Төменгі Пенжім орта мектебінің әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторының ұйымдастыруымен Панфилов ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, журналист-жазушы Мырзағали Нұрсейіт пен 5-8-сынып аралығындағы оқушылардың кездесу кеші өтті.
Бұл басқосудың басты мақсаты – жастардың қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақтың рухани жан дүниесін байыту, жергілікті журналист-жазушының шығармашылығын насихаттауға бағытталған.
Кездесу барысында Айнұр Ержанқызы жазушы-журналистің өмірі мен еңбек жолы, шығармашылығы жайлы толғанды. Мектеп кітапханашысы Анар Абдрахимова журналистің жалпы шығармашылық жолы жөнінде баяндама жасады.
Рухани шарада аталған мектептің директоры Әсем Нұрбаева бүкіл ұжым атынан журналист-жазушыға жүрекжарды лебізін білдірді.
– Сіздей ардақты азаматпен кездесудің өзі бір ғанибет. Бірінші рет мектебіміздің құрметті қонағы болып отырсыз. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Өскелең ұрпақ өнегелі әңгімелеріңізді тыңдап, одан ғибрат алады. Күні ертең біздің шәкірттеріміздің арасынан сіздің жолыңызды қуған жазушы шықса, оны осы дидарласудың пайдалы әсері деп білеміз, – деді Әсем Нұркамалқызы.
Басқосу барысында оқушылар мен журналист арасында емін-еркін сыр-сұхбат өрбіді. Жастар әдебиет пен өнер, жазушылық жайлы көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды. Кездесуде ардагер журналист жастарға тәлімді әңгіме айтып, өз өмірінен сыр шертті. Жетістікке жету үшін ең бірінші білім, ізденіс және адал еңбек керек екенін баса айта келе жастарды көп оқуға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға шақырды. Әсіресе жастардың сана-сезіміне көркем әдебиетті көп оқу қаншалықты тиімді екенін баса баяндады.
Жазушының шығармашылығы, ана тіліміздің қазіргі таңдағы қоғамдағы рөлі, сазгерлер мен ақындардың өзара байланысы жайлы сөз кеңінен қозғалды. Іс-шара барысында оқушылар Мырзағали Манапұлының «Достарым», «Жауыннан соң», «Қыс өрнегі», «Қарлығашым» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Іс-шара соңында кеш кейіпкері өзінің бірнеше кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартты.
Айнұр ЕРЖАНҚЫЗЫ,
Төменгі Пенжім орта мектебінің әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторы
Атамекен ауылы,
Панфилов ауданы