Музыка мұхитындағы ақ кеме

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1994
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Болашақтың іргетасы балалық шақта қаланады деген бұлжымас қағиданың ақиқаттығына белгілі композитор, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік ЕРКІМБЕКОВТІҢ өмір жолымен танысқанда тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ойын қуғаннан гөрі оңашаланып, сан ырғақтың арасынан құпия іздеуге талпынатын балдырған бес жасында германиялық пианиноның құлағына отырады. Өнер әлеміне әуестігін әу бастан байқаған ата-анасы дарынды ұлдың жолын байламай, қанаты қатайғанша қолдау көрсетіп, жаңадан тұтанған талантының шоғын үрлейді. Мектеп табалдырығын аттамастан-ақ Абай атындағы Опера және балет театрындағы қойылымдарды қызықтап, бірде әкесімен, бірде анасымен барғыштап, өнердің қара шаңырағынан ерекше әсер алып қайтатыны әлі есінде. Әсіресе, Петр Чайковскийдің әйгілі «Щелкунчигі» мен Шарль Перроның «Ұйқыдағы аруы», Фарида Яруллинаның «Шуралесі» бала жадында жатталып қалды. Тіпті, Кеңес одағының Халық әртісі, аты аңызға айналған балетмейстер Зәуірбек Райбаевтың орындауындағы «Алтын қыран» биін сүйсіне тамашалайтын.

Асылдың сынығы

Өнерді кие тұтатын әр қазақ жатқа білетін бір есім бар. Ол – Жексембек Еркімбеков! Ескелді бабамыздың бата дарып, бақ қонған байтақ мекенінде кіндігі кесіліп, өнер үшін өмір сүріп кеткен ұлт перзенті жылдың басында 88 жасына қараған шағында көз жұмды. Қазақ ұлтының мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып, сазгерліктің сара жолын жаңғыртқан Жексембек Еркімбекұлы Д. Қонаевтың ұсынысымен талай абыройлы қызмет атқарды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын домбыра мамандығы бойынша игеріп шыққан ұлт мақтанышы оркестр құрамында алғашқы еңбек жолын бастады. Домбырашы жігіт терең білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ең бастысы, қазақ өнерін ерекше құрметтейтін қарапайым мінезімен көзге түсті. Консерваторияда атақты ұлт ұстаздарының алдын көріп, олардан өмірлік мақсатына жарайтын тәлім алды. Білім ордасында әйгілі К. Жантілеуов, Х. Тастанов, А. Жұбанов, Л. Хамиди сынды майталмандардың оқу тәжірибесіне қанықты. Бірінші курстан кейін Ф. Мансұровтың жетекшілігіндегі халық аспаптар оркестрінде жұмыс істеп үйренеді. Партияның жұмыстарына белсене араласып, ел мүддесі жолында тер төгеді. Аз уақытта бірнеше мекемеде, ұйымдарда басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, министрліктегі жауапты жұмыстарға тағайындалады. Он бір жыл ҚазКСР Мәдениет министрі болып, елдің алғысын арқалады.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық мәтелі. Серік Еркімбековке әке жолының оң әсер еткені анық. Қаннан келген қасиет жайдан-жай жатқызған жоқ. Жүрек шіркін сазды әуен дегенде өрекпіп кететін. Жаңа ырғақтардың, көңіл тербейтін тылсым үндердің, иі қанбаған иірімдердің сұлбасы құлақ түбінде сырнай тартып тұрып алатындай. Бұл құбылысты шығармашылық адамдары, әсіресе, сазгерлер жақсы түсінсе керек-ті. Өнерге бас иген отбасы ешкімнің алдын кес-кестеген жоқ. Қандай биікті бағындырса да, адал еңбегімен алдыңғы шептен көрінді. Сазгерлік – тек жүрек лүпілімен түсінісетін нәзік иірімдердің жемісі. Өнер өзіңнің ішкі жан сарайыңмен сырласу. Сол арқылы жан-жағыңдағы адамдарға рухани ләззат сыйлау. Ешқашан атаққа ұмтылуға болмайды. Атақтың ең жоғарысы – халық берген бірауыз баға. Ал оны місе тұтпасаң, өшкенің, өнердегі бағыңның тайғаны. Мәдениеттің майталманына айналған әке ұлына осындай ұлағатты әңгіме айтып отыратын. Мұндай тәлім-тәрбие, рухани мол байлықты ешқандай ақшаға айырбастай алмайсың.
Серік Еркімбеков қазіргі таңда өзі де бір үйдің асқар тауы, мәуелі бәйтерегі. Бірақ әкенің орны қашанда бөлек екенін осынау алты айда анық ұғынғандай. Алпыс жастың асуынан қараса да, әке университетіндей үлкен рухани оқу ордасын кезіктіріп көрмепті. Сазгер әкесіне ұқсап бағады. Әке жолын, әке өнегесін өнердегі мызғымас темірқазығы етіп алғаны да жасырын емес. Ақ жүрек анасы – Әлима Ерзакова қашан көрсең  ұлының әрбір қадамына шын қуанып отырғаны. Күрделі жанрдағы операларға жетектеп ертіп әкелгені, музыканың мың сан ырғағын алғаш тыңдатқаны бала бойындағы ұшқынды жүрек көзімен ерте байқай білгендігімен байланысты шығар. Әлима Төлеуқызы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін биология мамандығы бойынша үздік бағаға тамамдаған. Жексембектей ұлт қайраткерімен шаңырақ көтергеннен кейін 30 жылдан астам уақыт облыстық кітапханада бөлім басшысы қызметін атқарды.
Көпті көрген әке мен абзал ана перзенттерінің музыка әлеміне деген ынта-жігерін таразылап, отбасылық ортақ шешімге келеді. Серік Жексембекұлы К. Байсейітова атындағы музыка мектебіне қабылданады. Фортепиано бөліміне түскен талапты оқушыға М. Романовадай терең білімді ұстаз дәріс береді. Бұдан бөлек, М. Сәрсенбаеваны, Е. Ковалеваны, Э. Россманды, жастық шағындағы алғашқы ұстаздарының алдыңғы легінде Нагим Меңдіғалиев пен Мансұр Сағатовты ерекше атайды. Он төрт жасында «Прелюдия», «Шөлдегі керуен», «Құс-дөңгелек» секілді фортепианолық туындылар жазып, алғашқы сазгерлік қабілет-қарымын байқап көреді.
1972 жылы композитордың өмірінде маңызды оқиға орын алады. Дәлірек айтсақ, бүкіл шығармашылығына әсер еткен тарихи кездесуге бастан-аяқ қатысады. Алматы қаласына көрнекті композитор Арам Хачатурян ат басын бұрады. Ол өзінің «Спартак» балетін сахналайды. Бұл жүздесу Серіктің өзі оқып жатқан музыка мектебінде өтеді. Концертке ұласқан кездесуге мектептің үздік оқушылары да атсалысады. Олардың қатарында белгілі әнші Айман Мұсаходжаева да бар. Сол жерде Серік тырнақалды туындыларының бірі – «Шөлдегі керуен» шығармасын нақышына келтіре шырқайды. Тағы бірнеше туындыны табан астында шығарады. А. Хачатурян жас баланың дарынын байқап, кейін білімін Мәскеудегі консерваторияда жалғастыруға кеңес береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл кездесу дарынды баланың біржолата сазгерлік әлеміне түсуіне түрткі болады.
Мектеп жасындағы бала сазгер көп ұзамай профессор Д. Баспаевтың ансамблінде концертмейстер болып шыңдалады. Бұл ортада Батыс Еуропа мен Азияның танымал туындыларын орындап, мол тәжірибе жинақтайды. Сен-Санстың «Аққуын», А. Дворжактың «Мелодиясын», Д. Шостаковичтің «Романсын», сондай-ақ, Ахмет Жұбанов бастаған қазақ композиторларының шығармаларын меңгереді. Жас музыканттың өмірінде осы концертмейстерлік қызмет үлкен маңызға иелік етеді. Серік Еркімбеков бұл уақытта үрмелі аспаптармен орындалатын шығармалар жазады. Скрипкаға арналған триолар, виолончель мен фортепианоның сүйемелдеуіндегі пьесалар шығарып, халық тарапынан оң пікірлер естиді. Композитор пианист бола жүріп орындаушылық шеберлігін де көрсете білді, жеті нотаға бүкіл сазды сыйдырып, жаңа әуендер шығарумен де шұғылданды.

Жетілу жолында

1976 жылы Серік Еркімбеков Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. Әрине, композиторлық бөлімге, СССР Халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің сыныбына қабылданады. Музыка мектебінен шыңдалып келген жас сазгердің студенттік жылдары қызыққа толы болды. Жаңа шығармашылық ізденіс талап етілді. Музыка аспаптарының жанрына қызығушылығы оянды. «Ақ дариға» халық әнінің фортепианоға арналған прелюдиясын, сонаталар, жаңа концерттер дайындауға күш салды. Соната мен оркестрге арналған концерттің алғашқы орындаушылары Н. Кадашников пен  Н. Измайлов еді. Студенттік жылдар Серікке көп нәрсе үйретті. Әсіресе, мектеп қабырғасынан музыка әлемінің біршама сырына қанығып келсе де, әлі де үйренері көп екенін ұғынды. Музыкалық-эстетикалық талғам қалыптасты. Сазгерлік қабілеті кәсіби тұрғыда жетілді. Жоғары оқу орнын бітірген соң Серіктің еңбек жолы Қазақстан Композиторлар одағында жалғасады. Ал 1984 жылдан бастап оның қызметтік жолы тағы бір жаңа арнаға ауысады. Өзі қанаттанған консерваторияға бұл жолы ұстаз болып оралады. Бірақ композиторлықтан алыстаған жоқ. Төрт жыл өткен соң бала кезінде барғысы келген П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясында білімін жетілдіреді. Ресей Халық әртісі, профессор А. Николаевтың қарамағында тәжірибеден өтеді. Теориялық пәндерден маңдайалды оқытушылар дәріс береді. Жекелей тоқталсақ, полифониядан өнертану ғылымының докторы В. Задерацкий, аспаптардан Ю. Фортунатова өткізген сабақтар қызғылықты болды. Жас сазгер танымал профессорлар арқылы музыка мұхитына құлаштай бойлап, терең сүңгіді.
Мәскеу өмірі Серік Еркімбековті жаңа бір әлемге жетелегендей әсер қалдырды. Әсіресе, мәскеуліктердің театрсыз тұра алмайтындығы, өнерге қызығушылығы тәнті етті. Қалада күнде концерт, күнде әр жерде шығармашылық кеш. Оның артынан қызу талқылау, пікірталас, музыка жайында ой бөлісу. Мұндай орта Серіктің таным көкжиегін кеңейтпесе, тарылта қойған жоқ. Ол үнемі Мәскеу Үлкен театрының қойылымдарын тамашалайтын. Симфониялық музыкаларды тыңдауға баратын. Кейіпкеріміздің айтуынша, Мәскеуде жүрген әсерлі күндер А. Шниткенің жеке концертімен, «Мәскеу күзі» фестивалімен, «Би би си» (Лондон) симфониялық оркестрімен, сонымен қатар, Францияның, Бразилияның түрлі өнер ұжымдарының тартуымен есте қалды. Мұның бәрі Қазақстаннан барған композитордың бұдан әрі өрлеуіне, шығармашылық тұрғыда өсуіне жол ашты.
Серік Еркімбековтің шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Отан таңы». Ғажайып туынды 1986 жылы өмірге келген. Қаншама жыл өтсе де «Отан таңынсыз» кез келген концерттің сәні кірмей, тақырыбы ашылмай тұратындай. Рас, сазгер бұл шығармаға барын салған. Өзінің де ішкі әлемін, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін көрсеткен. Халықтың үнін, мұңын, мақсатын жүрегімен сезіне білген. Отансыз ел – бақытсыз. Бабадан қалған аманат – ұлы Отаныңды қасық қаның қалғанша қорғауға міндеттісің. Отанды риясыз сүю оны қорғаумен тұйықталмайды. Отанға адал жолда қызмет ету, міне, сенің патриоттығыңды паш ететін үлкен дәлел. Серік Еркімбеков осындай асқақ сезімге толы ішкі дауысын халықтың үнімен сабақтастырып, жеті нотамен жеткізе білді. Серіктің жүректен шыққан ноталары әлі күнге сахнадан түскен жоқ. Заман ағымы түрленіп, жаңарған сайын сұраныс артуда. Оның шығармаларын бірнеше буын орындап келе жатқаны да осы сұраныстың ортаймайтынын көрсетсе керек. Музыкадағы шексіздіктің не екенін «Отан таңы» шығармасы әйгілейді. Музыкаға қосылған домбыра дыбысы көне ғасырдан бері тәуелсіздікті армандаған бабалар аманатын жеткізгендей әсер қалдырады. Композитордың «Гаухар» атты флейта мен арфаға арналған пьесасы да тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, әкенің қызына деген махаббатын сездіреді. Сазгер әуеннің құдіретімен жас қыздың жан сарайын ашады. Ал «Анажан» әні айтпаса да түсінікті. Композитор өзін өнер әлеміне жетелеп, қамқорлық танытқан анасына арнаған шығармасында шырқау шыңға көтеріледі. Анасының ақ жүрегін айшықтап, музыкамен үн қатады. Ерекше атап өтер жайт, Серік қандай биікті бағындырса да, әке өнегесін өмірлік мақсатынан тайдырған емес.
Композитор вокалды музыка әлемін де терең зерттеген ғалым. Әдеби және музыкалық образдарды терең түсінген жан поэзияның да ұшқыр идеясын қабылдай біледі. Сазгердің әндері мен романстары тыңдарман тарапынан үлкен сұранысқа ие. Оның әр романсы шексіз лирикаға, тұнық сезімге, нәзік иірімдерге толы. Мәселен, Марфуға Айтқожинаның «Жер-Аспанына», Сырбай Мәуленовтің «Дарқан даласына», Қайрат Әлімбектің «Өмір қанатына», Бәкір Тәжібаевтың «Шат көңіліне» жазылған вокалдық шығармалары қай ғасырда да өшпейтін туындылардың санатына жатады. Мұндай теңдесі жоқ туындыларды орындаушылар да танымал. Сазгердің романстарын қазақ өнерінің жарық жұлдыздары Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Мұхамедқызы секілді маңдайалды тұлғалар шырқайды.
Серік Еркімбековтің шығармашылығында балет музыкаларының маңызы зор. Сан қырлы өнер иесі «Мәңгілік алау» және «Мұнара» атты балеттерінде өзгеше стильді қолданады. Пластикалық эстетиканың шебер үлгісін көрсетеді. «Балет бұл – ішкі ойдың көзге көрінетін түрі. Поэзия тілдің қимылы болса, балет бүкіл адам пластикасының әрекеті. Адамның бүкіл тәнімен музыканы ұғындыру, көрерменге рухани ләззат сыйлау мүлде бөлек тақырып. Ол үшін хореографиялық және пластикалық эстетиканы жан-тәніңмен сезіну керексің», – дейді Серік Жексембекұлы. Сазгер мұндайда өз тәжірибесін кейінгі буынға айтып береді. Шығармашылығымен бөлісіп, сахнаның құдіреті жайлы баяндайды. Бұл ойын әсіресе ұстаздық жолға түскенде ізденіспен, студенттерді қызықтыра отырып әңгімелейді. Ақын өлеңмен, жазушы прозамен, суретші қылқаламмен қоғам тынысын бедерлесе, сазгер әуезін жеті нотаға сыйғызып, сиқырлы музыкамен адам жүрегіне қозғау салады.
Серік Жексембекұлы тарихи тақырыптарға да бойлады. Оның «Мәңгілік алауы» Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын, Отан қорғау жолындағы әскерилердің ерлігін паш етеді. Бұл шығарма 1985 жылы жазылды. Автор философиялық аспекті тұрғысынан соғысқа лағнет айта отырып, әлемдегі трагедиялы тағдырды суреттейді. Балет әлемінде ерекше туындысы да осы. Алғашында бұл балет екі әрекеттен құралды. Араға он жыл салып, қайта түзетті. Бір актілі балетке ықшамдап, қайта жазып шықты. Жалпы 12 нөмірден, 4 суреттен тұратын балет туындысы адамзаттық трагедияны сезіндіреді. Соғыстан тірі қалғандардың бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Шығарманың шарықтау шыңында Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнінің цитатасы қосылады да, бүкіл туындының өңін аша түседі. Автордың айтуынша, бұл балетте жалғызбасты ананың жанайқайы мен халықтың мұң-қайғысы қатар көтеріледі.

Ұстаздық – ұлы жол

Өткен ғасырдың соңында, дәлірек айтсақ, 1990 жылдары Серік Жексембекұлы еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласады. 1996 жылы дарынды сазгерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы беріледі. 1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кафедра меңгерушілігіне көтеріліп, жүздеген шәкірт тәрбиелейді. Он жылға жуық уақыт Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы болып, еліміздегі музыканттарға қамқорлық жасайды. Ал 2005 жылдан бастап Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясына оқытушылық қызметке тұрады. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші проректоры болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, саңлақ сазгер тәлім-тәрбиемен қатар жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетті де әкесінен үйренді. Ол екі халықаралық композиторлар форумын ұйымдастырып, көпшіліктің алғысын алды. 2002 жылдың сәуірінде өткен бірінші халықаралық композиторлардың фестивалі отандық ән әлеміне серпіліс әкелді. Тарихи жиынға АҚШ-тан, Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ресейден, Белоруссиядан, Түркімениядан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан ең мықты музыканттар келді. Қазақстаннан 50-ден астам сазгер қатысып, халықаралық әріптестікті нығайтты. Ал екінші форум 2007 жылы Астана қаласында ту тікті. Бұл жолы жиынға Еуропаның бірқатар елінен танымал сазгерлер жиналды. Алматы қаласында өткен алғашқы форумда Серік Еркімбековтің «Көгілдір мұнара» шығармасының тұсауы кесілді. Бұл шығарма терең философиялық тақырыпта өрбіген. Аспан мен жердің арасы, адамзаттың таным көкжиегі, рух пен жан ұғымы – шығарманың негізгі арқауы. Жаратушы алдындағы тағзым, аспан мен жердің тылсым күші туралы ырғақты әуен қазақ музыкасына тың стиль қалыптастырды. Бұдан бөлек, «Алтын арқа» туындысы да Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен сабақтастырылды. Серік Еркімбековтің кез келген туындысы Қазақстанның сахнасымен шектелмей, алыс-жақын шетелдерге де тарады. Сырт мемлекеттің сазгерлері де Серіктің шығармашылығын жоғары бағалап, өз пікірлерін білдірді.
Серік Еркімбеков – ұлт мақтаныштарын ардақтай білген, тарихты құрметтеген, қазақтың хан-батырлары мен би-сұлтандарын, ақындары мен жазушыларын ерекше жақсы көретін жан-жақты талант иесі. Композиторлық дегеніміз – әуезді нотаға түсіру ғана емес, сонымен бірге, тарихты тану, әдебиетті меңгеру, бүгінгі өмір тынысын түсіну. Біздің кейіпкеріміз қай жағынан да мол білімі бар, руханиятқа жанашыр адам. Оның бір ғана «Шәкәрім» симфониясы шетелдіктердің де ризашылығын алған жұп-жұмыр туынды. Еске сала кетсек, 2009 жылы Лондондағы композиторлардың концертінде Серік Жексембекұлы өзінің «Мұнара» шығармасын орындайды. Дирижері – М. Стравинскас. Қазақ өнерін паш еткен концертке мәдениет жанашыры, Шәкәрімнің ұрпағы Медғат Құлжанов та қатысады. «Мұнарадан» ерекше әсер алған Медғат Серікке Шәкәрімнің қилы тағдыры туралы музыкалық шығарма жазуға ұсыныс тастайды.
«Шәкәрім» симфониясы екі бөлімнен тұрады. Аты айтқандай, туынды қазақтың философы, Абайдың шәкірті Шәкәрімге арналған. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ақын қалың қазақтың қамқоршысы, дария кеуде ақсақалы, данагөйі. Қиын-қыстау кезеңде елін адалдыққа баулыды. Саф дінімізді сақтаудың жолын көрсетіп, ар-ұят пен адамгершілік қағидаларын түсіндірді. Батыс пен шығыс өркениетінен мол тәлім алып, қоғамның көлеңкелі тұстарын сынаған симфония – Серік Жексембекұлының тәуелсіздік алғаннан кейінгі жоғары бағаланған туындыларының бірі. Симфоның негізгі мазмұнын Шәкәрімнің өз әндері құрайды. «Анадан алғаш туғанда», «Сәлем, Әбдіғали бауырым, жалғызға» сынды өз шығармалары қосылған. Бұл туындылар симфонияның лирикалық-драмалық сюжеттерін күшейткен әрі ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жолын нұсқаған. Қорыта айтқанда, «Шәкәрім» симфониясы саяси құрбандарды еске алуға бағытталып жазылған.
Композитордың тағы бір қыры театр мен киноға арналған музыкалар жазумен тығыз байланысты. «Маған досыңның кім екенін айт», «Андрей Первозванныйдың ордені» секілді киноларды музыкамен көмкерді. Қандай музыка шығармасын ұлттық колориттен ауытқымайтын композитордың кинода да, театр қойылымдарында да өз қолтаңбасы айқын көрінеді. Әртүрлі жанрдағы қойылымдарға жазған музыкасы театр сахнасынан түскен жоқ. У. Шекспирдің «Он екінші түн», Ш. Айтматов пен М. Шахановтың «Сократты ескеру түні», О. Сүлейменовтің «Скиф қорқынышы», «Заманақыры», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі»,  Ф. Оңғарсынованың «Дала күйші Дина» драмаларына әсерлі әуенмен әр берді.
Композитор тәулік бойы ізденісте жүреді десек, артық айтқанымыз емес. Оның шығармашылықтағы тағы бір жемісті еңбегі – «Сенің арманыңдағы үй» мюзиклі. Бұл шығарманың тұсаукесері 2011 жылдың 19 желтоқсанында өтті. Халықтар достығын арқау еткен мюзикл жазу идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде туған. Мюзикл-трилогияның қағазға түсуіне Елбасының Хельсинкидегі бүкіләлемдік фестивальға барған сапары себепші болған. Трилогияның екінші бөлімінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтық дастаны жайлы айтылады. Ал үшінші бөлімде «Болашақ» бағдарламасымен Бостонға оқуға аттанған қазақ студенттерінің өмірі бейнеленеді. Нәтижесінде, үш дәуірдегі жастардың өмірі жайлы шап-шағын әрі тартымды мюзикл өмірге келген. Бұл жайлы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР Халық әртісі Айман Мұсаходжаева да жақсы пікір білдірген. «Мен бұл мюзиклда музыканың әртүрлі жанрын қолдандым. Мұнда 60-шы жылдардағы джаз да, қазақтың дәстүрлі әуені де, махаббатпен байланысқан әдемі балет те, поп пен рэп мәдениеті де бар. Жоба өте қызықты. Үлкен еңбекпен келген шығарма», – дейді бұл туралы Серік Еркімбековтің өзі.

Түйін сөзімізде Серік Еркімбековтің музыка мұхитына өзінің ешкімге ұқсамайтын сара стилін салған дарынды композитор екенін айтқымыз келеді. Сазгердің қолтаңбасы мыңдаған шығарманың ішінен іздесек те, өз үнімен, өз идеясымен дараланып тұрады. Оның классикалық ойлары үнемі романтикалық бейнелерге ұласып, жаңаша бір өрнектер қалыптастырады. Романтизм белгілері сазгердің санасына образды түрде келіп қоймай, лирикалық әуен сарынында, философиялық формада да бейнеленеді. Мұндай дарын екінің бірінде кездесе бермейтіні де анық. Біз мақаламызға арқау еткен кейіпкеріміз осындай ерекшелігімен де оқ бойы озық, өзгелерден дара. Бұл – өз замандастары мен туған жұрты берген ең жоғары баға. Композитор музыка мұхитында алпыстың ақ кемесімен еш кедергісіз жүзіп барады. Алда тағы да асулар, тағы да тың міндеттер, тағы да шығармашылық ізденістер.

Қуаныш ТҰНҒАТАР