ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 30.12.2024
Оқылды: 874
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мұғалім балаға білім беру үшін өз-өзін үнемі дамытып отыру керек. Ізденісін тоқтатпаған ұстаздың шәкірттері ұлағатты болмақ. Осы ретте Талдықорған қаласындағы Б. Сырттанұлы атындағы №25 орта мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтарды іске асыру жолдары» тақырыбында семинар өтті.


Облыстық семинардың өтуіне «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, «Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының Жетісу облысындағы өкілдігі мұрындық болды. Бұл шараның негізгі мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында құндылықтарды іске асырудағы тәсілдері мен оқу-тәрбие жұмысын жүргізу бойынша тәжірибе алмасу.

Жиында «Сабақта оқушыларда ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сынды құндылықтарды қалыптастыру үшін қолданылатын әдістер, тәсілдер, жұмыс нысандары» туралы Зухра Ескендирова, «Құндылықтарды іске асыруда ата-анамен жүргізілетін жұмыстың атқаратын рөлі» тақырыбында Айман Утенова, «Бастауыш сыныптарда «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асырудағы пәнаралық тәсіл» жөнінде Айгерім Әлпейсова, «Сабақтан тыс уақытта оқушылар бойында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтарын қалыптастырудағы әдіс-тәсілдер» тұрғысында Бұлан Бекейқызы баяндама жасады. Ұстаздар қауымының сұрақтарына кеңінен жауап беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

– Мұндай шаралардан оқытушылар көп тәжірибе жинайды. Білімдерін жетілдіреді. Кәсіпті жүзеге асыру бойынша мұндағы баяндамашылар 4-5 курстан өтіп келді. Бұл сол курстан өткен педагогтерді қолдау үшін ұйымдастырылып отырған жиын. Олар бастауыш сыныптарда білім берудің негізгі құндылықтары жөнінде толыққанды ақпараттандырды десек жөн, – дейді курс тренері Айгүл Қазбекова.

Семинар аясында курстан өтіп, білік-білімімен бөліскен оқушылар Алғыс хат, сертификатпен марапатталды.

Медет ЖҰМАБАЙ