БАТАЛЫ ЕРГЕ БАҚ ҚОНАР

Уақыты: 24.09.2024
Оқылды: 1504
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ардагерлер үйінде облыстық, қалалық деңгейде «Батагөйлер байқауын» өткізіп тұру игі дәстүрге айналды десе де болады. Өткен аптада осындай байқау Талдықорған қаласы бойынша ұйымдастырылды. Ғибраты мол шараға қала аумағында тұратын батагөй қариялар қатысып, әділқазылар алқасы алдында біліктіліктерін сарапқа салды.


Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М. Қожабеков атап өткендей, бата сөзі арабтың «фатаа», «фатиқа» сөзінен шығып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, дәстүр-салтына терең енген. Сайын даланы мекендеп, көп ретте аттың жалында, түйенің қомында тірлік кешкен бабаларымыз айтқаны айнымай келетін аузы дуалы қариялардың батасын алуға тырысқан. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер», «Бота алғанша бата ал», «Баталы құл арымас» деген мәтелдер бұл сөзімізге жарқын дәлел бола алады. Болашағынан үміті бар жастардың ел-жұртқа белгілі адамдардың батасын алу үшін айшылық алыс жерлерге сапар шегіп, солардың жанында айлап жүргені, арнайы қонаққа шақырып, сый-сыяпатын беріп ықылас жасауды өтінгендіктері тарихтан белгілі.

Өткен кезеңде бата беру дәстүрі біржолата жоғалып кетпесе де белгілі бір дәрежеде ұмытылыңқырай бастағаны жасырын емес. Бұл шара да осынау игі дәстүрімізді қайта жаңғырту, көпшілік арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

«Баталы ерге бақ қонар» атты байқау барысында қариялар екі кезең бойынша сынға түсті. «Бата – тәрбие бастауы» атты бірінші кезеңде алдын ала дайындап келген баталарын ортаға салса, «Бата бере білесіз бе?» атты екінші кезеңде билет бойынша айқындалған тақырып бойынша тілектерін ақтарды. 
Ақ көңілден ақтарылған мұндай тілектердің қай-қайсына да әділқазылар алқасы нақты бағаларын берді. Сөз орайы келгенде қазылар алқасына Ардагерлер орталығының рухани тәлімгері, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Халық қарияның төрағалық еткенін, құрамында облыстық, республикалық деңгейде өткен батагөйлер байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы Серікбек Балқыбеков пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нүсіпбай Әбдірахымның болғанын айта кетейік.

Байқау қорытындысында Құрмаш Исмаилов пен Қуаныш Күнболатов, Әбілжанат Хасенов сынды қарттар ынталандыру сыйлығына ие болса, екі ІІІ-орынды Нұртай Қыдырәлі мен Нұрдәулет Қырықбаев ақсақалдар өзара бөлісті. Ал ІІ-орынды Хавылхах Алимхан иеленіп, жүлделі І-орын батагөй қария Ахметбек Ибраимовке бұйырды. Жүлдегерлерге арнайы Дипломдар табысталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 
Мазмұнды шараны Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, әнші, сазгер Бақберген Асқарбеков әнмен әрлеп, төгілдіре терме айтып, шараға жиналған қазына қариялардың көңілдерін шарықтатты.

Нүсіпбай ДОДАБАЙҰЛЫ
Талдықорған қаласы