Көшеде жайылған шашты, түрлі түске боялған басты көргенде мұның бәрі ерсі қылық екенін жан дүниеміз түйсінеді. Қара матаға оранып алған қаракөздер көзге түссе оған да тыжырына қарайтынымыз бар. Тәрбиедегі ақсақтық өз-өзімізді тануға мұрша бермей келе жатқаны анық. Бағзыдағылардың баянды ғұмырынан өмірімізге алатын тәлім мол-ақ. Бірақ, қажет етпейтініміз өкінішті. Қоғамда «ақжаулықты ана» деген тіркес жиі қолданылады. Алайда бірді-екелі болмаса ақ жаулық тағып жүрген ешкімді көрмейтініміз шындық.
Редакцияның тапсырмасымен Текелі қаласына барғаныма 4 сағат уақыт өтті. Шаруаларымызды тындырып болған соң түскі ас ішетін дәмхана іздей бастадық. Жақын маңнан көзге ілінген біреуіне таяп, ішке бас сұқтық. Қасымдағы көлік жүргізуші жігіт ыммен нұсқаған соң бұрышта тұрған бос орынға барып жайғастық. Айналамызға назар аударсақ кілең кимешек киген әжелер. Әуелде мейрамханаға кірген бетте байқамаппыз. Өзге біреулердің той-жиынына кіріп кеттік пе деген ойға қалдық. Бірақ ғимаратта ауқаттануға, тапсырыс беріп жатқан тұрғындардың да қарасы аз емес. Біз де асқа тапсырысымызды бердік те отырған орнымыздан тапжылмадық.
Дыбыс ұлғайтқыштан шығып жатқан жүргізуші әженің дауысы жаңғырып-ақ тұр. Сөз кезегі ретімен беріліп жатқаны аңғарылады. Ақжаулықты аналардың әрқайсысы шебер сөз саптап, алғаусыз тілектерін айтуда. Тілектерінен елдің амандығы, жастардың болашағы жөнінде ой қозғалып жатқаны айқын естіледі. Зер салып қарасақ кимешек киген әжелерді ғана емес, жас келіншектерді байқадық. Қандай жарасымды еді?!
Сәл тыныштықтан кейін жүргізушінің «келесі сөз кезегі Астанадан келген қонағымызға беріледі» деген дауысы саңқ ете қалды. Елең етіп қарағанымыз сол еді жаулықтағы анамыз: «Қыздар, біліңдер 60-тан асқаннан кейін жастық жоқ» деп сөз бастады.
Әрмен қарай не айтар екен деген сұраулы жүзбен күтіп отырмыз. «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады. Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» деген Асанқайғының тәмсілі ойға оралды. Әженің де әңгімені әріден қаузайтынын бажайладық.
– Көңілім толмайтын бір нәрсе бар. Бұл күні үлкені қайсы, кішісі қайсы ажырату қиын. Үлкен әже-аналардың жас қыздардай боянып, бұттарына шалбар киіп, шаштарын жайып жүргені мені қынжылтады. Мың жерден ота жасатып бетін тартқызсын, әжімін жоғалтсын, кім екені бәрібірде көрініп тұр ғой. Түріңмен алысқанмен ештеңе өзгерте алмайсыңдар айналайындар. Менің жасым қазір жетпісте. Асқа, құдайы тамаққа барғанда бір нәрсені жиі байқаймын. Өзім қатарлы аналар Құран оқыла бастаса бастарына орамал іздеп кетеді. Таппаса қол сүртетін қағазбен жауып әлектенеді. Бұл апалыққа да, әжелікке де жараспайтын әрекет. Не бастарына тартқан орамалы жоқ, не ауыздарында өсиетті тәлімі жоқ. Одан кейін оны кім сыйласын, айтқанына кім құлақ ассын?! Қарақтарым, халыққа, Отанға жақсылық жасағыларың келсе әуелі киер киімдеріңді түзеңдер. Қасын жұлып, шашын қиғаннан ешкім жасарып кетпейді. Керісінше терісіне бояу сіңген балалар ойнайтын сайқымазаққа айналып бара жатырмыз. Біз қасиетті аналық рөлімізді ұмытпайық. Менің «60-тан асқаннан кейін жастық жоқ» дейтінім осыдан, – деді кейуана.
Мінекей, кимешек киген анадан осындай тәлімді ой шықса керек-ті. Байқағанымыз, мейрамханаға келушілер де дана қарттың өнегелі өсиетін ықыласпен тыңдауда. Мұның бәрі қоғамдағы мәселеге ешкімде бейжай қарай алмайтынын аңғартады.
Әрмен қарай апамыздың әңгімесінің ауаны кимешекке ауды. Петропавл қаласында бір шаңырақтың бес ұлына тұрмысқа шыққан бес бірдей келіннің үнемі кимешек киіп жүретінін сөз етті. Оның үшеуі орыс ұлтының өкілдері екен. Бірақ қазақ отбасында ұлттық дәстүрді берік ұстанып, салттан аттамай күн кешіп жатқан көрінеді. Әрине, мұндай көріністі көз алдыңа елестетудің өзі ғанибет емес пе?! Сол сәтте ол нәзік жандылардың бәрі не үшін «кимешек киіп кетті» екен деген ой әркімнің санасынан қылаң бергені анық. Апамыз да іркіп қалмай мән-жайды баяндай берді. Жаңағы бес келіннің енесі сән қуған қалың орыстың арасында жүрсе де келін атанғаннан бері басынан ақ жаулығын тастамапты. Кимешектің қадірін ұғып, киесінен именген аяулы қарт келіндеріне жалаңбастанбай, ақ жаулықты тастамай тартып жүруді өсиет еткен екен. Бұл әңгімеден де терең сыр, бабалар аманаттаған астарды ұқтық.
Бір әңгімені бітіріп, екінші әңгімені бастап жатқан кейуананың кім екенін білу маған қызық болып барады. Қазыналы қарттың аты-жөнін білмей, сұхбаттаспай кетпеймін деп іштей тастүйін бекіндім. Жиындарының аяқталғанын күттім.
Біршама уақыт өтіп, шешелеріміздің шарасы соңына жеткенде апамыздың қасына таядым. Амандасып болған соң өз-өзімді таныстырып, сұхбаттасуға келгенімді жеткіздім. Ол кісі де қарсы болмады.
Анамыздың Талдықорғанның іргесіндегі Алдабергенов ауылының тумасы, аты-жөні Зәмзәгүл Мұқанова екенін өз аузынан естідік. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінде бас кеңесші болып жұмыс істейді екен.
Кимешектің түрлері мен формалары аймақтық ерекшеліктерге, әлеуметтік жағдайға және әйелдің жасына байланысты әртүрлі болып келеді.
Айырқалпақты кимешек
Мұндай кимешек Маңғыстау және Атырау өңірлерінде кең тараған. Оның айыр формасы бар, ал төбесі үшкірлеу болып келеді. Жиегі әшекейленіп, ою-өрнекпен безендіріледі.
Қарапайым кимешек
Бұл түрі күнделікті киюге арналған. Көбінесе ақ матадан тігіледі, әшекейі аздау болады. Жас әйелдерге қарағанда, егде жастағы әйелдерге тән.
Сәукелелі кимешек
Бұл ерекше сәнді кимешек түрі. Жоғары жағы сәукелені еске түсіреді, оны көбінесе мерекелік жағдайда киген. Қымбат маталармен тігіліп, күміс моншақпен безендірілген.
Жетісулық кимешек
Жетісу өңіріне тән кимешек жалпақ келеді және жиегі өте сәнді болады. Әдетте, ақ немесе ашық түсті мата қолданылады, оюлармен және моншақтармен әсемделеді.
Сыр өңірінің кимешегі
Сырдария бойындағы қазақ әйелдерінің кимешегі мойынды жауып тұратын ұзын, артына қарай салбыраған бөлігімен ерекшеленеді. Кимешекке орамал тағып, қосымша сәндік береді.
Сарыарқа кимешегі
Арқа өңіріне тән кимешек түрі дөңгелек төбелі және жапсарлы болып келеді. Әшекейлі, салтанатты жағдайларға арналған.
Зәмзәгүл Денгелбайқызынан кимешекті қашаннан бері киіп жүргенін, елімізде осы киімді үнемі киіп жүретіндер бар ма? деген сұрақ қойдық. Тағы да ағытыла сөйлеп кетті.
– Әжем үлкен бидің бәйбішесі болған адам. Кеңес кезінде көп қысым көргендіктен бе әйтеуір «Менің қаным қазақ, жаным қазақ. Маған орысың бір тиын. Олардың сөзі маған өтпейді» деп отыратын жарықтық. «Кимешек» десе көз алдыма әуелі сол әжем елестейді. Көйлегінің етегі үлкен болатын. Ол кезде баламыз ғой бір нәрсе бүлдіріп келеміз де соның ішіне еніп кететінбіз. Әжемнің кимешегі тірсегін соғып жүретін. Сол замандарда матаның тапшы кезі ғой, анам марқұм енесінің кимешегін аппақ қылып жуып, тазалап отыратын. Оны бертінге дейін сақтап та келді, – деді Зәмзәгүл апа.
Кейуана әжесін есіне бір алып барып менің қойған сұрағыма соңынан жауап берді. Басынан өткен қызығымен бөлісті.
– Актриса Айнұр Жүгінісованы ең бірінші көрген кезде мен қатты таңғалдым. Жап-жас келіншек бір жиын-тойға кимешек киіп келіпті. Өзіне сондай жарасып-ақ тұр. Бұлайда киініп жүруге болады екен ғой деген ой санама сол кезде келді. Кейіннен Айнұрмен сөйлесе келе мен де кимешек киетін болдым. Ол «сіз маған бас кеңесші болыңызшы» деп ұсыныс тастады. Басында қарсы болғаныммен біраз уақыттан кейін келістім. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігіне ешкімнен, ешқайжақтан ақша аударылмайды. Бұл жерде ақша үшін жұмыс істемейміз. Мұнда бізді ұстап тұрған қазаққа, халыққа, Отанға деген сүйіспеншілік қана. Қазіргі уақытта республика көлемінде кимешек киетін 125 000 ана бар, – дейді ақ жаулық иесі.
Зәмзәгүл апа алда жоспарланып отырған шаруа көп екенін айтады. Қоғамдағы әкелердің рөлін айқындап, дәрежесін көтеру керек деген пікірде. Осы ретте әкелер мектебін құруды көздеп жүргендерін де жасырмады. Қазақта «Байтал шауып бәйге алмас» деп бекер айтылмағанын, сол себепті ер-азаматтардың да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақыратын көштің басында бірінші солар жүру керектігін тілге тиек етті.
Ақ жаулықты анамызбен сұхбатымызды тамамдап, көптеген ақпар алдық. Айтқандарын көкейге түйіп, қажетімізге жарар деп қойын дәптерімізге түртіп те алдық. Өнегелі өсиетті түгелдей жариялау мүмкін емес, ретін тауып газет бетіне алдағы уақытта тағы да шығара жатармыз.
Жетісу өңірінде кимешегін шешпей киіп жүретін жалғыз жан облыстық мәслихат депутаты, «Жетісу» телеарнасының редакторы Гүлназ Мұстафа. Әріптесіміздің орамал тұрғысындағы ойына құлақ түріп көрдік.
– Ертеректе келіндері бірінші баласын босанғаннан кейін енелері жақын-жұрағатты шақырып «Кимешек шай» берген. Сөйтіп бұл дәстүр салтанатты түрде аталып өткен. Көшпелі ел болғандықтан бұл киіммен жүру аналарымызға өте қолайлы болған. Ер адамдар мен бөгде кісілердің алдында баласын емізген кезде денесін осы ақ шүберекпен жасырған. Ол бір жағынан жабық, екінші жағынан гигиена сақталады, оның ішіне шаң-тозаң кірмейді. Денсаулыққа да пайдалы, жел тиіп, суық ұстап қалмаған. Бала болдық аналарымыздың кимешегіне кіріп көргенбіз, іші жып-жылы, құдды бір үйдің ішінде отырғандай күйге түсуші едік. Бұрынғы заманда ауыл бір жерден, екінші жерге көшетін болған. Сондай шақта сол ауылдың ең үлкен, ауқатты, сыйлы әжесі кимешегінің төбесіне 30 метрге дейін күнқағар ораған екен. Ұзақ жолда аяқастынан адам қайтыс болып жатса жаңағы ақ матаны қиып кебін қылған. Ал енді бала дүниеге келіп қалса, сол ананың шылауышынан қиып алып сәбиді орап, жөргек қылған. Кимешектің шындығын да мән-мазмұны тереңде жатыр, – дейді Гүлназ Мұстафа.
Жасыратын несі бар?! Қоғамда «ой анау жас қыздар хиджап киіп алды, олар неге үйтеді, дұрыс емес, олай істемеу керек» деген алыпқашпа сөз көп. Бірақ бойжеткендердің не үшін олай әлектеніп жүргеніне бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Арулармыз «әйтеуір, әурет жерімді жабуым керек» деп қам қылатыны анық. Арабтікі дейтін хиджапты да сол үшін киеді. Ал қазақтың кимешегін үлгі ретінде көрсетуге ешкім қауқар танытпайды. Жас келіндерге үлгі болып, тәрбие көрсететін ақ жаулықтылар жоқтың қасы. Қыздарға үйретіп, жол нұсқайтын жан болмаса, айыптағанымыздан қандай пайда бар?!
– Барған жерімде сөмкеме үнемі бір-екі кимешек салып жүремін. Мен киіп жүрген соң барған жерімде міндетті түрде кимешек жөнінде сөз қозғалады. Сол кезде қыз-келіншектерге кигізіп көрсетемін. Адамдар киіп көрмей сезінбейді, бұл кимешектің қасиетін де, қадірін де білмейді. Киіп алған соң 10-15 минут жүргеннен кейін барып «Қандай күшті! Қолайлы екен», – деп айтып жатады. Бұл орамал әуелі әуретті жабады. Адамды имандылыққа әкеледі. Оның барлығын айтпағанда шашыңды көрсетпейсің, көрсетпеген соң сен оны бояй бермейсің. Шаш ағармайды емес ағарады. Содан барып аналарымыз шаштарына химиялық боялаулар жағады. Шаштың түбіріне анау химия сіңген соң ол миға әсер етпеген де қайтеді?! Қазір деменция «алжу» дегендер көбейді. Санадағы ауытқулар қартайған адамдарда болады. Енді өмір бойы химияны жаға бергеннен әсер етеді ғой, – дейді облыстық мәслихат депутаты.
Гүлназ Мұстафада 50-ге жуық кимешек бар. Оның бірі спортқа, екіншісі жиын-тойларға, күнделікті жұмыс пен үй жағдайына арналғанын айтады. Әпкеміздің тілегі қазақ аналары өзінің ұлттық құндылықтарын танып, кейінгі ұрпақ бабалар салған сара жолдан тайқымаса деп пікір білдірді.
Құрметті оқырман, ұлдың әкеге, қыздың шешеге қарап бой түзейтіні ақиқат. Олай болса, ұл мен қызды өзге елдің қаңсығына телміртпей өсіру сіз бен бізге парыз. Киелі кимешекті қадірлеу, оны дәріптеу ізгілікке жол ашпақ.
Медет ЖҰМАБАЙ