Алып та анадан туады

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1961
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Биыл туғанына 100 жыл толған Сәдіғожа Мошанұлы  ілгеріде өткен Біржан сал, Ақан сері, Әсет Найманбаев сынды ақын, композитор, әнші атанған сегіз қырлы, бір сырлы өнер иелерінің өкшесін баса шыққан тұлға.
Оның:
Біздің ауыл Кетпеннің етегінде, 
Ерте шықсам ауылыңа жетемін бе?
Сары бидай, Сағындым, қалқа, даусыңды-ай, – деп басталатын ерке-наз бен сырлы саздан өрілген, әуелете, асқақтата, жан тебіренте шырқалатын әнін білмейтін жан кемде-кем. Осы күнге дейін Сәдіғожаның әндерін Рамазан Стамғазиев, Жайдар Нұртуған, Жандос Кәкиғали, Мәди Әлемов, Нұржан Жұмаділов, Нұрлан Тұрашев, Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейісов, Бейбіт Мұсаев, Саян Майнағашев, Арафат Ысқақов сынды танымал әншілеріміздің орындап жүргенін естіп те, көріп те келеміз. 
Сәдіғожа Мошанұлының әндері ел аумағында ғана емес, қазақтар мекендеген алыс-жақын шетелдерге де кеңінен таралып кетті. 2005 жылы Францияда өткен Қазақстан  Республикасы өнерінің онкүндігінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, талантты әнші Рамазан Стамғазиевтің «Сарыбидайды» асқақтата шырқауы  Сәдіғожа әндерінің Еуропа елдеріне де қалықтай ұшып жеткенінің мысалы деуге болады. Осыдан-ақ Сәдіғожа әндерінің музыка өнеріндегі орны биік, мәртебесі жоғары  туынды екенін аңғарамыз. Шын мәнінде  оқып-жазарлық сауаты болмаған Сәдіғожа Мошанұлының құлашын кеңге жайған мұндай сезім қылын шертер нәзік ән тудыруы оның шынайы талант, ірі дарын иесі екенін танытса керек.
Сәдіғожа Мошанұлының дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр десек те, оның әндерінің айтыла бастағанына 50 жылдай ғана уақыт болды. Оның басты себебі – Зербала анасының тағдырымен тікелей байланысты. 
Сәдіғожа 1917 жылы Кетпен тауының етегіндегі Кетпен ауылының маңайында көшіп-қонып жүрген Текесбай баласы Мошан мен оның зайыбы Зербаланың жас отауында дүниеге келеді. Осыдан кейін олардың екінші ұлы Әбілқайыр туған соң 30 жастағы Мошан дүние салып, келіншегі жесір, сәбилері жетім қалады. Арада жыл өткенде  сол заманның салт-ғұрпы бойынша Зербала әмеңгерлік жолмен Текесбайдың екінші баласы, яғни Мошанның інісі Қожаниязбен бас қосады. Қожанияздан Үркімбай есімді үшінші ұл дүниеге келеді. Осылайша өмір дейтін толассыз тірлік өз жөнімен,  ағысымен сырғып өте береді.
Сәдіғожаның әнші-өлеңшілігі бала жасынан-ақ дүркіреп шығып, оның әсем әндерін естуге құмартқан жұрт алыс-жақыннан ағылып келіп жатады екен. Алайда орны толмас өкінішті жайт – Сәдіғожа отызға толмай тұрған шағында, тіпті үйленіп те үлгірмей жатып, ел ішіне тараған індет – сүзектен дүниеден  қайтты. Оның артынан іле-шала інілері Әбілқайыр мен Үркімбай да сол жұқпалы дерттің құрбаны болады. Бірер айдың ішінде үш баласынан бірдей айырылып қара жамылып қайғыға батқан Зербала еңсесін қайта көтере алмай белі бүгіліп, жасы жеткен кәрідей біржолата бүкірейіп қалыпты. Сөйтіп, ел ішінде «бүкіш апа» атанған кейуана шешеміз құлағына  әлдебіреудің әуелетіп салған Сәдіғожаның әнін ести қалса, өз-өзінен елегізіп, елікпе ауруына шалдыққан адамдай бөтен күйге түсетін халге душар болады. Осындай жағдай әлсін-әлі қайталана берген соң ауыл үлкендері енді Зербаланың өзінен айырылып қалмайық деп алыс-жақындағы елге Сәдіғожаның әндері Зербаланың құлағына жетпесінші деп өтініп сұрапты. Содан кейін Сәдіғожа әндерінің айтылуы саябыр тартып, біртін-біртін ел есінен шыға бастағанға ұқсайды.
Мен, осы естелік-мақаланы қағазға түсірушілердің бірі Елемес Текесбаев 1949 жылы туып, ес біле бастағанымда Зербала апамның тас емшегін жібіткен, суынған қойнын жылытқан ерке баласы екенмін. Әкем Қожанияз да, шешем Зербала екен. 1-сыныпқа барғандағы фамилиям Қожаниязов болатын. Менде басқа әке-шеше бар деген қиялыма кіріп те көрген емес... 
1961 жылы аяулы Зербала шешем кәрілік жетіп қайтыс болды. Бұл кезде маған кәдімгідей ес кіріп, оң-солыма ой жіберетіндей болып қалғанмын. Сондықтан да болар, көп кешікпей менің шынайы әкем Қуанияз, шешем Бүбіхан екенін білдім. Қуанияз осыған дейін маған әке болып келген Қожанияздың әкесі Текесбайдың бірге туған інісі Бұқыжанның баласы екен. Қожанияз-Қуанияз болып бәріміз бір үйде  тұратынбыз.  Қоржын тамның бір жақ қапталында біздің отбасымыз (Қожанияз, Зербала және мен), екінші қапталында Қуанияз және оның әйелі, балалары тұратын. Мен Қуанияз ағаны Қожанияз әкемнің туған інісі деп ойлайтынмын. Өйткені бір әке, бір шешеден туған сияқты аттары да ұқсас қой... 
Кейін білсем, «құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келіпті» дегендей, туған шешем Бүбіжан менің алдымда бірнеше құрсақ көтеріп, олар туар-тумаста шетінеп кете беріпті. Тапқан балалары тұрақтамай шерменде  болып жүргенде Бүбіхан ауылға келе қалған бір бақсы-балгерге көрініп, мұңын шағады. Сол кезде әлгі бақсы: «Қамықпа. Жақында бала көтеріп,  аман-есен босанасың. Бірақ нәрестені туылған бойда басқа бір әйелдің бауырына салып беруің керек», – деп қатал шешім айтыпты. Сөйтіп, жарық дүниенің есігін енді ашқан шақалақтарының тіршілігін тілеген туған әкем Қуанияз бен туған шешем Бүбіхан менің бұл дүниеде бар-жоғымды ешкім елемесін деген ниетпен Елемес деп ат қойып, үш ұлынан бірдей айырылып, өмірі өксікпен өтіп келе жатқан Зербала шешеміздің бауырына салып береді. Бұларына аса риза болған Зербала апам немере қайнысы мен келініне шын жүректен тебіреніп тұрып батасын беріпті. Содан былай ұл да, қыз да көрген Қуанияз аға мен Бүбіхан (шеше деп айтып көрмеген едім, қазір де айта алмай отырмын) менің амандығымды сыртымнан ғана тілеп жүріпті. 
Әнші, ақын Сәдіғожаның өмірі мен шығармашылығын зерттеу бағытында жазған мақаласында филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев Зербала шешемді «өте көрікті, парасаты мол әрі айбынды кісі», «арқасы бар, емшілік қасиет дарыған», «пірі бар... қандай асау жылқы болса да «тәк» деп даусы шығысымен дір-дір етіп тыныш тұра қалатын болған», – деп сипаттап жазыпты. Әрі сол әулеттің үлкені әрі анадай артықша қасиеті бар Зербала шешемнен ығып жүретін өзгелер маған ешқашан көз алартып көрген емес. Кейуана шешем бұл дүниеден өткенше нағыз еркетайдың өзі болып өстім. Ол кісі қайтыс болғанда шешесіз жетім қалды деген осы деп қатты қайғырып, ботадай боздағаным әлі күнге дейін есімде. 
Зербала апам екеуіміз ұйықтайтын бөлменің төрінде кішкентай ғана қара домбыра ілулі тұратын, алайда оған ешкім де қол созбайтын. Кәрі шешем қайтыс болған соң мен 5-сыныпта оқып жүргенімде домбыра тартуды үйрететін үйірмеге қатысам деп, төрдегі қара домбыраға көз салғанымда, Қуанияз аға: «Ол – сен білмейтін Сәдіғожа ағаңның домбырасы», – деп біз жоғарыда шет-жағалап айтып кеткен деректер туралы біраз мәлімет берген. «Бұл – Сәдіғожа ағаңның көзі ғой, төрімізде тұра берсін», – деп оны маған да ұстатпай, басқа домбыра тауып берген еді.  
Сәдіғожаның әндерін Зербала апам о дүниеге аттанып кеткен соң  ғана Қуанияз аға там-тұмдап өмірге әкеле бастады. Әнші-ақынның түр-кейпі, мінез-құлық ерекшелігін, құймақұлақ зерделілігін осы кісінің айтқан әңгімелерінен естіп өстік. Талантты өнер иесінің әсем әндері осыдан кейін-ақ енді ғана қанат қаққан балапандай ауылымыздың үстінен қалықтай ұшты. Сәдіғожа әндерінің алғашқы орындаушылары Құныпия мен Мотан аға (Молдасан Шәпиев) болды десем ешкім де теріс дей қоймас. Мотан аға 5–6-сыныптарда оқып жүргенде-ақ үлкен-кішіні аузына қаратқан әнші болатын. 8-сыныпта ауыл балаларын жинап домбыра үйретіп, оркестр ұйымдастырған. Көп шәкірттерінің ішінде домбырамды көтеріп мен де жүргенмін. Кейін ауылшаруашылық институтына түсіп оқығанымда сол жоғары оқу орны оркестрінің белді мүшелерінің бірі болдым. Ептеп ән шығарып қоятыным да бар. Сәдіғожа ағамның әншілік, ақындық рухына арнап күй де шығардым. Әрине, бұларымның бәрі – «самородный сары алтын» дейтін классикалық туындылар деп әсте айта алмаймын. Өз жүрек қалауыммен әлімше шығарған дүниелер ғой. Бойыма дарыған аздаған өнердің бұл нышандары Сәдіғожа ағамның құлағыма құйылып, жүрегіме барып түскен әндерінің ұшқыны шығар немесе өнерпаз ағамды дүниеге әкелген қасиетті Зербала шешемнің мені аялап сүйген мейір-шапағатының кеудемді жарып шыққан жалын-оты шығар, иә болмаса домбыраны қалай ұстап, құлақ күйін  қалай келтіруді, өзі мектеп оқушысы бола тұрып, ес тоқтатқан ересек ұстаздай тәптіштеп тұрып үйреткен Мотан ағаның зор талабы шығар. 1980 жылы алғаш рет өткізілген Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық әншілер байқауында Сәдіғожаның «Сарыбидай» әнін орындап дипломант атанған Кетпен ауылының түлегі, өнерпаз ініміз Жақсылық Мырқаевтың әншілік өнерде қанат қағып ұшуына да бағыт берген алғашқы тәлімгері өзіміздің Мотан аға болған-ды.
Өнер әдетте бір жүректен ұшып шығып, екінші жүрекке барып қонумен тоқтап қалмайды. Шынайы озық өнер туындысы жүректен-жүрекке жетіп, «Өнерлінің өрісі кең» демекші, кеңге қанат жайып, түлеп ұша береді екен. «Кедейшілік жігітке қой бақтырар» дегендей, жетімдік пен жоқшылық Сәдіғожаны қой соңына салып қойса да, қысқа ғұмырында жазу-сызудың не екенін білместен өте шықса да Тәңірдің берген ерекше дарыны оны Кетпен тауының баурайындағы Кетпеннің етегінен алыс аймақтарға, Алаш атанған қазақ әлеміне тоқтаусыз алып ұшып барады. Зербала апамнан туған Мошанның ұлы Сәдіғожа ағам бүгінде қазақ дейтін халқының қажетіне жарағанына, оның өнердегі игілігіне айналғанына мың мәрте шүкірішілік етемін. «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде», – деп әуелете, асқақтата шырқағым келеді...
 
Елемес ТЕКЕСБАЕВ, 
Жұмабай ҚАЙРАНБАЙ, 
жазушы