ҚУАНСА - БАЛА ҚУАНСЫН

Уақыты: 30.05.2018
Оқылды: 1124
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Жаз айының бірінші күніне дәл келетін халықаралық балаларды қорғау күні ең шуақты мереке десек болады. Ол бүкіл әлемде өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап атап өтілуде. Оны өткізу туралы шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. БҰҰ бұл бастаманы қолдап, балалардың құқықтары мен өмірін, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыты деп жариялады.

 

   Бұл мейрам балдырғандарға айрықша көңіл бөліп, оларды қуантып, бүкіл әлемнің назарын балалар мәселесіне аударуды көздейді. Үнемі балалардың пікірімен санасып, жағдайына мән беру керектігін, олардың білім алуы, демалуы, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, зорлық-зомбылық, балалар еңбегін қанаудың алдын алу сынды жайттарды алға тартады.  
   Балаларды қорғау күні осынау тамаша шақтың мән-маңызын ашатын, жеткіншектерді шадыман-шаттыққа бөлейтін әртүрлі іс-шаралар өткізумен ерекшеленеді. Өткен жылдан бері аталмыш мейрам елімізде айрықша тойлануда. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру мақсатында балалар мен жастар музыкалық ансамбльдерінің Бірінші шеруі өтті. Биыл да бұл бастама игі жалғасын тауып,  еліміз көлемінде 1 маусым күні бір мезгілде «Шабыт шеруі» өтетін болады. Талдықорған қаласында топ жаратын мерекелік шарада шеруді Оқушылар сарайының жас жеткіншектері бастайды. Сондай-ақ, шеруге қаланың орта білім ошақтары мен музыка мектептері де біркісідей атсалысады. Шеруге дайындық күн сайын өтіп, ұстаздар мен үйірме жеткіншектері сап түзеп жүруді үйренуде.
   Шеруге Оқушылар сарайынан 300-ден астам жеткіншек қатысады. Онда домбырашылар, қобызшылар, барабаншылар, саксафоншылар, бишілер, гитаристер, роллерлер, суретшілер, әншілер, черлидерлер шеру құрып өтпек. Ұстаздар да атсалысып, музыкалық ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп шығады. Биылғы шара Астананың 20 жылдығына орай өтетіндіктен Елордамызға арналған ән-биі аралас музыкалық қойылым қойылады. Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мереке шерумен, қызықты шаралармен шырайлана түспек.

Алма ЕСЕНБАЕВА.