзқарасы, иманды да ибалы ой-парасаты мен діни берік ұстанымының кейінгі жастар үшін тәлім тәрбиелік маңызы зор.
   Зейнетке шыққан соң Бірінші Май ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, тұрғындарды толғандырып отырған өзекті мәселелерге көңіл бөлуге тырысты. Ауыл ақсақалдарымен ақылдаса келе елді мекеннің атын өзгерту туралы ұсыныс жасап, ауылға 1916 жылы патшалық Ресейге қарсы шыққан, қазақ жастарының әскерге қара жұмысқа жіберілуіне қарсы көтерілісті басқарған халық батыры Бекболат Әшекеевтің аты берілген. Осы шаруаға үлкен үлес қоса отырып, ауылдың кіреберіс жеріне монумент қойдырып, үлкен ас берілуіне ұйытқы болды. 
   «Туған жерге туыңды тік» демекші, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне белсене араласып, халық мүддесі үшін ауқымды мәселелерді шешуге ұмтылып, әр кез елді берекелі іске жұмылдырып отырған. Туған еліне қайтсем қол ұшын беріп, қамқорлық жасаймын деген мақсатта ауылында «Роза» жекеменшік шаруашылық серіктестігін ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтып, жұртшылықтың ризашылығын алған. 
   Сондай-ақ, Қарғалы ауылынан Қайнар ауылы арқылы Бекболат ауылына газ түсірілуіне, Жаңбас су көзінен ауыз- су жүйесінің тартылуына үлкен ықпал еткен. Өзі салғызған «Хамза қажы» мешітінің жанынан 120 орынды дәстүрлі діни іс-шаралар өткізетін жай ашып, мешіт жамағаттарының діни жоралғылар жасауына қолайлы жағдай туғызған. Жерлестері ол кісінің туған ауылына деген ағалық қамқорлығын сағынышпен еске алып отырады. 
    Кеңестер одағы кезеңіндегі шектеулер мен тыйымдардың кесірінен 70 жылда өзінің салт-дәстүрімен бірге діни ұстанымдарынан ажырауға шақ қалған халқымыз тәуелсіздік таңы атқанда өзінің ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері, сенім-нанымдарымен қайта қауышуға мүмкіндік алды. Осы бір өліара кезеңде де халықтың екіжақты пікірде болғаны белгілі. Діни ұстанымдарымызға, ислам дініне оралуымызға түсініспеушілікпен қараған азаматтар да жеткілікті болды. Міне, осы бір дүдәмал жағдай белең алған сындарлы уақытта Хамза ағамыз елдің бетін имандылыққа бұрып, пәтуалы сөз айтып, дұрыс діни көзқарасын қалыптастыруға, жастарды дұрыс жолға бағыттауға күш салды. Қажылыққа үш мәрте барған Хамза Екейбаев өзі туып-өскен Бекболат ауылына зәулім мешіт салып берді. Қазақстан Қажылар қоғамының төрағасы қызметінде халықты имандылық пен салауаттылыққа тәрбиелеу ісіне басты назар аударды.
   Хамза ағамыздың ұлттық өнерге деген құрметі мен сүйіспеншілігі де ерекше болған. Сөз құдіретіне бас ие отырып, аты алты Алашқа мәлім, сөзі семсер Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл, толғауы тоқсан Бұқар жырау мен өсиеті өміршең Майлықожа, Құлыншақ сияқты ақын-жыраулардың ғибратты жырларын шебер айтып, олардың жыр-дастандарын насихаттауға көп еңбек сіңірген. Әсіресе Сүйінбай мен Қатаған айтысын нақышына келтіре орындап, бабамыздың өткір де тапқыр сөздеріне сүйсініп отыратын болған. Қазақтың қара домбырасымен бірге гармоньда, мандолина сияқты өзге ұлттардың музыкалық аспаптарында да шебер ойнай білген. Хамза қажының  бүкіл ғұмыры туған халқына адал қызмет етумен бірге өлең өнеріне де арналып, халық арасында жыршы, термеші деген құрметті атаққа ұласқан. Самбодан КСРО спорт шебері Хамза ағамыздың жолын қуған спортшы жерлестері ауданда көптеп саналады. Біздің жеңімпаз спортшыларымыз облыстық, республикалық, Азия және Әлемдік халықаралық жарыстарының жүлдегерлері мен чемпиондары.
   «Ақыл тозбайды, алтын шірімейді» демекші, еңбек жолын Теміртау Магниткасында кенші болып бастап, шекара қызметінде, Ішкі істер министрлігі саласында 45 жыл үздік қызмет атқарған Хамза ағамыз көптеген грамоталар мен медальдардың және Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанған. Туған халқын, жерін ерекше сүйіп, қастерлей білген Хамза ағамыз еліне деген адал қызметі мен қажырлы еңбегінің, биік азаматтығының арқасында ел құрметіне бөленген айтулы тұлға.
   Туған елінің біртуар азаматы Хамза қажы өзін ардақтап, қадірлей білген, мұңына бірге егіліп, қуанышына бірге шаттанған қасиетті елін, қазағын шынайы сүйе білген үлкен жүректі адам ретінде жерлестерінің есінде қалды. Елінің құрметті азаматы, жанашыры, қамқоршысы болған Хамза Тілеубайұлының қайырымдылыққа толы жарқын өмірі жас ұрпаққа ғана емес, баршамызға биік үлгі және таптырмас өнеге болып қала бермек!
Осыдан кейін мерейтой иелеріне іссапармен шетелде жүрген  облыс басшысы Амандық Баталовтың ыстық ықыласын жеткізген аудан әкімі Махаббат Сәдуақасұлы Хамза Тілеубайұлының жары Роза апайға ықылас  шапанын жапқан.
   Саналы ғұмырында сан қырлы қызметтер жасап, тәртіп пен реттіліктің ғана емес, өнер мен өскелең ұрпақтың да қамқоршысы бола білген Хамза қажының  тәлімін алған, шарапатын көрген азаматтар бұл күні жүрекжарды естеліктерін ағытқан. Осы орайда Даңқ орденінің толық кавалері, мемлекет және қоғам қайраткері генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Қарағанды қаласынан арнайы келген Хамза Екейбаевтің тәлімгері, полиция полковнигі Рымбек Қорабаев, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген заң қызметкері Арықбай Ағыбаев, Хамза қажының туысқан інісі Рысбек Таубаевтың сөздері кешке жиналған жұртшылықты бейжай қалдырмағаны анық. 
    Нағашыбек  Қапалбекұлы сонымен бірге осы мерейтойға өздерінің жүрекжарды тілектерін жеделхат арқылы жеткізген Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігінің  төрағасы генерал Алик Шпекбаевтың, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Кәрім Көкірекбаевтың, Алматыдағы батыс ішкі істер бөлімінің басшысы генерал  Серік Бұлдыбаевтың, академик Серік Қирабаевтың, Қазақстанның Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің құттықтау хаттары келіп түскенін хабарлады. Ал белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Сатыпалдының құттықтауын кешке арнайы келген «Ақорда» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Мұсағұлов оқып берді.
    Салтанатты жиынның соңы аудан өнерпаздарының күшімен әзірленген концертке ұласып, соңынан кеш қонақтары Хамза қажы Тілеубайұлының рухына Құран бағыштап, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.