Аудан тұрғындарына бірнеше тарту жасалды. Әдеттегідей аудан әкімі Елдос Ахметов көпшіліктің қуанышына ортақтасып, тұрғындарға тілеулестігін жеткізді.
Алғашқылардың бірі болып Қаратал ауылдық округінің тұрғындары қуанышқа кенелді. Мұнда жаңа әкімдік ғимаратты пайдалануға берілді. Бұрын ауылдық округ әкімдік қызметкерлері 60-шы жылдары салынған ғимаратта еңбектенген. Тозығы жеткен нысан сүріліп, орнына блокты-модульді әкімдік бой көтерген. Ол үшін бюджеттен 37 млн. теңге қаралған. Осы қаржыға «Бигстройсервис» ЖШС 2 айдан астам уақытта аумағы 140 шаршы метр әкімдік ғимаратын салған.
Жалғызағаш ауылының тұрғындары да бір серпілді. Өйткені ауылда 120 орынды Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ауылдық клубтың меңгерушісі Еркебұлан Мұсафировтың сөзінше, мұндай нысан салуға бюджеттен 130 млн. теңге қаржы қаралыпты. Бұған дейін 1000-нан сәл асатын тұрғыны бар ауылдағы мәдени-көпшілік шаралар 50-ші жылдарда салынған Мәдениет үйінде өтіпті. Тозығы жеткен нысанның жайын ауыл тұрғындары облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерген екен. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымының негізінде жаңа нысан бой көтеріп отыр. 380 шаршы метрлік блокты-модульді нысанның құрылысын «Qaz Damu Construction» ЖШС жүргізген.
– Мемлекет басшысының «Баршаға бірдей мүмкіндік» қағидаты аясында ауыл тұрғындарына әлеуметтік маңызды қызметтерге қолжетімділікті арттырып жатырмыз. Соңғы бірер жылда ауданның әрбір ауылында блокты-модульді нысандар салу қарқынды жүргізілуде. Әрбір ауылда әкімдік, медициналық пункт, мәдени нысандар, ветеринарлық пункттердің қажеттілігін азғантай уақытта өтейміз. Жуырда ғана ауылда ветеринарлық пункт, ауыл әкімдігі ғимаратын аштық. Енді, міне, ауылдық клубты пайдалануға беріп отырмыз. Келер жылы дәрігерлік амбулатория салынады. Көптен күрмеулі ауызсу желісі қайта жаңғырады, – деді Елдос Ахметов.
Ақжолтай жаңалық Жетісу ауылында да бой көрсетті. Өткен жылдың соңында басталған газдандыру жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС бір жылға жетер-жетпес уақытта аяқтап отыр. Ауылды газдандыруға бюджет қоржынынан 490 млн. теңгеге жуық қаржы қаралған. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, ауданда 33 елді мекен болса, оның 21-іне газдандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Қазір 12 ауылға желі тартылып, 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар аяқталып, осы ауылдың тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көрмек.
Дастанбек САДЫҚ