Айдарымыздың кезекті қонағы — тележурналистиканың Құлагері болған Нұртілеу Иманғалиұлының жан жары Қарлығаш Табулдинова.
Ол бұрынғы Семей (қазіргі Абай ) облысының Шар ауданына қарасты Кезеңсу ауылының тумасы. Орта мектепті тамамдаған соң Семейдегі Н. Крупская атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түседі. Аталмыш оқу орнын бітірген жылы Троицк елді мекеніндегі орыс мектебіне жолдамамен жіберіледі. Бір жылдан кейін Алматы қаласына қоныс аударып, осындағы Лермонтов атындағы орыс мектебіне жұмысқа орнығады.
Өмірде жүріп өткен жолы жайлы Қарлығаш Советбекқызы былайша тебіренді:
– 1990 жылдан еліміз біртіндеп қазақилануға көше бастады ғой. Сол тұста орысша оқитындар қазақ сыныбына бет бұрды. Бүкіл қазақ интеллигенциясының балалары шоғырланған «Ақсай» ықшамауданында №42 орыс мектебі ғана болды. Көп ұзамай Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 қазақ мектебі салынып, пайдалануға берілді. Мен сол жерге жұмысқа тұрдым. Бұл жерде 10 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Кейін мұғалімдер білімін жетілдіру институтына ауыстым. Ал 2003 жылы Нұртілеу ағаларың Үкімет кеңсесінің мәдени даму бөліміне сектор меңгерушісі болып қызметке орналасып, Астанаға қоныс тептік. Содан соң ол Президент Әкімшілігінің баспасөз жағына ауысып, кейін «Қазақстан» ұлттық арнасының Астана бөлімшесінде ақпараттар дирекциясында қазақ бөлімін басқарды. Ал мен «KEGOG» компаниясына жұмысқа орналастым. Үш жылдан соң ағаларыңның қызметі ауысып, Алматыға қайтып оралдық. Мен жұмысымды «KEGOG» компаниясының Алматы филиалындағы кеңселік бөлімінде жалғастырдым. Содан бері осы қалада мағыналы ғұмыр кештік, қыздарды ұзатып, немере сүйдік.
НҰРТІЛЕУ ағаларыңды бала кезден теледидар арқылы танып жүрдім ғой. Ал бетпе-бет, 2001 жылы М. Әуезов театрында қойылым ба, әлде мерейтой кеші өтті ме, нақты есімде жоқ, сол жерде көріп, таныстық. Математика пәнінің мұғалімі болсам да шығармашылыққа жақын едім. Ағаларыңмен тез тіл табысып кеткенім де содан шығар.
Алматыға қайта қоныс тепкен жылы үй салуды ұйғарып, оның жобасын ағаларың өзі ойластырып, құрылысты бастадық. Үйден бильярд ойнайтын жерді, өзінің жеке кабинет-студиясын ыңғайлады, қонақ күтетін бөлмені де кең етіп жасады. Осылай 2009 жылы жаңа баспанамызға көшіп кірдік. Жаңа үйдің айналасына шырша егіп, көктем шығысымен раушан гүлін отырғызды. Үйдің ішін де гүлге толтырды. Өте қонақжай еді. Үйімізде кім болмады деңізші, бажасы айтқандай, Димаш Құдайбергенов қана болған жоқ.
Кең үйде жылына 3-4 соғым сойып, бала-шаға, көрші-қолаңды жиып, шақырып дәм татқызуды да әдетке айналдырдық. Ал соғымды елдің әр аймағынан сатып алатынбыз. Үйге қонақ келмей қалса көңіл-күйі түсіп қалушы еді. Пандемия тұсында ешкім кірмей отырып қалдық қой, сол кезде: «Кісі шақыра алмай қалдық» деп қатты налыды. Қонақ үзілмейтін үйдің бірі болдық. Мұны көрген балалар: «Кешке дейін қонақ шақыра беруден жалықпадыңыздар ма?» дейтін. Ағаларың болса: «Қонақпен бірге ырыс келеді. Біздің өмір сүру дағдымыз солай» деп жылы жымиятын.Сондай-ақ, ол соғымның етін қалай сақтаудың ретін де білетін. Бір кездері оның шіліңгір жаздың ыстығында балконда отырып-ақ бір жылқының етін кептіріп, ыстап алатыны туралы мақала да жазылды.
Ағаларың тек шығармашылық қана емес, істеген әр жұмысынан ләззат алатын. Өзім білмейтін көп дүниені сол кісіден үйрендім. Бүгінде сол өткен күндерімді ойлап, сағынамын.
Ол әңгімешіл еді. Екеуміздің арамызда әңгіме үзілген емес. Үнемі бірге жүрдік. Базарға барғанда заттар толы сөмкені мен көтеріп жүремін. «Әйеліңізге не үшін сөмке көтертіп қойғансыз» дегендерге: «Қабанбайдың қарындасы сөмке көтермесе, мен оны әйелдікке не үшін алдым» деп қалжыңдайтын. Қандай іссапар болмасын жанына ертіп, бірге алып жүрді. Өйткені әрбір жасайтын хабарына киетін киім әралуан болуы керек. Соның бәрін реттеп отыратын едім. Мені «Қазақ радиосы» дейтін. Неге десеңіз, көлік жүргізгенде көзі ілініп кетпес үшін қасында аузым жабылмай сөйлеп отырамын ғой. Отбасымыздағы әңгімеде екі сөзді қолданыстан сызып, айтпайтынбыз. Оның бірі «жоқ», екіншісі «несие» деген термин. Біз ешқашан несие алған емеспіз. Құдайға шүкір, ағаларың қанша жасаса да өте тамаша ғұмыр кешті. Бір інілері айтқандай: «Патша тәрізді өмір сүрді». Баратын жеріне барды, ойындағы дүниені іске асырды, ешкімге аяғын бастырған жоқ. Ұзақ өмір сүрмесе де, ғұмырды кеңінен кешті, – дейді Қарлығаш Советбекқызы.
Қарлығаш апай Құдай қосқан қосағының атын атамай, өмірінің соңына дейін «Сіз» деп өтіпті.
– ӘЛБЕТТЕ, ол маған солай деп айт демеді. Бірақ, «Сіз» дегенім оған ұнайтын. Мұныма көпшілік таңдана қарады. Бірде ол жұмыс уақытында қоңырау шалып , керек заттарын таба алмай жатқанын айтты. Мен болсам түсіндіріп жатырмын. Біздің әңгімені естіген әріптестерім: «Нұртілеу Иманғалиұлы, сіздің жолдасыңыз ба не? Ойбай, қорықпай, қалай бірге тұрып жүрсіз?» деп таңданыспен қарады. Сөйтсем оны эфирден көріп, өте қатал, сұсты адам деп ойлайды екен.
Ол ешқашан отбасы-ошақ қасы туралы әңгіме қозғағанды жаны сүймейтін еді. Сондай деңгейде өтетін сұхбаттарға бармайтын әрі мұндай тақырыпты қозғау журналистикаға жат деп білді. Өмірлік ұстанымы – мамандыққа адал болу, өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау керек дейтін. Арамызда келіспей қалу, бір-бірімізге ренжу деген мүлдем болған емес. Ол дұрыс айтпаған күннің өзінде мен үндемей қаламын. Балалар да: «әкеміздің айтқаны жөн» деген ұстанымда болды.
Біздегі ұқсастық дейсіз бе? Бір-бірімізге жақсы серік болдық. Өмірді, адамдарды тануда ой-пікіріміз үйлесім тауып, өзімізді толықтырып отырдық. Ағаларыңды жастайынан танитындар менімен бірге көргенде «қарындасыңыз ба?» деп сұрайды екен. Соған қарағанда ұқсастық болып тұр-ау. Бізді ерлі-зайыптылар емес, ағалы-қарындасты туыс деп ойлайтын. Арадағы жас айырмашылыққа қарап солай көрінді ме, әлде шынымен ерлі-зайыптылар бір-біріне ұқсап кетеді деген рас па?!
Киімді де талғамға сай алатын. Шетелге барғанда жүгіміздің салмағы артық болса да киімнің түр-түрін алып қайтамыз. Үнемі киген киімің өзіңе үйлесіп, жарасымды болғаны жөн деп айтып отыратын. Күнде таңертең шашын сәндеп барып қана үйден шығатын. Қажетті косметикалық бұйымдарды да өзі сатып алатын.
Жалпы мен танымайтын жерде Нұртілеу Иманғалиұлының жарымын деп айтқан емеспін. Жұмысқа барғанда троллейбуске мініп, оның қызметтік көлігіне отырмайтынмын. Жүргізушісі: «Апай, дайын көлікке неге мінбейсіз?» деп таңғалатын.
МАҚТАНҒАНЫМ емес, бір балаға дауыс көтеріп көрмедім. Үш қыз да ағаларыңның алғашқы жарынан ғой. Бірақ бір-бірімізбен шәй десіп көрмеппіз. Мен оларға, олар маған өгейлік танытпады. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Ал ерке әйел болдым дей алмаймын. Бірақ еркелеткені болар «Уақтың» ірі қызы» деуші еді.
Көзіме мақтамаса да сырттай: «Осылай аман-есен жүргенім алдымен Алланың, сонсын Қарлығаштың арқасы» деп айтады екен (Ағайды қатты сағынғаннан болар, апайдың көзінен жас ыршыды ).
Ол – мықты журналист қана болған жоқ, мықты азамат, жақсы әке, жақсы жолдас болды. Алла осындай адаммен жолықтырғанына, мені сол жанға жар еткеніне разымын. Бар жағдайымды жасады, мен де соған сай болуға тырыстым, – дейді жақсының жары.
Әңгіме желісінде Қарлығаш апай Нұртілеу аға түсінде өмірде бар адамдай жүретінін, «Ертең үйге пәленбай келеді. Соған дайындалайық» деп жатып оянатын кездерінде шынымен-ақ сол айтқан адамы келіп тұратынын да айтты.
– Ағаларың қайтыс болғанда Несіп Жүнісбай келмеді. Бірде түсімде: «Несіп келмеді ме?» деп сұрады. Мен: «Жоқ, келмеді» деймін. «Келмесе, келеді» деген сөзінен оянып кеттім. Айтқандай-ақ, ертеңіне келіп тұр. Сөйтсем ол кісі Нұртілеудің өмірден қайтқанын жүрегіне ота жасатуға бара жатқанда естіпті. Мен оған: «Сіздің келетініңізді білдім» деп көрген түсімді айттым. Ол болса: «Астапыралла, өйтпесе, Нұртілеу бола ма?!» деді.
РЕСПУБЛИКАНЫҢ жеті аймағында көрме өткізіп, соңғы көшін Жетісу өңірімен аяқтадық. Көрме өтетін күннің алдында тағы түсіме кіріп: «Мен қайтып келдім ғой» дейді. Мен қуанып: «Жақсы болды, онда Жетісудағы көрмені өзіңіз өткізетін болдыңыз» деймін. Ол болса: «Қой, өзің өткізе бер, бірақ жетісулықтарыма менің келгенімді айтарсың» дейді. Түсімде көргеннен кейін ол шынымен-ақ есіктен кіріп келе жатқандай күй кешемін.., – деп ағынан жарылды Қарлығаш Табулдинова.
Жамылып бас қаланың барқыт түнін,
Жиі келсем, басқадан артықтығың.
Жабырқаған қамкөңіл тас болса егер,
Жалыныңның табымен балқыт, күнім.
Жадырап бір қалайын, шалқып бүгін!
БҰЛ – журналистика тарланбозының жан жары Қарлығашқа арнап жазған «Қарлығаш – қанат» атты өлең жолдарынан алынған шумақ. Жақсының жары: «Өмір-жолымда жұбымның басқа адам болғанын елестете алмаймын. Ал, арманым – Діңгек ауылындағы Мәдениет үйіне Нұртілеу Иманғалиұлының аты берілсе деймін» деп сөзін түйді.
Сарби Әйтенова
Талдықорған – Алматы – Талдықорған