Ақсудың арда азаматы еді

Уақыты: 06.02.2025
Оқылды: 1555
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Отбасының қамқоры, əкесі мен анасының жалғыз тұяғы, жарының өмірлік серігі болған марқұм Данияр Молдиярұлы Нұрбаевтың кіндік қаны Жетісу облысының Ақсу ауданында тамды. Десе де ол Ақындар мен батырлар елінде өмірдегі өз орнын тапты. Аз уақытта ағайын-туыс, дос-жаранның арасын өзінің жақсы ниетімен жалғады.

Атымтай жомарт жанның Жамбыл ауданын табиғи газбен қамтамасыз етіп, алдына келген жерлестеріміздің жай-күйіне қарап, мəселесін шешуде азаматтық танытқанына жұртшылық риза еді. Сұм тағдыр, қатыгез ажал кімді аяған? Аяулы жан өткен жылы дүние салды. Əкесі Молдияр мен анасы Алтынсараның, жары Лейланың жүректері қан жылады. Шаңырақтағы арқа сүйер ұлдың қазасы олардың қабырғасын сөгіп, жанарларын жасқа толтырды. Бұған басу, жүйелі тоқтау сөз айтудың өзі қиын. 

Аймақтағы халықты «көгілдір отынмен» қамтуды бірге бастаған əріптесі Жанжігіт Байжігітұлы замандасы Молдиярдың осы бір еңсесі езілген кезі жайында қинала әңгімелеген еді. 

– Құрдасым 1992 жылдан жеке кəсіпкерлік саласында жемісті еңбек етті. Молдияр алғашқылардың бірі болып тұрғындарды табиғи газбен жабдықтайтын жоғары, орта қысымдағы газ тарту желілерінің құрылысын қолға алды. Бұл нартəуекелге барумен тепе-тең. 2001 жылдан бері ұйымдастырған жұмысын жолға қойған «Тəуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы жəне директоры болды. Оның басшылығындағы серіктестік 2001-2012 жылдары Алматы облысының Қарасай, Жамбыл аудандарының, Алматы қаласындағы Наурызбай ауданының тұрғындарын табиғи газбен жабдықтау жұмыстарын жеке инвестиция есебінен жүзеге асырды.

Жалпы, Молдияр бəсекеге қабілетті, ізденгіш жан екенін дəлелдеді. Саладағы табысы өрге басқан кəсіпкер 2013 жылы Алматы облысы газ шаруашылықтары ассоциациясы заңды тұлғалар қоғамын ұйымдастырды. Осы еңбегі үшін ордендермен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ерекше жомарттығымен танылып, әсіресе əлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларға, Балалар үйіне айрықша қолдау көрсетті. Қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек – Золотое сердце» республикалық жобасының жеңімпазы болып, арнайы марапатты иеленді.

Көп жылғы еңбегінің зейнетін көрді. Компания жұмысын ұлы Даниярға тапсырды. Бұған дейін ол əкесі басқарған компанияда қатардағы шебер болып еңбек етіп, тəжірибе жинақтады. «Əкесі еккен ағашқа баласы саялайды» деген осы болар. 

Данияр əкесі құрған серіктестіктің жұмысын бірден дөңгелентіп əкетті. Бұған өткен жылдардағы жұмысы дəлел.

«Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі ұлы бардың өкпе, бауыр, жалы бар» деген екен бабалар. Жер-Ананы ақ көрпеге ораған қаңтардың сол күні суық хабар жетті. Сенер-сенбесімді білмедім. Өкінішке қарай, хабар рас болып шықты. Бардым. Қарақұрым халық. Бəрінің жүздері салыңқы, əріптесімнің еңсесі түсіп, қайғының тұманына батып отыр.

Молдиярдай еңселі азаматты қайғы-мұң торлап, жан-жүрегі езілді. Көру, сезінудің өзі өте ауыр. Өйткені ол ұлы Даниярға ерекше үміт артатын. Тірегі санайтын. Сол үмітке ол да лайық болды. Сондай ұлдан қапыда көз жазып қалудың өзі əкенің жұдырықтай жүрегіне зіл-батпан салмақ салды. Сол кейпін көріп менің де өзегім өртенді, – деп еді сол кезде Жанжігіт ауыр күрсініп.

Ақжарқын адамның ағайын-туысы көп қой. ҚР Парламенті Мəжілісінің экс-депутаты, «Егемен Қазақстанның» ардагер журналисі, əріптес інім марқұм Мейрамбек Төлепберген əлеуметтік желіге «Қазақ жігіттерінің сырттаны еді» деген көңіл айту, аза хатын жариялады. Мейрамбек бұл отбасымен етене араласып, бауырындай сыйласқан азамат. Содан шығар, тебірене былай деген:

– «Тəуекелгазқұбыры» ЖШС-нің бас директоры, Алматы облыстық мəслихатының экс-депутаты, Жамбыл, Талғар аудандарының Құрметті азаматы Данияр Молдиярұлы Нұрбаевтың тапқан дəулетін, бұйырған ризығын туған халқымен бөліскен мейірімділігі мен имандылығы, адал достығы айрықша аталуы да бекер емес. Айналасын доспен қоршаған азамат осындай-ақ болар. 

Данияр текті əулеттің ұрпағы еді. Көрнекті тұлға, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Парасат» жəне «Құрмет» ордендерінің иегері, ардақты ел азаматы Молдияр Қылшықұлы Нұрбаевқа аяулы перзентінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ауыр қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. 
Інісі жайлы аза сөзін қалдырған Мейрамбек те өмірден өтті. Бір кем дүние бұл да... 

Даниярдың мұқтаж жандарға жəрдем бергенінің өзі ерекше əңгімеге арқау болғандай. Оған өзім де куə болғаным бар. Ұзынағаш ауылындағы соғыс жəне еңбек ардагерлеріне, «Алтын алқалы» аналардың шаңырағына, басқа да елді мекендердегі жеткіліксіз қамтылған отбасыларына газ құбырын тегін кіргізді. 

Сонау жылдары жыр сүлейі Сүйінбай бабаның басына бір топ əріптестермен бара қалдық. Зират жанынан құрылыс жұмыстары қызу басталыпты. Оның басы-қасынан Даниярды кездестірдік. Кішіпейіл қалпымен ақын-жазушылардың қолын алып, бəйек болды. Əдеттегі жөн-жоралғымен амандық-саулық сұрастық.

– Шырақшы Үсен аға өтініш білдірді. Бабамыздың басына алыс-жақыннан зиярат етіп келетіндер қыраулы қыста жылынып, Құран бағыштайтын баспана қажеттігін айтқан еді.

Міне, құрылысты бастап кеттік. Мұны «қатымхана» десе де болар. Алла қаласа, тез арада құрылысты бітіріп, пайдалануға береміз. Арнайы дастарқан жайып, Құран бағышталады. Газ құбыры тегін тартылады. Қаламгерлер қауымы екенсіздер, келіңіздер, – деді ақжарқын мінезімен. Айтқандай, біткен кезде бір қауым жұрт жиналды. Ақын баба жайлы естелік айтылды. Келгендер «Бəрекелді, Данияр!» деп алғыстарын жаудырды. 

Азамат Ұзынағаш ауылында тұратын көпбалалы, жалғызбасты ананың отбасындағы қайғылы жағдайды естіген екен. Барса, балалар суық үйде тұмауратып, жағдайлары болмағанын көреді. Бірден баспанаға жылу жүйесін жүргізіп, тегін газға қосады. Көпбалалы ана бір көргенімде ризашылығын білдіріп жатты. Мұндай жақсылығын тізсек жеткілікті.

Өз мамандығын жетік меңгерген Данияр бірнеше іргелі оқу орнын бітірген. Ол жоғары білімді заңгер жəне экономист еді. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетінің мұнай-газ факультетін газ шаруашылығы мамандығы бойынша меңгерген. 2014 жылдан бері «Тəуекелгазқұбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Оның басшылығымен Жамбыл ауданындағы көптеген елді мекендерге табиғи газ құбыры тартылды. Қазір тұтынушылар бұрынғыдай күл шығарып, көмір тасыған қиындықты ұмытты.

Еткен еңбек еленбей қалмайды. Сайлаушылар сенім білдіріп, Алматы облысы мəслихатының депутаттығына бірнеше мəрте сайлады. Облыс, аудан əкімдерінің Алғыс хатымен, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Бұдан басқа да алған сый-марапаттары жетерлік. Рухани саланы қолдауы ескеріліп, халық- аралық Жамбыл атындағы сыйлыққа да ие болыпты. Ал халықтан алған «Рахмет, балам Данияр» деген сөз бəрінен қымбат, бəрінен жоғары. 
Даниярдың жары Лейла Алтынсарадай анадан тəрбие алған аяулы жар. Қазіргі кезде ұлы Дарын екеуі марқұм отағасының жақсы ісін жалғастырып келеді. Желі арқылы хабарласқан Лейла: «Тəте, бүгін Даниярмен шаңырақ көтергенімізге 29 жыл. Данияр қасымызда болса отбасымызда ерекше мерекелік дастарқан жайылар еді. Ұл-қыздарымыз, немерелер атасы мен əжесінің, əкесінің жанынан табылып, қуанышты, бақытты сəтті бастан өткізер едік. Амал не?! Оңашада өткен өмірімізді еске алып егілдім. Тағдырдың жазуынан, тосыннан келген ажалдан кім құтылған? Жасуға болмайды. Əкеміз бен анамыздың онсыз да жүректері жаралы. Данияр əрдайым біздің жүрегімізде», – деген еді.

Ата-ананың алдынан қия өтпеген келін болса Лейладай болар. Өйткені, осы шаңырақтағы берекеге бастау болды. «Келіні жақсының керегесі алтын» деген де сөз бар. Нұрбаевтар ұрпағын көбейтті. Ата мен əже Данияр екеуінен үш қыз, бір ұл сүйіп, немеренің бақытын көрді, шөбере сүйді. Бұл да көңілге медет. «Орнында бар оңалар» деген медеу сөз осы шығар.

Мына бескүндік жалған өмірдегі төккен тері, жарқын бейнесі, қалдырған ізі көпшіліктің жадында қалатын жандар бар. Сол қатарда Алатаудың бөктері мен Жетісуды мекендеген жұртшылық Данияр Молдиярұлын да ұмытпайды. Ұл-қызының жақсы ісін жалғайды, шаңырағын шаттық пен бақытқа бөлейді. Бұл да өміршең заңдылық, ұрпақ сабақтастығы. 

Жаңа жылдың алғашқы айында Даниярдың өмірден өткеніне жыл толады. Уақыт деген жүйрікке кім жеткен? Өтіп жатқан өмір. Елу деген жақсы жастың жалына қол салатын арда азаматтың пейіште нұры шалқысын дейік. Осы отбасындағылар үшін өмір көшінде аялдама болмасын деп тілейік.

Күмісжан БАЙЖАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі