Нағашының көңілі қымбат. Анасының бауыры: «Келіншегіңнің құрсағындағы бала қыз болса маған бер. Бір перзентке зар болып жүрмін» деген сөзі санасынан шығар емес. Баланың зары өтіп жүрген нағашының жанын қалай ауыртсын?! Бетін қалай қайырсын? Көңіл қалып, көрместей болып кетсе екі жаққа да ауыр. Ағайынның арасы ашылмасын. Бала – дәнекер. Қызды бермесе аруақ күңіренер.
...Екі шаңырақ күткен сәби іңгәлап жарық дүние есігін ашты. Ата-анасы жүзін ашып қарап еді, аппақ, әдемі, екі көзі шырақтай жанған сүйкімді бала екен. Әкесі Сайыннан аумайды. Өткір жанары әкесі мен шешесіне берген уәдеңнен қайтпа деп тұрғандай. Баланы зарығып күткен нағашысы әйелі перзентханадан шығып келісімен қал-жай сұраған болып келуін жиілетті. Іші сезіп тұр, оларға керегі мұның қандай әңгіме жазғаны емес, құрсақта жатқанда көңілдері ауған сәбиді құшақтарына алып, бауырына басу. Келіншегі екеуі ақылдасып, «баланы беретін болсақ қырқына жеткізбей берейік, өзіміздің де көңіліміз ертерек суитын шығар» деп шешті. Ақыры жан жары екеуі баланы өздері апарып беріп: «Нағашы, қызыңызды алыңыз», – деп құндақтаулы сәбиді үйінің төріне жатқызып берді де бөгелместен үйден шығып кетті. Ондағысы баланы құшақтап, ешкімнен жасқанбай иемденсін деген ой. Осы күнді тағатсыздана күткен ерлі-зайыпты аппақ сәбиді мейірлене құшақтап, төрт құбыласы сай болды да қалды. Келіншегі көңілі бұзылғанымен күйеуінің көңіліне қарап, іштен тынды. Осылайша Сайын мен Мәрия нағашылары Жұмәділ мен Сәлиманның бауырына аршыған жұмыртқадай аппақ қызын салып беріп, үйіне қайтты. Бірақ, екеуінің ойы да бір жерде тоғысты. Берген сәбиді ойлай бермес үшін Алла бұйыртса көп ұзатпай тағы бір шарананы дүниеге әкелу. Нағашыны қуантқан ерлі-зайыптының тілеуін Жаратқан қабыл етіп, көп ұзамай Мәрия жүкті болды. Жарық дүниеге айдай сұлу тағы бір қыз бала келді. «Момынның ісін Алла жөндейді» деген осы. Сайын мен Мәрия сәбиге Құралай деген есім берді.
Біз мақала арқауына айналдырып отырған кейіпкер – Сайын Мұратбеков. Қазақ прозасында орны айқын көркемсөз зергерi, ерекше дарын иесі. Сайын даланың Сайыны Алматы облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында дүниеге келген. Сайын Мұратбеков – сексенінші жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Одақтың көркем әдебиетті насихаттау бюросының басшысы, «Жазушы» баспасының директоры қызметтерін атқарған. Сайын Мұратбеков – XI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты. Сөз зергерінің «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Отау үй», «Жабайы алма», «Дос іздеп жүрмін», «Ескек жел» атты әңгімелері алтын қорда сақталатын құнды дүниелер. Оның «Қалың қар», «Өліара» повестері кітап болып шықты. «Басында Үшқараның» әңгімесін бас көтермей оқығанбыз. «Жабайы алма» повесі үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанып, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, «Қалың қар» повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М. Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. «Тел өскен ұл» кинофильм сценарийінің авторы.
Жазушының шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, әзірбайжан, литва, араб тілдерінде жарық көрген. Бүгінгі «Алтынның сынығы» айдарымызда Сайын жазушының қызы, жерлесіміз Әлия жайлы әңгімелемекпіз.
Үйлеріне қазақтың маңдайалды жазушылары Әкім Тарази, Асанәлі Әшімов, Смағұл Елубаевтар жиі келеді. Сонда үйдегі балалар қонақтарға амандасуға бөлмелерінен ытып-ытып шығатын. Әлия табиғи мінезіне сай жүгіріп келе қоймайтын. Сонда қонақтар «нағашы қайда?» деп мұны іздей бастайды.
Сонымен, әлқисса, Әлия есімді батыр қыз нағашының шаңырағын шаттыққа бөлеп, шырағын жағып, еркелеп өсе берді. Ата-апасы бетінен қақпады. Қыздарын төбелеріне ханша көтереді. Ауыл-аймақ, ағайын-туыс Жұмекеңнің көңіліне қарап Әлияны қанаттыға қақтырмайды. Ол сабаққа баратын жасқа толса да әке-шешесімен тойға барып, тай үйретіп шапқылап жүре берді. Қыз алты жасқа келсе де еркелігі қалатын емес. Жеті жасқа жетсе де сабақ оқиын, мектепке барайын деген ой жоқ. Сонымен екі жақ ақылдасып, Әлияны Алматыдағы № 2 мектеп-интернатқа берді. Бірақ, каникул кезінде Әлияның Қоңырдағы ата-апасы қыздарын ауылға алып кетеді. Ойлары Алматыда қалса әке-шешесіне бауыр басып кете ме деген қызғаныш. Қыз бастауыш сыныпты аяқтаған сәттен Сайын мен Мәрия қыздарын демалыс кезінде үйлеріне ала бастады. Кейіннен әке шаңырағына алды. Бір күні сіңлісі ойламаған жерден Әлияға екеуінің туған әпкелі-сіңлілі екенін айтты.
– Әлия, сенесің бе, біз туған әпкелі-сіңлілерміз ғой.
– Жоқ, Құралай, мен Жұмаділ атаның қызымын.
– Жүр, айнаға қарашы, екеуміз бір-бірімізден аумаймыз.
– Кім айтты саған?
– Папам мен мамамның айтып отырғанын естіп қойғанмын. Сен біздің баласың.
Айнадағы өзінен аумайтын қызды көргенде Әлияның жаны алай-дүлей болды. Мені неге бере салды екен? Ішінде әке-шешесіне деген реніш оянды. Көкейіндегі көп сұрақ сол күйі ата-анасына қойылмады. Оған қазақы мінез әлде өзінің тұйықтығы себеп еді. Бірақ, асырап алған ата-анасына көңілі ауды. Төбесінен құс ұшырмай бағуларының себебін енді түсінгендей. Қоңырға кеткісі келді. Олар мұның жолын күтіп жүр-ау. Малды өріске шығара алмай жүрген шығар. Шөп бітіп қалмады ма екен?! Екеуі де қартайды. Көк сиыр табыннан қайтпай әуреге салып жүр ме екен деген ойлар Әлияны жиі мазалайды Туған әкесі елге танымал жазушы Сайын Мұратбеков. Елге сыйлы жан. Шаңырақтарынан қазақтың мықты жазушы, ақындары үзілмейді. Сыйластықтары жақсы. Өлең оқиды, ән салады. Әзіл-қалжыңдары да жарасымды. Әкесі түнімен жазу жазады. Анасы балаларды оқуға жіберіп, тамақтарын жасап күтіп отырады. Бұл сабаққа баруға оянғанда әкесі төсегіне енді бара жатады. Анасы балаларға әкесінің ұйқысын бұзбауды бұйырады. Сонымен балалар үйде тәртіп сақтауға бейімделіп өсті. Ақырын тұрып, дыбыс шығармай, сабаққа аттанады.Үйіне қазақтың маңдай- алды жазушылары Әкім Тарази, Асанәлі Әшімов, Смағұл Елубаевтар жиі келеді. Балалар қонақтарға амандасуға бөлмелерінен ытып шығатын. Әлия табиғи мінезіне сай жүгіріп келе қоймайтын. Сонда қонақтар «нағашы қайда?» деп мұны іздей бастайды. Барлығы баланы нағашыға бергенін білген соң, бір жағынан, нағашы жұртқа деген құрметпен мұны «нағашы» деп атайтын. Бұл да қазақтың ерекше қасиеті. Әкесі Сайынның өзі де Әлияны шақырғанда «нағашының қызы, бері келші», – дейтін. Бұл сөзге оның құлағы үйренді. Әлия мүшел жасқа жақындағанда әкесі Сайынның сценарийі бойынша «Тел өскен ұл» фильмі түсірілді. Ел абыр-сабыр премьераға баруға дайындалып жатыр. Қазақ жақсы жаңалыққа аста-төк дастарқан жаяды. Сонымен үлкен-кіші фильмнің тұсаукесеріне кетті. Ал Әлия мен сіңлісі дастарқан жайып үйде қалды. Кинотеатрға барған жұрт құтты болсын айтып, үйге келді. «Әлия нағашы» әкеге, қонақтардың құрметіне арнап ет асып, нан жайып үйде күтіп алды. Барлығы баланың жауапкершілігіне, үй шаруасына бейімділігіне, ризашылықтарын білдірді. Құртақандай баланың құрметі үлкен-кішіні қайран қалдырды. Бұл – екі ана мен қос әкенің тәрбиесін қатар көрген аяулы қыздың тез есейгендігінің белгісі еді. Екі отбасының бірін таңдау жайлы жауапкершілік тұр еді. Бірақ, кішкентай жүрек таулы өлке Қоңырда қалған ата-апасын сағынып, соларды ойлап жүрегі сыздап тұратын. Үлкен шаһар, ерекше мектеп, жайлы үй оны қызықтырмады. Әкесі: «Біреудің ала жібін аттама, өтірік айтпа, сатқындық жасама, бетіңнің арын сақта, ақшаға құнықпа»,– деп үйреткен. Сол мінез Әлияда қалыптасты. Өтірік айта алмайды. Атасы мен апасы ана жақта мұны күтіп отырғанда алаңсыз өмір сүре алмасы белгілі. Бұл – асыраған ата-анасын жақсы көреді. Оған сатқындық жасауға болмайды. Жаны бір жадырамай-ақ қойды. Әкесі Сайын: «Адам өз өмірін өзі қалыптастырады. Мысалы, ара гүлге қонады. Гүлмен қоректенеді. Бал шығарады. Ал шыбын нәжіспен қоректенеді. Өмір бақи нәжіспен қоректеніп, қоқыс аралайды. Ол оның таңдауы. Сондықтан қандай өмір таңдайсың, солай өмір сүресің» деген мысалы санасында әлі күнге жаңғырып тұрады. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген осы.
Әлияның таңдауы – ауыл. Өзін Қоңырда еркін сезінеді. Жоқ, болмайды екен. Ол 8-сынып оқығанда атам мен апама барамын деп бір күнде жиналды да ауылды бетке алды. Жұмаділ мен Сәлиманға тартып тұрды. Туған ата-анасы іздеп келмеді. Себебі, берген серт бар.
Әлия есімді батыр қыз нағашының шаңырағын шаттыққа бөлеп, шырағын жағып, еркелеп өсе берді. Ата-апасы бетінен қақпайды. Қыздарын төбелеріне ханша көтереді. Ауыл-аймақ, ағайын-туыс Жұмекеңнің көңіліне қарап Әлияны қанаттыға қақтырмайды. Ол сабаққа баратын жасқа толса да әке-шешесімен тойға барып, тай үйретіп шапқылап жүре берді. Қыз алты жасқа келсе де еркелігі қалатын емес. Жеті жасқа жетсе де сабақ оқиын, мектепке барайын деген ой жоқ.
Сайын Мұратбеков әңгімені еш боямасыз жазды. Ауыл адамдарының мінез-құлқы, сыйластығы, өмір сүру салты, ауылдың табиғатын оқырманға қаз-қалпында бере білді. Оның өмірі де осылай өрілді. Бағына қарай балалары да атына кір келтірмей адал, ақ өмір жолын таңдады. Мысалы, «Көкорай» деген әңгімесінен үзінді келтірейікші. Әңгіменің бұл бөлімінде Моторбай есімді ауыл азаматының анасы қайтыс болған кез бейнеленеді. Оның досы Жанайдың көзін көріп, қолынан дәм татқан апаның өмірден өткенін естігенде жан дүниесінің құлазыған сәтін қаз-қалпында бейнелей білген. «Жанайдың ойынан шырқ айналып Моторбай кетпей қойды. Аяйды. Іштей өзін-өзі жабырқау, көңілі құлазып торығу пайда болды. Бір ауық алдындағы іс- қағаздарды лақтырып тастағысы келеді. Далаға жүгіріп шығып беті ауған жаққа, құла түзге қарай алды-артына қарамай жүре бергісі келеді. Жападан-жалғыз қырға шығып аттан салғысы, жылағысы келеді. Таусылған, түгесілген жаман бір сезім ұршықша иіріліп басынан шығар емес. Түскі үзіліске дейін әзер шыдап отырды. Үзіліске шығысымен ешқайда мойын бұрмастан Моторбайдікіне келген. Моторбай есігінің алдында ескі тал шарбаққа сүйеніп үнсіз жылап тұр екен. Жанай кеп жанына тұрды», – деп ауылдас жігіттердің біте-қайнасып кеткен достықтарын өз басынан өткендей суреттейді. Сайынның перзенті Әлия да осы әңгімедегідей бағып-қаққан ата-анасын мәпелеп бақты. Жайлы жер іздеп кеткен жоқ. Ол адалдықты әкенің қаны мен тәрбиесінен алды. Мүмкін, ол туған әке-шешесі Сайын мен Мәриямға уақытша барғаны да дұрыс болған шығар. Себебі, адал адамның айнымауы керек екенін бойына сіңірді. Сағынудың, ауылдың, өмірдің мәнін, жасандылыққа алданбау керек екенін жанына түйіп, бағытын анықтап, тас-түйін болып, есейіп қайтты. Әр нәрсенің қайыры бар.
Әлия бүгінде Талдықорғанда. Жетісу университетін қызыл дипломға тамамдап, ата-апасын мәпелеп бағып, ақтық сапарға арулап аттандырды. Балалар мекемесінде өзіне ұнайтын қоңыр тірлігін кешіп, ар жолында адал, ақ ғұмыр кешуде. Отбасы, өмірлік жары, ел-жұрты, жұмысы – әлемі. Әке аманатын орындады. Бақытын адал еңбектен тапты.
Гүлжан ТҰРСЫН