Тәңірі тағаланың майдайға бітірген бағынан, ырысы мен көлкөсір несібесінен асқан не бар деген қасаң ойдың қағидасын екінің бірі айтар. Ал елімнің есендігі, көшелі өнердің көшбасшысы болу менің бақ жұлдызымның жалқын сәулесіне пара-пар ғой, саналы ғұмырды ел руханияты жолында жұмсау да мұрадым-мұратыма сәруар дейтіндер ғана алып тұлғалар шоғырынан шуақ шашады-мыс. Біз сол шуаққа шомдық, сәулені көкірекке қондырдық. Тұлғаның тізесіне қонып шәкірті атанбасақ та теледидардағы, театр сахнасындағы бейнесі мен жүріс-тұрысына, мінезі мен кесек бітіміне қарап көз тастар көкжиегімізге айналдырдық. Биыл көзі тірі болғанда сексеннің сеңгіріне шығар қазақ кино және театр өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның Халық әртісі, Ленин комсомол сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Құман Тастанбеков те қос ғасыр аралығындағы мың сан қазақ азаматының жанар суарар жалқын сәулесі, жарқын үлгісіне айналғаны ақиқат.
«Иең қайда, ақ боз ат?», – деп Қыз Жібектің Төлегенін жоқтап жанардан жас үзген, қабырғасын сөгіп зар жұтқан сәті әрбір көрерменнің көкірегінің көк теңізін толқытып жіберетін әң әсерлі көрініс шығар? Үйдегілермен бірге теледидарға телмірген біз де «Қыз Жебек» фильмінің осы тұсында өксіп-өксіп алатынбыз. Сонда 6-7 жастағы есін жаңа біліп келе жатқан сәби жүрегімізді қозғап жіберген Жібектің зары ма еді? Аяулы махаббатына көрнеу көрсеткен қараулықтан қазаға ұшыраған сыңарынан айырылып сыныққанат күй кешкен арудың ақ тамағында бүлкілдеген арзу арман, зар мен сағыныштың жан дүниені шайқап алары жасырын емес. Періште кейіптегі балғын шақта оның ақ-қарасына жетпес күйде тұрып жылап алсақ, отыздан асқан бүгінгі шақта да «Иең қайда, ақ боз ат?» деген тұсқа келгенде тағы да жанардан жас үземіз. «Неге? Қандай құдырет бізді сонша Қыз Жібекпен қатар жылататын?», – деп сан сауал төңірегінде ойландық. Сөйтсек, біз тек адал махаббаттың ақ періштесімен қоса жыламайды екенбіз, еліне ес, жауына сес болған асыл азаматқа, аруақты тұлғаға деген мәңгілік сағынышты, адами махаббатты ойлап жылайды екенбіз. Күллі азаматтың көзтастар көкжиегі, өрлік пен ерліктің, серілік пен сертке берік сомдықтың сомдалған нақ нышаны – Төлегенді күллі қазақ болып сағына жоқтайды екенбіз-ау.
Иә, шын мәнінде Төлеген деген ықылымдағы ырысы шайқалмаған елдің серісін айрықша сомдаған Құман Тастанбеков еді. Құманның көркемфильмдегі образы дастанда ғана айтылған Төлегендей тектінің келбетін бүгінге жеткізді. Қазақ Төлеген десе Құманның келбетін көз алдына келтірсе, Қыз Жібек десе Меруерт Өтекешованың таңғы шықтай тұнық көзін, ақ жібектей ақ маңдайын, Абай баба айтқан «Қақтаған ақ күмістей» ажарын көзге елестетеді. Осыдан-ақ Құман мен Меруерт қазақтың Қыз Жібегі мен Төлегені болып жүрек түкпірінен тақ сайлағанын білуге болады.
Шын мәнінде қалың қазағы көз жазып қалған, бүгінде 80 жылдық мерейтойы атап өтілер Құман Нұрмағанұлы Төлегендей тектіні тірілткен қазақ кино және театр өнерінің қайталанбас құбылысына айналған жан. Ол арда елдің манат даласы мақпалға малынған, жерінің жаннаты саналған Жетісу жерінің төл перзенті. Жоңғар Алатауының жон-жон болып жалғасқан тұсында, Саялы сарқан ауданында от жүрегін тулата өмірге келіп, жастығында білім мен бойындағы талантын шыңдай жүріп қазағының шырқау көгіне құлаш сермеді. Сөйтіп, саналы ғұмырында Төлеген болып дараланып, Құман болып тауарих бетінде бедерленді. Бұл тұрғыдан келгенде Алаш ардақтысы өмірден өткенде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Болат Әбділманов: «...«Қыз Жібек» бүкіл қазақтың ғана емес, әлемнің алтын жауһары. Міне алтын жауһарымызда басты рөлді қандай ойнады десеңізші? Адам баласы екі нәрседен қателеспеу керек дейді. Құман ағамыз сол жар таңдаудан да, мамандық таңдаудан да қателеспеген. Өнері арқылы, «Қыз Жібектегі» рөлі арқылы қазақ басына көтерді. Елі еркелетті. Мемлекет те оған атақ беруден, марапаттаудан шаршаған емес. Өзінің бір басына жетер атақ – марапаты бар. Жары Меруерт жеңешеміз періште аспанда болады десек, өмірде де періште болатынын дәлелдеген адам. Еш уақытта Құман ағамыздың қабағына кірбің түсірмей, әр уақытта өзінің «Төлегенін» Жібектей сүйіп, Жібектей мәпелеп, Жібектей күткен адам. Сондықтан, Құман ағамыз өмірде де, өнерде де бақытты адам», – деп қимас тұлғаны, жерлесін, ардақты ағасын айрықша еске алып толғанған еді. Шындығанда Құман болып туып, Төлеген болып елінің есінде қалған таңғажайып өнер жұлдызының өмір мен өнерде бақытқа бөленгені ақиқат.
Иә, ел ардақтысына айналған Құман Тастанбеков пен жары, Алаштың аяулы қызы, ел мақтанышы Меруерт Өтекешова түскен «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына да биыл 55 жыл болыпты. Классикалық шедеврден кейін де Құман Нұрмағанұлы «Қыс – мазасыз маусым», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық», «Қараша қаздар қайтқанда», «Провинциялық хикая», «Алаң шеті», «Өрнек», т.б. фильмдерге түсті. Сонымен қатар, саналы ғұмырын сахнаға арнаған театр майталманы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-анасы» мен «Ақ кемесінде», Қасым, Құлбек, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан, «Қарагөз» бен «Еңлік-Кебегінде» Әлібек, Нарша, Абыз, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер де» Тәңірберген, Оралхан Бөкейдің «Құлыным меніңде» Жан, Әуезов пен Л. С. Соболевтің «Абайында» Айдар, Мұхтар Шахановтың «Сенім патшалығын да» Маздақ, Л. Дюрконың «Электра, сүйіктім меніңінде» Орест, Ф. Эрвенің «Түлкі бикешінде» Флоридор, Назым Хикметтің «Фархад – Шырынында» Фархат болып ойнады. Сан алуан образ сомдап, көбінде негізгі һәм басты рөлдерде сомдаған Құман Тастанбеков шын мәнінде қазақ театр және кино өнері үшін туған ғажайып талант иесі еді.
Тәңір берген телегей талантты игеріп, өз бойынан қазағына, Отанына деген махаббатты айрықша ақ жалау етіп ұстап өткен, өмірлік серегі һәм қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовамен барақатты ғұмыр кешкен Құман Тастанбековтың театр әлеміндегі қолтаңбасы мәңгілік қашалып қалды. Бұл туралы: «Құман ағамызды қазақтың нағыз нар тұлғасы, дарабозы, нағыз тарланы деп білемін. Өте қарапайым, парасатты, өте ақылды адам. Біз өнерге жаңа келгенде көп көмегін көрсетті. Өзінің тәжірибесімен саханада қалай тұру керек, қалай сөйлеу керек, қалай мәдениетті болу керек, рөлді қалай алып шығу керек, образға қалай ену керек деген сияқты нәрселердің бәрін бізге үйретіп, ізеттілігін көрсетіп жүретін керемет ағамыз еді. Өте қарапайым болды», – деп Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Асылбек Боранбай ескел алыпты. Ұлағатты ұстаз ретінде де арттағы талант шоғырына ақыл-кеңесін айтып, өнердің қыр-сырына қанықтырғанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.
Ал бұл ретте: «Құман аға «Еңлік – Кебекте» Абызды ойнады, мен Еңлікті ойнадым. «Жүрейік жүрек ауыртпайда» ойнадық. Ол кісі үлкен мастер. Осы театрға келген 28 жылда бірге болған, сөйлескен кездерімізде бізге көп нәрсе үйретті. Дайындықта алдыңғы қатарда бірге отырамыз, сол кезде өзінің ризашылығын «ым-ым» деп басын изеп, көзінің қарасымен білдіріп отыратын. Ол кісі бөлек адам. Жаны сұлу адам. Өз басым ол кісілердің жанына барып, әңгімелескенді, жанына жақын жүргенді жақсы көретінмін. Қастарына жәй барып отырып-ақ, энергия алып кететінмін. Ол кісіге құдай ішкі және сыртқы сұлулықты бірдей берген сұлу адам. Жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, саханадағы болмысымен әрқайсымызға ұстаз. Ақыл-парасатымен де кәсби шеберлігімен бізге үлгі болды» – деген Шынар Жанысбекованың да есті сөзі еске түсетінін жасыра алмаймыз.
Иә, дәуір ауыссын, ғасыр парағы судырасын бәрібір қазақ маңдайына тұтқан ұлы тұлғаларын ешқашан ұмытқан емес. Алып Ер Тоңғадан тартып әдебиетіміздің көшелі көшінде керуенбасындай кермиығынан күле, кейде найзағайдай шатынап сөз сабасын күрп-күрп сауған Асан Қайғы, Бұхар жыраулардан тартып бәрі есті елдің жүрек түпкірінен тақ сайлапты. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев секілді есім-тегін тізбелесек мың сан тұлғалар да ел руханиятының қайталанбас кейіпкері, шын абыздары, асқар шыңдары еді. Солардың қатарында Төлегенін сағынып жүрген Меруерт Өтекешовамен бірге елі елі де қайталанбас тұлғасы Құманын шын аңсауда. Биыл сеңгірлі 80-ге толған сол қазақтың Құманын біз де 2017 жылдан бері сағынып жүргеніміз анық. Өмірден өткен шағында күллі қазақ күңіреніп Төлеген-Құманын жоқтап еді-ау. Ал сол қаралы күні Алаштың арда ақындары да қазақ көгіне көтерілген күніндей талантын жоқтап еді. Біз де әр сәтте бір еске алып, қазақ Құманын сағынғанда Бақыт Беделханның жыр-жоқтауын қайталай еске түсіріп, қамығып қалатынымыз да жасырын емес (Өлеңді төменде оқырман назарына ұсынуды жөн санадық). Десе де, Қыз Жібек пен Төлегендей махаббаттың символына айналып ғұмыр кешкен Құман мен жары Меруерт Өтекешованы тудырған қазақ өз бекзат болмысты перзентін ұмытпасы анық деп ойлаймыз. Десе де «Кино, және театр майталманының 80 жылдық мерейтойын туған жері дүркіретіп өткізер ме екен?» деген алаң көңілде жүргенімізді де жасыра алмаймыз...
Асыл Сұлтанғазы
Фото: mysl.kazgazeta.kz