«Сәкенге жолыққаным – бұл менің бақытым»

Уақыты: 19.01.2025
Оқылды: 403
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлыбританияның Премьер-Министрі Уинстон Черчилль зайыбымен бірге қыдырып жүріп, әйелінің бала күнгі ғашығына жолығып қалады. Былай шыға бере саясаткер жарына: «Мынаған тұрмысқа шыққанда қатардағы құрылысшының әйелі болар едің» деп масаттаныпты. Сонда зайыбы: «Жоқ, қымбаттым, егер мен оған тигенде Англияның Премьер-Министрі осы болар еді» деген екен... Бұл қарапайым мысалдан кез келген ер-азаматтың артында ақылды әйел тұратынын, еркекті ер қылатын да, жер қылатын да әйел екенін ұғынасыз.

Ер-азаматының көңілін жүдетпей, көйлегін кірлетпей, алақанында аялаған әйел- аналардың еңбегі зор, оларды қалай мақтасақ та жарасымды. Осы орайда «ЖАҚСЫНЫҢ ЖАРЫ» атты айдар ашып, есімі елге мәлім болған ағалардың жұбайлары жайлы жұртшылыққа паш етуді жөн көрдік. Айдарымыздың алғашқы қонағы ақын Сәкен Иманасовтың аяулы жары Мәрия Есімжанқызы.

– ӘКЕМ – Есімжан теміржолшы болған, анам – Мүгүлсім үй шаруасымен айналысты. Ол Семей өңірінің тумасы, тұрмысқа шыққанға дейін тігінші болып жұмыс істеген. Отбасылы болған соң әкемнің жағдайын жасап, үйдегі балаларды бағып-қақты. Біз Новосибирск облысы, Татарск қаласында өмірге келдік. Туған жеріміз ресей болғанымен ұлтымыз қазақ қой. Он жасыма дейін сол қалада тұрдық, – деп бастады әңгімесін Мәрия Иманасова. 

– Бірде әкем анамызға: «Қазақстанға оралайық, әйтпесе қыздар орыс жігітіне тұрмысқа шығып, орыстанып кетеді» депті. Содан елуінші жылдары Қазақстанға қоныс аудардық. Әкем Жетісу өңірінің азаматы болғандықтан Бөрлітөбе ауданына қарайтын Лепсі стансысына көшіп келдік. Бұл жер құмды екен. Туғаннан жасыл желек жамылған қаланы көріп өскен баламын ғой. Алғашқыда біраз үйренісе алмай жүрдім. Әкем бізді қазақ сыныбына берді. Бірінші жылы өте қиын болды, бірақ үйрендік. Тілдік кедергілер болғандықтан мектепті жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Онжылдықты бітіретін жылы әкемнің жұмысы Ақтоғай – Достық теміржолына ауыстырылып, біз Көктұма стансысына көштік. Сол жылы әкем: «Мен сені әзірге ешқайда оқуға жібермеймін. Әлі кішкентайсың, саған қиындау болады», –деді. Дей тұрғанмен мен Алматыға оқуға түсуді армандайтынымды айттым. Осылай 2 жыл бойы босқа жүрмейін деп әкемнің қасында жеңіл-желпі жұмыс істедім. Әрі сол кездерде жоғары оқу орнына түсу үшін жұмыс істеді деген арнайы анықтама қағазын өткізетін-ді. Сөйтіп алпысыншы жылдары анам мені жетектеп Алматыға келдік. Құжаттарымды Қазақ педагогикалық қыздар институтының кітапхана ісі факультетіне тапсырып, түсіп кеттім. Төрт жыл бойы оқып (1963-1967 жылдары), оқу орнын жақсыға тамамдап шықтым. Біз бітірген жылы түлектерді Қазақстанның әрбір түкпіріне бөлді. Алланың әмірі-ай дейсің, мені Алакөл ауданының Үшарал қаласына жіберді. 1967 жылы сол жердегі шағын ғана кітапханаға жұмысқа орналастым. Бастығымыз, аты-жөні есімде жоқ, маған: «Қызым, сен әзірге 3-4 ай оқу залында жұмыс істей тұр, кейін меңгерушілікке тағайындаймыз» деді. Айтқандай-ақ, 4 ай өткен соң меңгеруші етіп қойды. Бірге жұмыс істеген апайлар өте жақсы адамдар екен. Жұмыс тәжірибемде сол жандардан көп дүниені үйрендім десем болады. 

Кітапханада 9 ай жұмыс істедім. Сол кездері үнемі екі жігіт келетін еді. Оның бірі – мұғалім, екіншісі журналист болатын. Журналисі – Сәкен ағаларың ғой. Онымен сөйлесе келе өзінің үш аудан бойынша (Ақсу, Сарқан, Алакөл) облыстық газеттің тілшісі екенін айтты. Келген сайын «мынадай газет-журналдарды тауып қоясыз ғой келесі келгенше» деп айтып кетеді. Соның бәрін тауып, алдына қоямын. Ол керегін қойындәптеріне түртіп, жазып алады. Біраз ай өткен соң бұл жігіт маған басқаша көзбен қарай бастады. Екеуміздің жас айырмашылығымыз екі жас екен. Негізі мен бұл жерде 2 жыл жұмыс істеп, қайта Алматыға кетемін деп жүргенмін. Себебі, 4- курста оқып жүріп Чехов кітапханасында жұмыс істедім. Сол кітапхананың директоры: «Мәрия, оқуыңды бітірген соң бізге қайтып келсең, жұмысқа қуана қабылдаймын» деген еді. Бірақ олай болмады, мен Сәкен ағаларыңа тұрмысқа шығып, Үшарал қаласында қалдым. 

СӘКЕН – өте шыншыл, турашыл еді. Өтірік айту дегенді суқаны сүймейтін. Айтарын бүкпей бетке айтатын, артық сөзі жоқ еді. Маған да сондай адамдар ұнайды. Ол маған үйленер (1967 жылы)алдында: «Отбасымда 12 жан бар, егер саған үйленсем 13-ші боласың. Менің саған қоятын үш талабым бар. Біріншіден, анамды сыйлауың керек, екіншіден, 6 баламен жесір қалған жеңгемді, артымнан ерген бауыр, қарындастарымды өзіңдей көруің тиіс. Үшіншіден, үйге келетін жора-жолдастарымды қабақ шытпай, қарсы алсаң болды. Осы айтқанымды бұлжытпай орындап жүрсең, басқасының бәрін өзім жасаймын. Бұған басыңды ауыртпасаң да болады. Үйдегілерге сен жайлы бәрін айтқанмын» деді. Жарайды деп келісімімді беріп, іштей: «Неге орындамасқа, бауырлары есейіп үйленеді, қыздары тұрмысқа шығады. Біздің жанымызда қалатыны анасы мен 6 баламен жеңгесі ғана ғой» деп топшыладым. 

Тұрмысқа шығуға келісім бергенімді естіген әкем: «Қызым, өзің шағын ғана отбасынан шықтың, сіңлің және анаң екеуміз. Ал енді сен үлкен отбасына аяқ басқалы отырсың. 12 жаннан тұратын ортаға сіңіп кету оңай емес. Сондықтан бәрін ойланып істедің деп ойлаймын» деген ақылын айтты. 

Үйленгенімізге бірер ай өтпестен мені аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Татьяна Ковалева шақырып, аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшылыққа ұсынғалы отырғандарын айтты. Кешке жақын жұмыстан үйге келген соң Сәкенге айттым. Ол бұл мәселеден хабардар болып шықты. 
– Өзің қалай қарайсың? Сол жұмысқа барғың келе ме? – деді. Мен: – Сен білесің ғой, өзің шеш, бар десең – барамын, қой десең – біржола жабайық – дедім. 
 – Бар ендеше, оларға да сен сияқты пысық, жігерлі, көрікті жас келіншек керек шығар деген сөзіне қуанып: 
– Қойшы, шын айтып тұрсың ба? – деп оған үміт-күдігі аралас көзбен таңырқай қарадым. 
– Ертең Ковалеваға кір де келіскеніңді айт. Мені де көндірдім де. Бірақ қазір бір арыз жазамыз, жолшыбай осыны да ЗАГС-ке апарып бере сал, – деді. 
«Ол не арыз?» дегеніме: 
– Сенен ажырасатыным жайлы арыз. Күні-түні жұмыс деп үйде тұрмайтын әйелдің маған да керегі бола қоймас, – деп қарап тұр. Мен де әңгіменің мәнін түсіне қойдым да оны құшақтай алдым. Осыдан кейін біздің арамызда бұл тақырып қайта қозғалған жоқ. 

КЕЛІН болып түскенімде енем мені бірден жақсы қабылдамады. Мұны өзінің қас-қабағымен ұқтырды. Дей тұрғанмен, бір ауыр сөз айтпады, көбіне үндемей жүретін. Бірақ уақыт өте келе бір-бірімізге үйренісіп кеттік. Өмірінің соңына дейін біздің қолда болды. Менен бөлек екі келіні болса да олардың үйіне тек қонақ болып қана барып қайтатын. Апамнан үйренгенім көп енді. Оның қайсыбірін айтайын. Мен өзі орысшалау қыз болдым. Бала кезімнен борщ ішіп, қазақтың кеспе-көжесін келін болғанымда үйрендім ғой. Апамыз осы тағамды жақсы көріп, сүйсініп жейтін. Келін болып келген сәттен апам: «Мәрия, қарағым,қазақ деген қонақжай халық. Сондықтан әрдайым үйге келген адамды ренжімей қарсы ал. Дастарқаныңда жейтін наның, майың, қантың болса болды. Бар ықыласыңмен шайыңды берсең болғаны» деді. Оның бұл айтқандарын миыма тоқып, күні бүгінге дейін сол қалыппен келе жатырмын. Біздің апамыз өте көпшіл болды ғой. 

Үйленген соң Үшаралда көп тұрған жоқпыз. 1968 жылдың басында Талдықорған өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, Алматы облысының құрамынан бөлініп шықты. Жаңа облыстың жаңадан ашылған «Октябрь туы» газетіне жұмысқа тұрып, Талдықорғанға қоныс тептік. Алты айдай кішкентай бөлмеде тұрдық. Содан бізге енді құрылып жатқан 2-ықшамауданынан үш бөлмелі баспана берілді. Үйлі болған соң Сәкен ауылдағы анасын, інісі мен қарындасын алып келді. Ал қара шаңырақта 6 баласымен жеңгесі қалды. Мен облыстық кітапханаға жұмысқа тұрдым. Ол кезде аяғым ауыр еді. 1969 жылдың 3 қаңтарында өмірге тұңғыш баламыз келді. Бірақ небары 26 жасында қайтыс болған Алмасымыздың өлімі Сәкен ағаларыңның жүрегіне салмақ салып кетті. 

Алты жылдай Талдықорғанда тұрып, 1975 жылы Алматыға қоныс аудардық. Ол кезде екі ұлымыз бар еді. Ағаларың «Жазушы» баспасына жұмысқа тұрды. Алматыдағы 8-ықшам-ауданнан бізге 3 бөлмелі пәтер берілді. Қазір ол үйде Олжасымыз бала-шағасымен тұрып жатыр. Оның 2 ұлы бар, үлкені жақында ғана үйленді. Үшіншіміз Гауһар, оның да екі баласы бар. Құдайға шүкір деймін. Ал Алматыда тұрып жатқанымызға биыл 50 жыл болады. Сәкен ағаларыңмен бірге 46 жыл ғұмыр кештік қой. 

АҚЫННЫҢ жары болу, менің пікірімше, бәріне төзе білу қажет. Біздің кісі шыншыл, артық сөзді ұнатпайтын адам болды. Ол ешқашан үйдің шаруасына қол тигізген адам емес. Таза шығармашылықпен ғана айналысты. Өзім кітапханашы болғандықтан мұны жақсы түсініп, білдім. Оның бөлмесіндегі жазу үстелінде үнемі Абай Құнанбаевтың 4 томдығы, Расул Гамзатовтың және орысша бір кітап тұратын. Ол жұмысқа кеткенде үйді жинастырамын ғой. Сонда ол: «Мәрия, менің үстелімнің шаңын сүрткенде ана кітаптардың орны ауысып кетпесін, қалай жатты, солай тұрсын» дейтін. Мен де сол айтқандай жасап, бірнәрсесіне қол тигізіп, тиісіп көрмедім. 

Сәкен ағаларың талғаммен киінгенді ұнататын. Екі түрлі көйлек киетін, көбіне ақ түс. Ал басындағы қалпақтың ешқандай жазуы болмауы тиіс, таза ақ түсін іздеп, «барахолканы» аралап кетуші едік. Үстіндегі ақ көйлегін 2 күн ғана киеді. Бәрін жуып, үтіктеп, аяқкиіміне дейін тазалап сүртіп қоямын. Сондай адам болды. Бірде, байқаусызда екі күн киген көйлегін қайта беріп қойыппын, сонда: «Мынаны өзің ки!» деп лақтырып жіберді. Үндемей лезде екінші көйлекті үтіктеп бере қойдым. Бастан-аяғына дейін өзім киіндіріп жіберемін. Ол кісі жазуға отырғанда үйде тыныштықты сақтап, аяғымыздың ұшымен ғана жүретін едік. Өмірінің соңына дейін 30-дан аса кітап жазды, соның ішінде екеуі балаларға арналды. Он бес одақтас республиканың ақындарының кітабын аударды. Соның ішінде Гетенің кітабын үш автор болып аударған еді. Германияға барғандар Гетенің мұражайында осы үш ақынның суреті ілулі тұрғанын айтып келеді. Сәкен ағаларың студент кезінен бастап жинаған кітаптарын немересі Қасымға табыстап кетті. Ол – немерелердің кішісі, биыл 11-сыныпта. Атасы ерекше жақсы көріп, «байлығын» осы немересіне қалдырды ғой.

Әйел болып Сәкенге «ешқайда бармадым, мынаны жасамадың» деп миын ашытып көрмеппін. Бірақ жаз мезгілінде балалармен біраз жерге жіберді, әсіресе Гауһар екеуміз бірге жүретінбіз. Қара теңіздің жағасында Жазушылар шығармашылығы үйі болды ғой, сол жерге үш мәрте бардық. Балтық елдерінің талай жеріне саяхат жасадық. 

Сәкен сөйлегенде, мен үндемей қалатынмын. Бұл қорыққаннан емес, сыйлағандықтан, жақсы көргендіктен. Еш уақытта ішімдік ішкен адам емес, отбасын жоғары қойды. Өзге еркектердің әйелін соғыпты дегенін естігенде: «Әйелге қол көтеру еркектің әлсіздігі» дейтін. 
...ӨЛЕҢДІ күз айында көбірек жазатын. Себебі, осы мезгілді жақсы көрді. Ақынның жары болғаныма ешқашан да өкінген емеспін. Керісінше, Сәкенге жолыққаным – бұл менің бақытым деп білемін. Тағы бір өмір берілсе,  ағаларыңды қайта таңдар едім, – деп ағынан жарылды      Мәрия Иманасова.
  Талдықорған – Алматы –Талдықорған

Сарби ӘЙТЕНОВА