ӘУЕНІ БӨЛЕК ӘЛЕМ

Уақыты: 13.12.2024
Оқылды: 411
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам бойына берілген қабілет шыңдалған сайын көркемденіп, көкке көтеріле береді. Сол дүние тұлғаның жүзін үнемі жарқын етіп тұрады. Ой-қиялға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгетін небір дарын иелерінің кештері Талдықорған төрінде жиі ұйымдастырылып келеді. Осы ретте күні кеше Д. Рақышев атындағы облыстық филармониясында «Өнерім-әлемім» атты концерттің өткенін ауыз толтырып айта кеткеніміз жөн.


Адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын, сұлулыққа тәрбиелеп игі қасиеттерді оятатын, адамгершілік идеяларды насихаттайтын әншілік өнердің орны қашанда бөлек. Осы жүкті  арқалып, өмірін әлемдік өнерімен ұштастырып жүргендердің бірі халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Тілек Нағымбаев. Оның аты аталса жетісулықтардың елең етісетіні айдан анық. Әнші орындаған әндерге берілетін баға да жоғары.

Кешке жиналған жұрт жан-дүниесін өзге бір әлемге жетелейтін, сезім пернелерін дәл басатын, жан біткеннің барлығына тілі ортақ, адамзаттың әмбебап тілі – музыка әлеміне бірге саяхат жасады. Тілек Нағымбаевтың орындауындағы әндерді сүйіспеншілікпен тыңдап, кей туындыны қосыла шырқады.

– Әкем мен  анам да өнер адамдары болды. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған әншілікті дамытпағаным сын болар еді. Музыкаға құмарлық 6 жасымнан оянды. 9 жасымнан бері сахна төріндемін. Классикалық бағытта, опералық ән айту өнердің шыңы. Біз Абайдың шығармаларын, халық әндерін классикалық бағытта орындау арқылы жаңа серпін әкелу үшін тырысудамыз. Көпшілік опералық туындыларды да тыңдау үшін заманауи кинолардың саунтрегін классикалық тұрғыда орындап, тыңдарман қатарын көбейтуге күш салудамыз. Мұқан Төлебаев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков сынды композиторлардың шығармалары халық жадында жиі жаңғырып тұру керек деп есептеймін, – дейді кеш иесі. 

Салтанатты шара аясында Тілектің орындауында Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені», Рольф Левлэндтің «You Raise Me Up» және басқа да авторлардың түрлі жанрдағы 20-ға жуық туындысы әуеледі.

Медет ЖҰАМАБАЙ