Қасиетті қаламын жанына серік етіп, қазақ әдебиетінде өзіндік өрнек салған жетісулық қаламгерлердің ішінде Нұрила Бектемірованың есімі көзге жылы ұшырайды. Өмірдің шұғыласы мен шуағын, ызғары мен суығын суреткерлікпен көркем кестелеп, талай тағдырлы кейіпкерін шырайлы шығармаларына арқау еткен жазушының әр кітабы – бір әлем.
Қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі Нұрила Дәнтайқызы ақпан айының 6-жұлдызында 75 жасқа толды. Осыған орай, «жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген ниетпен, әдебиет әлемінде қолтаңбасы бар жерлес жазушымыз туралы тебіренуді жөн санап отырмыз.
Қаламгер атаулының дені ұлт руханиятының қазыналы қамбасына өміршең шығармалар ұсынып, елінің ертеңі мен кешегісін көркем түрде кестелейтін рухани қайраткерлер. Сол санаттан табылған Нұрила Дәнтайқызы қоғамдағы түрлі тақырыптар мен жан толғаныстарын қаламына арқау етіп, оқырманға олжа болған повесть, әңгіме, хикаяттар, әзіл әңгімелер жазды. Сол арқылы ұлт мәдениеті мен әдебиетіне деген адалдығын танытты, елінің алқауына бөленді.
Рас, жазушылық өнер – жауапкершілігі басым рухани сала. Әлемі әдемі, жазғандары жайнақ Нұрила Бектемірова сөз өнерінде өзіндік сүрлеу-сүрдек түзіп, шығармаларын мөлдірете жаза білді. Әлі де қаламын серік етіп, рухани шараларда мейман болып жүрген жерлесіміздің «Ұялған тек тұрмас...», «Нұрлы өмір – сырлы өмір», «Бақыттың білесің бе бағасын?», «Өмір бір басқа, көңіл бір басқа», «Сырлы ғұмырлар әлемі», «Өмірдің өзі жазған әңгімелер», «Күн түнекті сейілт еді» сынды шығармалары мен кітаптары оқырман қауымның сүйсіне оқыр туындысына айналғалы қашан?!
Дүниедегі жақсы мен жаман, ана мен бала, кісі баласының бақытқа жету жолында кездескен тағдыр тауқыметі мен өмірдің ащы шындығы, тура жолдан адасқан кейіпкерлердің жан күйзелісі мен теріс қылықтары, жастар махаббатының өміршеңдігі тұрғысында кесек-кесек шығарма жазып, әрбір дүниесін түрлі жанрда көркем суреттеген жазушының ақындық қыры да ерекше. Жалынды жырларымен қатар әнге айналған өлеңдері де оқырман есебінде бізді сүйсінтіп келе жатқаны шындық.
Оқырмандары мен әдебиет сүйер қауымды тағылымы мол туындыларымен сусындатып жүрген жазушының рухани әлемінен алар әсеріміз мол. Ендеше, өзім сүйіп оқитын автор есебінде Нұрила Дәнтайқызына мерейлі жасыңыз құтты болсын, қаламыңыздан ғажайып шығармалар туындасын дегіміз келеді.
Гүлнар ШЕГЕНОВА,
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапханасының кітапханашысы