БАҚАНАСТАҒЫ ҚАЛАМГЕР ТОЙЫ

Уақыты: 19.01.2025
Оқылды: 392
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жақында ақын, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысының және Балқаш ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Әли Ысқабайдың мерейлі 85 жасқа толуына орай шығармашылық кеші болып өтті.

Қаламы қарымды қаламгерге құрмет көрсету мақсатында жерлестері тарапынан ұйымдастырылған мәдени шараға Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, ауданнан шыққан қаламы қарымды, ойы шалымды ақын-жазушылар, зиялы қауым және мерейтой иесінің туған-туыстары арнайы келіп қатысты.
 Алыстан ат арытып келген қаламгерлер мен мәдени шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтарды аудан басшысы бастаған топ Д. Қонаев атындағы саябақ алдынан күтіп алып, ұлы тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Димаш атаның аруағына тағзым жасап, естелік суреттерге түсті.

Мұнан соң Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясына ат басын бұрып, Ресей батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, демеушілердің көмегімен жақын да ғана ашылған жерлесіміздің атындағы сынып бөлмесін көрді. Ол жерде мектеп оқушыларының өлең шумақтарына құлақ түріп, бүлдіршіндерге ризашылықтарын білдіріп, өнерлі балаларға тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарға алғыстарын жаудырды.

Бұдан соң алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар аудандық Мәдениет үйінің есігінен аттап басқан сәтте Бақанас мектеп-интернатының оқушылары Әли Әпекұлына арнаған өлең шумақтарын айтты. Келесі кезекте аудандық кітапхана қызметкерлері дайындаған, мерейтой иесінің кітаптары қойылған «Шежіре тұнған, асылдар туған құт мекен» атты кітап көрмесін аудандық кітапхана директоры Қаракөз Жұмәділова таныстырып шықты.  

Мәдени шараның шымылдығын түрген аудан басшысы Азат Үкітайұлы  ұзақ жылдар бойы рухани байлықты насихаттау жолында табандылықпен қалам тербеп, бүгінгі ұрпаққа рухани азық боларлық туындылар жазып, ұлағатты ісімен танылған қаламгерді сахна төріне шақырды. Аудан азаматтары атынан астына ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жауып, Құрмет грамотасын табыстады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев Әли Әпекұлы шығармаларының маңыздылығы жөніндегі ойын ортаға салып, өзінің ізгі тілегін арнады. Талдықорған қаласынан арнайы келген ардагер журналист Нүсіпбай Әбдірахым құттықтау тілегін арнап, қаламгердің еселі еңбектері жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, Әли ағаның өзі көп жыл еңбек еткен «Jetіsý» газеті мен «Жетісу Медиа» МКК атынан иы­ғына шапан жапты. Сондай-ақ Халықаралық   «Д. А.  Қонаев» қорының вице-президенті Дәулетбек Жанботаев  мерейтой иесінің төсіне «Д. Қонаев» орденін тағып, аталмыш қордың президенті Элдар Қонаевтың құттықтау хатын табыстады.

Әсерлі өткен шарада Әли ағамен үзеңгілес жүріп, оның жолын қуған қаламгерлер қауымы, әріптестері Сағидолла Сиқымбай, Зарыққан Әбілқасымұлы мерейтой иесіне ақ тілектерін арнаса,  ақын  Шынәділ Мұханов, Ізтілеу Тойшыбайұлы мен Сердалы Сабыров арнау жырларын тебірене оқыды. Сөз тізгінін ағытқан осы топ мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаевтың мерейтой иесіне арнайы беріп жіберген шапанын иығына жапты. Мұнан соң Жетісу облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерғазы Қошанбеков сахна төріне шығып, өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, жыр арнауын арнады.

Сөз кезегін алған мерейтой иесі жерлестерінің көрсетіп жатқан құрметтеріне шексіз ризашылығын білдіріп, өзінің ел игілігі жолында атқарған еңбектерін тілге тиек етіп, журналистік саланың ауыр жүгін арқалап жүрген ақын-жазушыларға толағай табыстар тіледі. 

Ақынға арналған шығармашылық кеш аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Сахна төрінде әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шерткен өнерпаздар арасында Әли Әпекұлының немересі Айсұлтан да өзінің  жыр арнауын және атасының өлеңдерін жатқа  орындаса, аудандық Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Тұрғали Жармедет домбырасын күмбір қақтырып, жыр арнады. 

Балқаш өңірі – ежелден қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың құт мекені. Осы киелі топырақтан небір ақындар мен жыраулар, дүлдүлдер мен сөз киесін ұғынған қаламгерлердің көптеп шыққаны тарихтан белгілі.    

Өткенін ұмытпаған, тұлғаларын ұлықтаған дана халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген қанатты сөз бар. Ал болмысы бөлек, мінезі ақжарқын, кішіпейіл, саналы ғұмыр жолын қызығынан қиындығы басым жазушылық салаға арнап келе жатқан Балқаш топырағының түлегі Әли Әпекұлына қандай құрмет көрсетсек те лайықты.

Исі қазақ  есімін ардақтап, құрмет тұтатын ақын-жазушының туған жерінде өткен мәдени шара өз мәнінде дүбірлеп өтіп,  көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлады. 

«Ақынын ардақтаған ел озады» демекші, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қабырғалы қаламгерге мерейлі жасқа толуына орай құрмет көрсетуді ізін басып келе жатқан іні-бауырлардың «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» ауызбіршілікпен атқарғандары айқын аңғарылып тұрды. 

Осындайда «Бақ, қайда барасың?» дегенде «Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елге барамын!» деген ел аузындағы әфсана еске түседі. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетудің жарқын үлгісін танытқан балқаштық бауырлардың еңбегі ерекше болды десек, ақиқаттан алшақ кетпейтін шығармыз.         

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,
Балқаш ауданы