ТҰЛПАРДЫҢ ТҰЯҒЫ ЕДІ

Уақыты: 04.02.2025
Оқылды: 1491
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алаш арысы, тұңғыш теміржолшы Мұхамеджан Тынышбайұлының ұлы,  асылдың сынығы, 150-ден аса  ғылыми еңбек пен авторлық куәліктердің иесі, ғалым, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Әли-Тынышбаев биыл ақпанның 10-ында 94 жасқа толар еді. Амал қанша, өткен жылдың соңы, желтоқсанның 4-і күні мәңгілік мекеніне бет алды.

Алғаш Мұхамеджан Тынышбаев есімін С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» оқығанбыз. Әрине, жағымсыз сипатта. Кейіннен демократия сәулесі себезгілеп түсе бастағанда арыстарымызды қайта тануға жол ашылды. Біртіндеп ел қамын жеген ерлеріміздің туындыларын көруге де мүмкіндік туды. Байтұрсыновтың бай мұрасына, Міржақыптың «Оян, қазағына», Шәкәрімнің жауһар жырларына сусынымыз қанбай жүріп, Мұхамеджан атамыздың тарихты таразылап, шежірені шиырлайтын танымдық мақалаларын жүйелі түрде оқыдық. Халқым деп қапасқа түскен алты Алаш ардақтысының ауқымды іс-әрекеті таңданбасыңа қоймайды екен.

Бұл күндері Мұхамеджан мұрасы ұлтын ұлық тұтқан екі қазақтың бірінің үйінде бар екені белгілі. М. Тынышбаевтың бүкіл түркі жұртшылығының тәуелсіздігін көргісі келіп, өлі-ара кезеңде құрылған Түркістан үкіметінің Премьер-Министрі болғанын, білікті инженер ретінде НКВД-ның құрығы мойнында екенін білсе де Түрксіб құрылысын халқымызға қолайлы бағытта жеріне жеткізгенін, ел-жұрттың өткенінен қол үзіп қалмауын ойластырып, қазақ шежіресін түзгенін есті қазақ білсе керек. 

Бүгінгі әңгіме Мұхаңның жүріп өткен жолын тізбелеу емес, көпке белгісіздеу перзентінің тағдыр-талайы жөнінде. М. Тынышбаев ұрпағы туралы әңгіме қозғалса көпшілік Ескендірді алдымен ауызға алады. Қиын-қысталаңнан аман қалып, білікті кинооператор ретінде соңына соқталы дүние қалдырған асылдың сынығы өмірінің соңына дейін абырой асқарынан төмендемеген. Заманымыздың біртуар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың жақын тұтқан жан досы болуы Ескендірдің есті ғұмыр кешкенінің айғағы.

Өткен ғасырдың соңында  тарихшы А. Тәкеновтың Мұхамеджан Тынышбаевтың екінші ұлы Башқұртстанда тұратын атақты ғалым Дәулет туралы мақалалары республикалық басылымдар бетінен жиі көрініп жүрді. Белгілі журналист-жазушы Жанболат Аупбайдың «Бізге беймәлім аралдар» кітабында «Сом алтынның сынығы» атты Дәулет Мұхамеджанұлымен сұхбаты жарияланды.  «Құлақ естігенді көз көреді» дегендей, 2000-жылдың көктемінде Дәулет мырзамен дидарласу бақытына ие болдық.

Құрметті қонақтарды ән-шашумен қарсы алатын дәстүрімізден ауытқымай Сарқан ауданына кіреберісте Дәулет Тынышбаевты аяғын жерге тигізбей туыстық пейілмен күтіп алдық та Мұхаң марқасқаның туған жері Қарғалы ауылына бағыт түзедік. Сол бірер күнде Дәулет ағамыздың сараң жауаптасуы, Мұхаңның жиен немересі Нүршәкен Жүнісқызының ақжарма әңгімесі арқылы тұғырлы тұлғаның ұрпақтары туралы біршама мағлұмат алған болатынбыз.
Дәулет Шейх-Әли Тынышбаев техника ғылымдарының докторы, профессор екен. Оның Аделия деген қызы ғылым кандидаты, невропатолог, ұлы Асқар авиация инженері.

Мұхамеджан Тынышбаевтың әйелі Гүлбахрам Шалымбековадан Ескендір, Фатанатбану (Фатима), Динарзада (Дина) туған. Верный дәрігерлер гимназиясын бітірген Гүлбахрам дәрігерлік қызмет барысында адамдарды емдеу кезінде жұқпалы аурудан қайтыс болады. Қайғыға қайғы жамалып, көп ұзамай Гүлбахрамның ағасы – әскери дәрігер Садуақас та дүниеден өтеді. Үш баламен қалған Мұхамеджан үш баламен жесір қалған қайын жеңгесі Әзизаға үйленеді. Әзиза кенже қызы Еңлікке босанысымен (1926ж.) қудалау мен теперіш көре берген соң амалсыздан ажырасып, өзі істеп жүрген УКОМ-ның Мәскеудегі орталығына ауысып кетеді. Осы кезде өз елінде «қуғын-сүргінге» ұшырап қиындықты көп көрген Мұхамеджанның бұрынғы жолдастарының бірі, құмық ұлтының перзенті Шейх-Әли Дауд деген агроном Алматыға келеді. Даудпен бірге туған қарындасы Әмина да келген болатын. Сол Әмина апамыз Алаш арысының түтінін қайта түтетеді.  Әмина 1931 жылы 10 ақпанда осы екінші ұлды дүниеге әкеледі. Сол уақыттарда тағдыры тәлкек боп түрмеде жатқан Мұхамеджан атамыз әйеліне ұлының есімін Даудтың арғы атасы Дәулет мырзаның құрметіне Дәулет, фамилиясын «Шейх-Әли» деп жаздырт деген хат жібереді.

1932 жылы елім деп қудалауға ұшыраған тағдырлы тұлға тағы да қуғын көріп Ресейдің Воронеж жағына бес жылға жер аударылып кетеді. Еліне келгеннен соң да Мұхамеджан Тынышбаевтың соңына түсушілер табылып 1937 жылдары Ташкент жаққа абақтыға жабылады. Күйеуі істі боп жалғыз қалған Әмина ұлы Дәулетпен Уфаға кетіп, сонда қалып қояды. Кейінгі өмірлері Башқұртстанда – ана үшін төркінде, бала үшін нағашы жұртта жалғасады. 

Сол сапарда Дәулет ағамыз әкесінің табаны тиген өңірді аралады. Қарғалыдағы М. Тынышбаев атындағы орта мектеп ауласындағы әке мүсінін аялай сипады. Көз ұшындағы «Тынышбай сайына» ұзақ қарады. «Атамекен дәмі тартса игі» деген ізгі пейілі аңғарылып тұрған жақсыдан қалған көзге, тұлпардан қалған тұяққа, асылдың сынығына ықылас танытқаным, аз-кем пікірлескенде танымының тереңдігіне тәнті болғаным күні бүгінгідей есімде. 

– Туған жерім – Алматы. Өмірге келген кезім 1931 жыл. Ұлтым – қазақ. Тегім – Мұхамеджанұлы. Ал фамилиям – Шейх-Али. Анамның айтуынша, әкем 1931 жылдың көктемінде түрмеден шығады. Жылға жуық уақыт тыныш өмір сүреді. Бірақ 1932 жылы қайтадан қамауға алынып, Воронежге жер аударылады. Кетерінде бір жасқа жаңа толған маған өзінің теміржолшы формасын киіп түскен суретін қалдырған. Сыртына: «Сүйікті ұлым Дәулетке. Папасынан. 1932 жыл. Сәуір», – деп жазылған бұл фото әлі күнге дейін менде бар. Ол оның 1913 жылы 34 жасқа келгендегі бейнесі екен. Осы бір жәдігерді мен ғұмыр бойы көзімнің қарашығындай сақтап келдім, амандық болса әлі де сақтай беремін, – дейді тұлпардың тұяғы әкеге деген сағынышын жасыра алмай.

2007 жылы қарашаның 16-сы күні Сарқан қаласындағы Мұхамеджан  Тынышбаев атындағы орталық алаңда алты Алаш ардағының еңселі мүсіні бой көтерді. Аудан орталығына ажар берген салтанатты басқосуға Дәулет  Мұхамеджанұлы зайыбымен, Асқар Дәулетұлы Мұхамеджан немересі, Еңлік Мұхамеджанқызы, Елена Ескендірқызы Мұхамеджан немересі, басқа да туған-туыстарының мәртебелі мейман ретінде қатысқаны күні бүгінгідей есімізде.  

Дәулет Мұхамеджанұлының ғылыми-өндірістік қызметі лайықты бағаланған. Башқұрт-стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының, «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі», «КСРО-ның Құрметті теміржолшысы», «М. Тынышбаев атындағы Көлік коммуникациясы академиясының құрметті профессоры» төсбелгілерінің иегері. Жүздеген ғылыми еңбегімен қоса Алаш арысы жайында ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінде жарық көрген екі кітаптың авторы. Алаш көсемінің ұрпағы, парасатты ғалым Дәулет Тынышбаевтың есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. 

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі