Кербұлақтың қайсар қызы

Уақыты: 02.03.2025
Оқылды: 1912
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақылына көркі сай, парасат-пайымы келіскен, жүзінен нұр төгіліп тұратын Ләйлә Ескендірқызымен таныстығымыз ерекше басталды. Журналистер арасында өтетін облыстық байқауларда сахна төрінен көргенім болмаса, жақын араластығым жоқ еді. «Талдықорған» газетінде бас редактордың орынбасары лауазымында қызмет атқарып жүрген кезім. Бас есепшімен бір кабинетте отырамыз. Бөлменің есігін баяу ашып кірген ол  амандасып болған соң Кербұлақтан екенін, газеттің тендер мәселесі бойынша  басшылармен ақылдасуға келгенін айтты. Кейін әріптес болып, араластығымыз достыққа ұласты. Әйелге тән нәзіктігімен қоса бойынан өршіл рухты, табандылықты жаны сүйетін еңбекқор екенін байқадым.

Ішкі әлемі бай, нәзік жанның тағдыры да ерекше. Ағайындарының арасында 4 келіннің аяғы ауыр болады. Ұлтай апа – Ескендірдің (Ләйләнің әкесі) кіші әкесінің әйелі: «Кім бірінші қыз туса, соған Ләйлә деген есім берем»  деген екен. 

Оның да шағын тарихы бар. Бірде малшы ауылға ұлты кәріс азаматы түнделетіп келіпті. Дастарқаннан дәм алып отырып, сол азамат әйелі туралы қайта-қайта айта берсе керек. Оның сөзінше әйелі Ләйлә өте әдемі әрі ақылды, қолынан келмейтіні жоқ ісмер жан екен. Бұрын-соңды бұл ауылдан мұндай есімді естімеген апамыз сол есімді қатты ұнатып қалады да дүниеге келер нәрестелердің алғашқысына сол есімді беруді ұйғарады. Сол әйелге ұқсасын деген ырымы да болса керек. Сөйтіп, наурыздың екінші жұлдызында дүниеге келген Ләйләға осы есім бұйырған екен. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде, атап айтқанда Қарақалпақстанда, Астанада, Көкшетауда бұл Ләйләнің есімін алған қыз балалар бар екен. 

Ескендір әкей мен Фатима ананың шаңырағында бірінен соң бірі 7 бала дүниеге келіпті. Отағасы таңмен таласа тұрып, тракторын оталдырып болған соң алты ұлының ортасында желкілдеп өсіп келе жатқан, жанынан аса жақсы көретін Ләйләсінің бетінен сүйіп жұмысқа аттанатын. Анасына «Қызыма дұрыстап қара» деп ұлдарынан көрі қызын қатты тапсырып кетеді екен. Анасы жарықтық «Жалғыз қыз болған соң қорқады екенсің, содан болар, қаталдау ұстаған шығармын. Әйтсе де ұлдардың арасында жалғыз өссе де еркелеп көрмепті», – дейді екен абысын-ажындарына. Амал нешік?! Бүгінде ата-анасы, тел қозыдай бірге өскен үш бауыры бақилық болған. Кейде құрбымның «Ата- анам жақсылығымызды көрмей кетті-ау» деп өкінетіні бар. Адамның арманы таусылған ба бір-ақ?! 

Кербұлақ ауданының Қарашоқы ауылында туып-өскен Ләйлә орта мектепті жақсыға бітірді. Мектепте өтетін мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүріп, ауылдағы клуб меңгерушісі Сейітқали Оңалбаев құрған вокалды-аспаптар ансамблінде әнші болды. Күндіз-түні әдеби кітаптарды жанына серік етіп, республика, облыс, ауданнан келетін газет-журналдарды да құр жібермейтін. Журналистикаға әуестігі де сол кезеңнен ұшқын алды. 1980 жылдардан «Кербұлақ жұлдызы», «Қазақстан пионері», облыстық «Октябрь туы» газетіне мақала жазып тұрды. 

«Ләйлә ауылда КазМУ-дің күндізгі бөліміне мектептен кейін бірден түскен бірінші түлек», – деп айтады екен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әншай апайы. Оны арада 30 жылдан астам уақыт өткенде Әншай Бекқожина апайының ұлы Бақтыбектің аузынан естіпті. 

Университетті бітіргеннен кейін туған өлкесіне оралып, 1988 жылдан бастап аудан орталығында қызмет етіп келеді.

Ұлт мүддесін бәрінен жоғары  қоятын Ләйлә ауданның құжаттарын 1993 жылдары ең алғаш рет ана тіліне аударып, қазақша сөйлетті. Онда да ҚазМУ-дің журналистика факультетін тамамдап, газетте жүрген жерінен аудан әкімдігі аудармашы болуға шақырып алған еді. 22 жыл 9 ай әкімдікте аудармашы, кейіннен бас маман болып қызмет істеді.

Жоқшылықты да, тоқшылықты да көрген қайсар қыз ұлт тағдыры таразыға түскен 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүрді. Ондағы басынан кешіргендерін бір мақала бойына сыйдыру мүмкін емес. Үш айдан астам ҰҚК қызметкерлерінің сұрақтың астына алғанынан қажыған ол қалада қалам деген бастапқы ойынан айнып, ауылға қайтқан. Арада 38 жыл өткенде ақталып, лайықты мәртебесіне ие болды.

Бір кезде мектеп жаңалықтарын жазып, тілші қыз атандырған сүйікті газеті «Кербұлақ жұлдызы» газетінің 2024 жылы елу жылдығын аудан көлемінде өткізіп, басылым құрылған күннен бастап қызмет еткен үлкен-кішінің басын қосып, дүркіретіп той өткізгенін көзіміз көрді. Сол сүйікті газетінің әр саны оқырман қолына жеткенінше тыным көрмейтін редактор қыз – Ләйлә Оңалбаева Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері және  «Еңбек ардагері» медалінің, бірқатар мерекелік медальдердің, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттардың иегері. Алматы облысы әкімінің журналистер арасындағы «Самғау» және «Шаңырақ» байқау- ларының жүлдегері. 

Сабырлылық пен қарапайымдылықты басты қағидасы етіп ұстанатын оның қаламынан туған әңгіме, мақалаларды оқығанда жан сүйсінеді. Кейде өз газетіндегі «Ойларым өлең болып өрілгенде» деген айдары айтып тұрғандай өлеңмен өретін кездері болады. Сондай бір топ өлеңдері 2020 жылы аудан әкімі болған Махаббат Бигелдиевтің қолдауымен шыққан «Жырым сенсің – Кербұлақ» жинағына енген. 

Өмір қашанда пенденің ойлағанындай болмайды ғой. 2013 жылы көлік апатына түсіп, басын көтере алмай жатқанына 40 күн дегенде жолдасы өмірден өтті. Бірінен кейін бірі соққы болған қайғыдан қан жыласа да, қара орманы құлап, құлазыса да «Мен кетсем балаларымның күні не болады?!» деген ойы оны орнынан сүйреп тұрғызды. Бүгінде ақырын жүріп, анық басып келе жатқан жайы бар. 

Қос қанаты, екі ұлы отбасын құрып, келін түсіріп, көз қуаныштары немерелерін жетектетіп «Апа» атандырды. «Ұрпағымның өзіме деген шынайы көңілі мен сый-құрметінен артық бақыт жоқ», – деп өзі айтқандай, Ләйлә Ескендірқызын мерейлі мерекесімен, 60 жасымен құттықтап, зор денсаулық, еңбегіне табыс, отбасы бақытын тілеймін.

Қаламың қуатты, жаның  шуақты болсын, жан досым!

Гүлжанат НҰРШАНОВА
Талдықорған қаласы