Жыр айдынының аққуы

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 2023
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Шалқар дариядай шалқы­ған шайыр­лы ша­бы­тын ша­рық­татып, ша­мыр­қанған шақ­тарында кие­лі ақындық өнердің ша­рай­надай жар­қы­­раған тыл­сымына бойла­тып, тұң­ғиы­ғына терең ба­тырып, жү­рек­­ті елжіретіп, айызды қан­дыра жыр жа­за­тын қыз Марфуғамен, арын­ды ақын­ның мөлдір жы­рымен біз жастық дәу­ренді дү­бір­летіп жүрген сонау өткен ға­сырдың алпы­сын­шы жыл­да­рының ба­сын­да таныс­қан едік. Қа­зақ уни­верситетінің филоло­гия фа­культетінің жур­на­лис­ти­ка бөлімінде сырт­тай оқи­тын­быз. Бі­лім қу­ған­дардың көбі егде­леу жаста­ғылар. Сол кез­дегі Үкі­­мет үйінің ғи­ма­раты университет­ке беріл­ген. Екін­ші қабатын­да­ғы кең залда лекция тың­дай­мыз. Зейнол­ла Қаб­долов пен Бейсенбай Кен­жебаев аға­­лардың лек­ция­сына бірі­міз қал­май ба­ра­­мыз. Бос уа­қытта, кей­де өзара келі­сіп, әдебиетті шын сүйе­тін­деріміз ірікте­ліп ертерек жина­лып, уни­вер­ситеттің Үкімет үйі жақ беткейін­дегі «Аққу» кафесінің маңын­­дағы жа­сыл желек жа­мыл­ған иран­бақ­тай сая­лы алаңның ор­тасын ойып қаз-қатар дөң­гелене тұрып, әңгіме кө­рігін қыздырудай-ақ қыз­дыратынбыз.

Топтың ішіндегі әңгімешіліміз де, білгі­ріміз де Мұзафар Әлімбаев еді. Тіпті білмей­тіні кемде-кем-ау. Бұл неткен білгір адам десек, Маралды өңіріндегі әнші-күй­шілердің, ақын-жыраулардың, ертегіші-хи­каяшылардың, ділмар-шешендердің ду­ман­ды ортасында жүріп, мықтылардың та­тым­ды сөзін, тәтті сазын, тартымды ғибрат-тағылымдарын қаршадайынан құлағына құйып өскен Мұзағамыз киелі сөз өнерінің қыр-сырына қанық екен де. Онысымен қоймай парсылық Сағди, тәжік Фирдауси, латыш Раннис, грузин Руста­вели, қырғыз Тоқтоғұл, өзбек Науай Әлішер және басқа батыс пен шығыстың шайырлы ақындарын тізбелеп, олардың жырлары жайлы ақта­ры­ла алғаусыз сөйлеп, терең талдай­тынына таңырқайтынбыз. Осындай тұстарда: «Мұзаға-ау, Сіз бәрін біліп тұрсыз, не­ме­неге оқып, әуре болып жүрсіз», – деп қызу­шы­лық танытқан сұрақ қоятынбыз. «Ма­ған жоғары білімі бар деген қатты қағаз ғана керек. Онсыз қолбайлаушылық ады­мыңды аштырмайтын көрінеді. Сол үшін оқып жүрмін», – деп кү­лімсіреп қойып, әң­гімесін әрі қарай жал­ғайтын.

Тақырып аясын кеңейтіп таратып, құ­лақ құрышын қандыра талдап айтатын Мұз­ағаның әңгімелерін ынталана, риза пейіл­мен тыңдайтын едік. Аракідік өлең де оқып қоя­тын. Біз тырп етпей тұрып қызы­ға құлақ түре­тінбіз. Сол кезде ортамызда «ару жүзі уылжып алмадайын, жұпар са­мал ескендей жанға дәйім, жігіттің де сұл­танын сұқтан­дыр­ған» (Марфуғаның сөзі), аққудың көгілдіріндей үл­пілдеген, көр­кі­мен көз тартатын әдемі тал­дырмаш қыз қа­та­рымызда тұрғанда жана­ры­мызды алмай күміс қоңыраудай сыңғырлаған үні мен сәл-пәл езу тарта жымиғанына жа­на­рымыз талғанша қызыға, сұқтана, тамсана қарай­тынбыз. Өршіл мінезділеу аруымыз өлең­ге құштарлығын танытып, алға шығың­қы­рап барып, қатарымызда дараланып тұрып алып, жүрегінің лүпілін, шынайы сезімінің сыңғырын, туған жерге деген сағынышы мен ыстық махаббатын, көңілінің күмбірін бір арнаға тоғыстырған әсерлі де әдемі өріл­ген балауса жырларын оқитын-ды. Жас­тықтың жалынын алаулатып, періште мі­незімен таң­дан­дырып, әдемі сезімге бө­лейтін жырла­ры жан сарайын жарқыратып, көңілге қона ке­тетін. Әдемі өрілген ойлы жырға тамсана­тын­быз. Үр сезімге кене­ле­тінбіз. Таза көңілдің пәк­тігін мөлдірете жыр жазатын мінәйі мінез­ді ақжарма ақын Марфуғадай «жүрек күйін шерте келген титтей жыршы құстың» қатары­мызда жүр­генін сол кезде біріміз білсек, екін­шіміз мән бермеген де, тіпті жете таныма­ған да болармыз. Соған қарамастан ол біздерді жатырқамай, көпшілдік көңілмен өзіне жақын тартып, сырлас болуға иекемділігін де бай­қатып, «Жібектей ширатылған, жүрегі жырға тұнған, сырға тұнған, тербе­ліп самалменен ырғатылған» Марфуға ізет­тілікпен ортаға шы­ғып, «Балқұрақ» ат­ты (1962 жылғы) тұңғыш жинағының па­рақ­тарын сүйріктей саусақ­тарымен ашып тұ­рып шабыттана жыр оқи­тын.

Құздарынан жөңкілген дауыл-көшкін,

Мен тәкаппар Талқының тауында өстім...

Бой асыра шыңдары биіктеген,

Бірге ойнадым жартаста киікпенен.

Қайсарлықты бойына құйған мықтап,

Қарағайын тапжылмас сүйіп келем! – деп лепіре келіп, жырын әрі қарай жалғас­тыра жөнелетін.

О, тәкаппар, тәңір шыңдар,

Сол қарағай, самырсындар.

Ұшып келген Алатаудың

Қарлығашын танырсыңдар.

О, сиқыр тау, ертек емен,

Жастық жалын өртенем мен.

Мен бір титтей жыршы құсың,

Жүрек күйін шерте келген, – деп тебі­ренген Марфуғаның үні де ашық шы­ғатын. Тәтті жырымен баурайтын. Жүрек­ті тол­қы­татын жыр өретін:

Аңсаған елін,

 Ауылын,

 Елемей көктем жауынын,

Елемей қыстың дауылын,...

Сақтаған салтын,

Мұрасын,

Тұнықтан бетер тұнатын,

Халқымен тапқан ұнасым,

Құлжадан келді бір ақын! – деген ақын­ға зор құрметпен қарайтынбыз.

Күні кешегі сол жап-жас ару Марфуға Айтқожақызы бүгінде қазақтың аққу сынды ардақты ақыны атанып, абыройын асқақтата түсуде. Жеті ондықтың жиһаздарын текше­леп жинап, сегізінші ондыққа жас шағында сах­наға секіріп шыққандай сергек сезіммен, сұ­лу­лық сымбатымен, сұңғылалы ойлы да отты жырымен, өмірге ғашықтық іңкәрлігі­мен же­тіп отыр.

Іледей арнасы кең сылқым ағысты сыр­шыл өзен ақын Марфуғаны бір керемет, сар­қылмас аққу аңсарындай іңкәрлігімен алға же­телейді. Себебі, балалықтың бәлдау­ре­нінің бастапқы бал дәмін таңдайына татқан, шол­пысын сыңғырлатып, махаббатының лү­пілін дүниеге тыңдатып өскен жері – Құлжа қала­сы, сағымды Сайрам көлінің жағасы, алыс­­тағы қазақ жеріне асыққан Ақсу – Іле­нің саға­сы. Балаң Марфуға Балқаш ай­ды­нына асық­қан Іледей, атамекенді аңсай жү­ріп бойжет­кен шағында сағындырған ата­жұрт­қа жетіп еді. «Қаншама адам жете ал­май зар ғып өткен, біздер көшіп келген біз ар­ғы бет­тен... арба­сына ат емес, атан емес, құ­лындай шырқы­ра­тып жанды жеккен...» деп аңса­рын жырға қосқан кезі де осы тұс.

Ақын Марфуға баянды да шынайы ба­қы­­тын атажұртынан тапты. «Атажұртым! Тау тұрғай тасың бөлек, қуат беріп жаныма жатыр демеп. Аңсап жеткен осынау ата­жұртқа, сағы­нышты армансыз басу керек», – деп тағдырын киелі мекенінің топы­ра­ғы­мен табыстырып, бүгінде кемеліне келген ақын ырзашылығын мың бір мәрте қайталап айтудан бірде танған емес, танбайды да. Атажұрттан тапқан байыр­қалы бақыты мен туған жерге деген толас таппас сағынышы үй­лесімділікпен өрілген жыр жолдары ақын­­ның ажарлы келбетіндей мүсінделетіні де содан шығар.

Марфуға иісі қазақтың сөзін сөйлеп, ар­ман-мұратын толғайтын кең тынысты аза­мат ақын ретінде парасаттылықпен айбын­дана: «Мен атынан сөйледім қазағымның! Кенелер­мін күндерге шабысы мол, болмаса да бұл шақта бар ісім оң. Кенесары, Абылай болма­сам да, ел намысы – менің де на­мы­сым ол!», – деп шамырқанған аққу жүректен жыр төгеді. «Жүруші едім тәңірге тілек қылып, туған жер­ге тұрады жүрек бұрып... Шығыс жаққа қа­рай­мын бой шымырлап, Алатауға арқамды сүйеп тұрып», – деп туған жерін мықты тірек санай­тындығының өзі адамға күш-қуат беретін, елге деген сүйіс­пеншілік рухын арттыра тү­сетіндей се­зінесің.

 «Менің кіндік қаным қазіргі Шыңжаң өл­­ке­сі, қазақша айтқанда, Еренқабырға, Құл­жа өңі­рінде тамса да барлық ата-баба­ларым осы Қа­зақстанда туып-өскен, – дейді Марфуға өзі­нің журналистерге берген сұх­батында. – Үлкен бабаларымның атақоны­сы Талдықорған айма­ғындағы қазіргі Ілияс Жан­­сүгіров кенті. Көк­өзек, Ордабай дейтін жерлерді қоныс еткен. Жаз жайлаулары –Бүркітті шыңының етегі, Мұз­дыбұлақ аң­ғары. Атақты Ілияс, Ғали ақын­дар жыр­лайтын Қоратауы. Қажы атамның есімімен аталатын Айтхожа жайлауы да бол­ған. Аталарым жайлауға шыққан жердегі бұр­қыраған жабайы арасанды Айтхожа ара­саны дейтіні ел құлағында. Әкем орысша да, ескіше де сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу кісі екен. Қажылыққа барған, ел сыйлаған, би, шешен­дігімен танылған. Жұрт жазда әкеме барып, арасан суымен емделіп, тәу етіп қайта­тын­дығы да ел аузында жиі айты­лады. Содан қиын заман орнап, ел басына қара күн туған ғой. Әйтпесе адам туған елді, Жетісудай керемет жаннат жерді тастап, беті ауған жағына кете ме?! Сонау алапатты да аласапыранды жыл­дарда алғаш Кеңес өкі­меті келіп кәмпескелеуді бастаған кезеңде бай-құлақтың тұяғы деп қа­жы атамды 70 жасында қол-аяғын кісендеп, итжеккенге айдайды. Әкемнің Шәймерден де­ген інісін атып жібереді. Әкем сол кезде Қара­ғаш мектебінде мұғалім болып жүрсе керек, оны кейінірек қолға түсіреді. Шешемді аса қауіпті халық жауының әйелі ретінде аңдып, ешкіммен қатынастырмай, аяғын аштырмай бақылауда ұстайды. Қапал уезінен 82 адам­ды айдап әкеліп, бірінші Алматының мүт­тәйім бағы дейтін қалың тоғайының ішінде терең ор қаздырып, сонда қамапты. Солар­дың ішіндегі ең қауіптісі Ғали Айтхожин деп санаған. Осы кезде жылап-еңіреуден көз ашпаған Бифатима анам Смағұл қажының бетіне жел-күн тимей өсірген аса көрікті, өр мінезді қызы еді. Тысқа шығу құқынан айырылып, аңдуда, ауыр жұ­мыста, ұрып-соққан таяқтың астында жүрсе де, шырқап сал­ған зарлы да құсалы әндерін ешкім тоқ­тата алмапты. Небір зарлы әуен­деріне те­мір тордағы әкемді, өлі-тірісі белгісіз ай­дау­дағы қажы атамды, аштықтан қыр­шы­ны­нан қиыл­ған балаларын қосып, барлық қасі­рет-қайғысын әнмен аңыратады екен. Көзі ашық, қайсар мінезді анам қамаудағы әкеме барып, небір қияметті қиындықтарға жо­лық­­қанына қарамастан күйеуімен көрісіп, хал-жағ­дайын біліп те қайтыпты. Кейінірек әкем мүт­тәйім бақ ішіндегі зындан түрме­ден қашады. Өзіне «Ғали Айтхожин» деп сол уақытқа сай жа­сырын құжат жасатып ал­ғандықтан тос­қауылдардың бәрінен аман-есен өтіп, Қора­тауының биігіндегі көл­дің маңында, шатқалды құз-жартастардың ішін­де екі ай тығылып жатады. Ахмет деген не­мере інісі тамақ әкеліп бе­ріп жүріпті. Бірақ өзі асырап адам еткен жамағайынның әйелі белсенділік танытып, «Айтхожин Ғали қа­шып келіп, – Қоратауында ты­ғылып жатыр, ұстаңдар», деп көрсетеді. Әкем тықыр таян­ған соң «Қарақтарымды енді тірі көремін бе, көрмеймін бе, бір құдай бі­ле­ді», – деп бір түнде көршілес Қытай еліне қарай тау асып, қашып кетеді. Бізді Қытай елінен келді дей­тіні осындай тақсіреті тауқы­меттен туын­­даған еді».

Бала кездегі отбасылық қиындықтың тау­­қыметін бастан өткеріп, тіршіліктің кер­мек дәмін татудай-ақ татқан Марфуға ата­мекенге оралған бетте ақын ағалары Ғали Орманов, Сыр­бай Мәуленов, Тайыр Жаро­ков, Ғафу Қайыр­беков және басқалармен танысады. Олар ақын қыздың алғашқы өлең-жырларын баспадан шығаруға қам­қор­лық жасап, сәт-сапар тілейді. Жұмекен, Тұман­бай, Шәміл, Қайраттармен жұмыс ба­рысында қоян-қолтық араласады. Бәрі де «ортамызға әдемі қыз кел­ді» деп емес, «да­рынды ақын келді» деп қарсы алып, қуа­на­ды. Содан бергі барлық өмірі қара ормандай қалың ел-жұртының қара шаңы­ра­ғының астында, қазақтың қара өлеңі­мен үн­десіп, абыройын асқақтатып келеді. Жыр­дағы жеңісі мен еңбегінің жемісінің мәуесін тер­ген, нұрлы жыры сазды сырымен қабыс­қан сың­ғырлы үнді зерделі сөз иесі атанған Мар­фуғаға қабырғалы қазақтың қара өлеңімен абы­ройын асқақтатып, жыр айдынының ақ­қуына айна­лады. Ақынның жырларын оқы­ған адам туған жерге деген ақ бұлақтай аптыққан аппақ ар­мандары мен сағыныш­тың сарынын, сезім иірімдерін шырқау биік­ке өрлетіп, ет жүрегінің түкпіріндегі тілегі мен асыл арманының бұл­қы­нысын алға жайып салып, көкірек көзін оята­тын сарқы­раманың сарынындай еліктіреді. Көңілді жел­піндіреді. Лирикалық сезімнің иірімінде шы­р айналып, құдіретті күштің тыл­сымына қаныққандай күй кешесіз. Қара­пайым ше­бер­лікпен салынған суреттерді көз ал­дыңа көлбеңдетеді. Бейнелі әрі айшықты тіл­мен әу­ бас­тағы мақсат-мұратын зергерлі сөзбен кесте өрнегіндей үйлестірілген шең­беріне сидырады. Далбақтап, дали­майды. Өзіндік сыпайы­лық­тың, сұлулықтың келіс­тіре мү­сінделген бейне­сін көз алдыңа елес­тетеді. Адам­ның жан дү­ние­сін баурайды. Қи­сын­сыз құбылыс, құрғақ теңеулерге қы­зық­пайды. Кібіртіктеп те қал­май­ды. Кең көсі­леді. Нықтап, шегелеп шен­дестіреді.

Бүгінде күміс қоңыраулы Құсни Құлжа, таудан құлап ағатын тасқынды Көлденеңсу, Кертас, Көкөрайлы, Мыңшұқыр, табиғат мү­сін­­деген Құсемшек, Жалғызқарағайдың бауы­­ры, Талқының сауыры, Сайрамның сұ­лу ай­дыны, тұнығы бұрқақтаған Күркіл­дек­тің бұ­лағы Марфуғаның тұрса – көз алды­нан кет­пей­тін, жатса – түсінен шықпайтын кө­­кі­регіне кө­мілген арманды аймақтар мар­жан жырының ал­тын арқауына айналған де­се де болады. Шал­ғай шеттегі туған жері Мар­­фуғаның көкі­регінен бір кетпейді. Аң­сайды да жүреді. Өзі­нің кіндік кескен өңір­дің топырағына табан тіреп, ел-жұрты­мен қауышуға отыз жылдан кейін (1988) мүм­кін­дік туады. Талқының ке­зеңі­нен Сай­рамға қарай асқанда туған жер көзіне оттай басы­лып, көкірегінен ағыл-тегіл жыр тиегі ағы­ты­лады. Анасының қабірінің басындағы ай-жұлдызды, әкесінің өз қолымен ойып жаз­ған «Бифатима Айтхожа қажы келіні, Ғали­дың сүйікті жары» деген жазуы бар қызыл мәрмәрдан орнатылған құлпытасы, қос ала­қа­нымен сипап, тағзым етеді. Дұға бағыш­тайды. Ана махаббатын жүрегімен сезінген Марфуға: «Қабір басынан түрегелген кезім­де көзімнен жас, жүрегімнен жыр сорға­ла­ды. Сол сапардан «Жапырақ сіл­кінген кеш» атты жыр жинағын жазып қайттым», – дейді.

Шоқ гүлің боп жайқалармын төсіңде,

Қалармын мен әнің болып есіңде.

Сені сүйген жүрегімді кірлетсем,

 О, туған ел, кешірме!

 

Ұлы өлкемді көрген сайын тамсанып,

Сағынышпен жаңа таңын қарсы алып,

Самалына төсей түсіп бауырын,

Жүрер менің жүрек құсым ән салып, – де­ген жыр жолдары осы сапардан туын­да­ған шырайлы шумақтарының ерекше аң­сау­ға, сарқылмас сағынышқа, әдемі бір кө­рі­ніске, ғажайып сүреттерге толы екендігіне көз жеткі­зіп, ынталана оқитының күмәнсіз.

Дүниені жырымен тербеген, жүрек тол­ға­ныс­тары мен тебіреністерін шеберлікпен астас­тыратын ақын Марфуғаның қай жина­ғын қолға алмаңыз, таза жанының ақта­рыл­ған сөз моншағы тізіледі, мөлдір сезім­нің інжу-мар­жаны сүзіледі. Көңіл-күй ли­рикасынан барша адам баласының жүрегін елжіретіп тебірен­те­тін, ойын толқытатын шуақ төгіледі. Сезім нұры құйылады. Соны­сымен кімді болса да бейжай қалдырмайды. Өлең­ді қасиет тұтатын хал­қының рухани байлығының мол қазына­сына айналғаны ақиқат.

...Қайран Талқы таулары-ай!

Биік неткен,

Халқымның құтысың ба үйіп-төккен.

Шуақты шыңдарыңа шығар мені,

Арман жоқ алауынан күйіп кетсем!

 

Қайран Талқы таулары-ай!

Биік неткен,

Әніңді тыңдамап ем ұйып көптен.

Шертші бір,

Күй кеудеңді күмбірлетіп,

Ғажап емес нөсердей құйып кетсем, –

деп туып-өскен өлкесіне деген ыстық ықы­­ласы шексіз сүйіспеншілікпен ұштасып жатады.

Ақын Марфуға Айтқожақызының баспа­дан шыққан жинақтарын санамалайтын бол­саң, саусақ саны жетпейді. Жыр жинақта­ры­ның қайсысын алмаңыз, олардағы мар­жан сөз­дермен зерделенген туындыларының бәрінде де ақын Марфуға жан дүниесі мен ішкі сыры, арманы мен мұраты бір-бірімен етене қабыс­тырып, елге, туған жерге, Отан­ға деген шы­найы махаббатын бір мысқалда ке­мітпей, ке­рісінше, әуезділігін әдемі әдіп­теп жіберуге тым шебер. Шабытының қар­қынын әлсірет­пей, шымырлығын ширата түсетіні және бар. Түйсігінің түйінін нақты­лық­пен тұжырым­дай­ды. Сонымен бірге та­қы­рып таңдаудағы тап­қыр­лығының таза жү­рек талғамынан шық­қа­нына сүйініп, жү­регің елжіреген шағыңда келесі бір ой же­лісі келісті шырайлы шумаққа көзің тү­седі. «Теп-тегіс жұмыр келген» жыр­ла­рын­дағы сезім иірімдері, сыршыл шумақ­тары, мөл­діреген лирикалық тұнық түйсіктің пер­нелерін дөп басатыны тәнті етері хақ. Оқи­сың. Ойыңды құштарлықтың ағысы кер­ней жөнелгенін де аңғармай қаласың. Көтерген тақырыбының жүгі, оқырманды ойландырар тағылымы, жазылу мәнері ақын жырын оқы­ған сайын шынайы сезімнің толқынында тер­беліп, көңіл-күйдің құдіретті күшінің тылсым сырына қанығасыз. Таза талғамның, мөлдір сезімнің, жырдағы тұғырын биік­теткен ақын ішке бүккен мұңы мен шерін, сағынышты аңсарын ақ қағаз бетіне ақта­рып, лақылдатып төккен шақта қоңыр қо­быздай күңіренген үні құлаққа жеткендей әсерге бөленетінің бар. Көркем тілмен көм­ке­ріліп, жинақы өрілген жырлары жа­ның­ды баурайды. Ой асылын алға тартады.

Әлі де берері де, өнері де сарқылмайтын қай­нардай бұрқанған Марфуға Айтқо­жа­қы­зына шалқар шабытының айдынында ақ­қу­дай жүзіп, биіктерге самғай беріңіз демекпіз.

                        Әли ЫСҚАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысының Құрметті азаматы.