Детектив жанрының сардары

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 2389
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халық ішінде: «Артында баласы қалса, көзі қалды де, сөзі қалса, өзі қалды де», – деген тәмсіл сөз бар. Бұл мақалдың астары тереңде жатыр. Артында «көзі» болып қалатындай ұрпақ тәрбиелеу, өлместей ізі болар ұлағатты сөз қалдыру баршаның қолынан келе бермейтіні анық. Десек те, қазақ әдебиеті тарихында мұндай тұлғалар жоқ емес. Сондай жанның бірі әрі бірегейі, қазақ әдебиетіндегі ең кенже сала саналатын детектив жанрын шырқау шыңына шығарған, ел мүддесін майданда қарумен, бейбіт күнде қаламмен қорғаған айтулы тұлға – Кемел Тоқаев.

Ғибратты ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған қаламгердің өмір жолы тосын жайттарға, бұралаң белестерге толы. Ата-анасының, бауырларының ортасында өткен бақытты балалық шағы ұзаққа созылмады. Ұжымдастыру жылдарында өкіметтің озбырлығына шыдамаған Тоқа атаның әулеті амалсыздан жылы ұясын, қара шаңырағын тастап, Бішкек қаласына ат басын бұрады. Онда қара жұмыс істеген Тоқа бала-шағасымен біршама уақыт тұрақтайды. Ата-анасы мен қарындасын аштық азабынан құтқарамыз деп жұмыс істеуге аттанған Кемел мен ағасы Қасымды полиция патрулі ұстап алады. Жүйелі жауап бере алмаған бауырларды өгіз жегілген арбаға отырғызып, балалар үйіне әкетеді. Осылайша қос бауыр ата-анасының көзі тірісінде жетімекке айналады. Бірақ, қатал тағдырдың Тоқаның балаларына берген сын-сынағы мұнымен аяқталмапты. Ауыр әрі ұзақ жолдың зардабын көтере алмай сал ауруына шалдыққан анасы көп ұзамай қайтыс болады. Әдетте ағалары Қасым мен Кемелдің жанында отырып, пештің қызуына жылынатын кішкентай ғана қарындасы абайсызда отқа түсіп, шетінеп кете барады. Ал, бір мезетте отбасынан айырылған әке ішқұса болып, із-түзсіз жоғалады. Ата-анасының ауыр жағдайға ұшырағанын білмеген қос бауыр жетімдер үйінде қорлық көріп, аштыққа да, суыққа да шыдайды. Бір-біріне тіреу болған қос ағайынды тағдырдың ауыр соқпағына берілмеуге бекінеді. Ашығып, тоңып жүрсе де білім алуға талпынады, келешектен үміт күтеді. Талапшылдығының арқасында ағайындылар Шымкент мырыш зауытының жанынан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа көшіріледі. Орта білім алып, кәмелетке толғаннан кейін өз армандарын орындау жолына түсіп, білім көкжиегіне ұмтылады. Алайда көп ұзамай үкілеген үміттері үзіледі. Себебі, дәл сол сәтте оқудан бұрын екі ағайындыны Отан алдындағы борышы күтіп тұрған еді. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен қос бауыр алғашқылардың қатарында әскерге алынады.
Фрунзе әскери училищесін бітірген Кемел Тоқаев алғашында Украина майданына, кейіннен Екінші Беларусь майданына кірген 7-ші гвардиялық танк полкінің қатарында соғысқа аттанады. Осылайша танк полкімен бірге Сталинградты қорғап, Польшаны азат етеді. Қан майданның ортасында Кемел Тоқаев көптеген қиындыққа жолығады. Алайда ауыртпалыққа еш мойымаған батыр ұл ел мүддесін бәрінен жоғары қояды. Бұл жайында «Әке туралы ой-толғау» атты ғұмырнамалық кітап жазған Қасым-Жомарт Кемелұлы әкесінің басынан өткен мынадай бір оқиғаны жазады: «Әкей бірде маған үш күндік ұрыстан кейін полктің ішер ассыз қалғанын әңгімелеп берді. Жауға қарсы ауыр да ұзақ жорықтардан кейін әкемнің өзі де қатты қалжырап шаршайды, бірақ майдандастарын тамақтандыру үшін қол қусырып қарап отыруға болмайтын еді. Бір ашық алаңқайға шыға беріп, өліп жатқан жылқыны көреді. Табан астында шешім қабылдап, ол жылқыны мүшелеуге кірісіп кетеді. Жауынгерлерге бірнеше шелек тауып етті пісіруді ұсынады. Бұл ұсыныс барлығына бірдей ұнай қоймаса да, аштық өз дегенін істетеді. Екі сағатта ет пісіп, солдаттар құшырлана тамақтануға кіріседі. Осыдан кейін майдандастары әкейге тығырықтан алып шығар амал тапқаны үшін көпке дейін алғыс айтып жүріпті. Ал әкем оларға: «Ұлттық аспен тамақтандырдым», – деп қалжыңдайды екен».
Бұл оқиға Кемел Тоқаевтың тығырықтан шығар жол таба білетін ерекше қасиетін, өмірде көрген талай қорлықтың әсерінен беки түскен ерік-жігерін дәлелдей түседі. Ең өкініштісі, ержүрек солдат Польша жерінде болған ұрыста алған жарақатына байланысты әскери комиссариаттың шешімімен «соғысқа жарамсыз» деп есептеліп, елге 2-топтағы мүгедек болып оралады. Дегенмен, сұрапыл соғыс Тоқаевтың тәнін ғана емес, жанын да жаралады. Себебі, ол өміріндегі ең қиын сәт – туған ағасы Қасымның өлімін хабарлаған «қарақағазды» сол тұста алып еді. Осылайша Тоқаев әулетінен жалғыз өзі қалғанын еріксіз мойындап, тірлік кешу керектігін ұғынады.
Соғысқа дейін журналист, тарихшы болуды армандаған жас жігіт Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітіріп, білікті журналист, ойы өткір қаламгерге айналған Кемел Тоқаев бірқатар газет-журналда жұмыс істеп, басшылық қызметтерге дейін көтеріледі. Редакцияда қызмет атқарып жүріп, шығармашылық шабыты оянады. Сөйтіп, алғашқы кітабы – «Жұлдызды жорық» әңгімелер жинағын жазып шығады. Әрине, қан майданның ортасында жүріп, соғыстың ащы дәмін татқан қаламгердің соғыс тақырыбын қозғамауы мүмкін емес еді.
Қаламгер Кемел Тоқаев жайлы сөз қозғалғанда қазақ әдебиетіне ХХ ғасырда қосылған «детектив жанры» еске түсетіні анық. Себебі, көпшілік Тоқаевты қазақ әдебиетіне детектив жанрын алып келген талантты жазушы ретінде таниды. Осы орайда қаламгердің жазушылық ерекшелігін, шығармашылығын тереңірек танып, білу үшін оның көзін көрген, сөзін тыңдаған жандармен сұхбаттасуды жөн санадық. Жазушыны ерекше құрметтеген қаламгердің бірі Нұрлан Оразалин Кемел Тоқаев жайлы, оның шығармашылығы турасында былай дейді:
– Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетінде сүрлеулі соқпағы бар, «детектив» жанрының негізін қалаған іргелі қаламгерлердің бірі әрі бірегейі. Қаламгердің бұл жанрға баруына себеп болған, бұл жанрды игеруіне мүмкіндік ашқан өткен ғасырдағы Кеңестер Одағы дейтін қоғамның көлеңкелі тұстары, ақиқаты, ащы шындығы болатын. Себебі, оның балалық шағы да, жастық кезі де қиын жағдайда өтті. Әке-шешеден ерте айырылған екі бала бірін-бірі жетелеп жүріп, интернатта оқып, жетіледі. Кейіннен Кемел Тоқаевтың соғысқа аттануы, қанды қырғын соғыстың бүкіл қиындығын өз көзімен көруі, соғыста жүріп қан кешуі, окопта жатуы, соғыстан жалаңқылыштай қайырылып қайтуы да оған ерекше әсер етеді. Ол соғыста көрген шындықты жаза жүріп, бірте-бірте қазақ әдебиетінде тайға таңба басқандай орын алуына себеп болған детектив жанрының отын маздатты. Қоғам өмірінде болып жатқан көлеңкелі оқиғалардың табиғатын танып жүріп, сол бағыттағы алғашқы іргелі еңбектерін жазады. Оның «Сарғабанда болған оқиға» дейтін атақты еңбегі сол кезеңде оған: «Детектив жанрының негізін қалаушы!» деген баға бергізді.
Кемел Тоқаев талапты әрі талантты жазушы ғана емес, адамгершілік қасиеті мол, қарапайым, ақкөңіл кісі болған. Жазушымен алғаш қалай танысқанын әлі күнге дейін ұмытпаған Нұрлан Оразалин қаламгердің адами болмысын былай тарқатады:
– Кемел Тоқаевтың достары да көп еді. Соның бірі Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұхан Исабаев деген кісі. Ол әрқашан Кемел ағамызды мақтап отыратын. Бір кездескенімізде: «Кемел Құдай берген адам ғой. Оның отбасына деген қамқорлығы, ағайын-туысқа деген ықылас-пейілі, балаларға деген махаббаты ерекше. Бұл барлығында кездесе бермейтін қасиет», – деп айтқаны рас болды. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының дәл осылай өсіп, жетілуі әке берген тәрбиенің жемісі деп ойлаймын. Кемел Тоқаевпен жақсы сыйласқан, көршілес тұрған тағы бір ірі тұлға Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов. Әр кездескенімізде: «Кемел деген ғажап, жаны сұлу, жайсаң жігіт!» – деп айтып отыратын. Өз басым Кемел ағаның теріс қылығын, артық мінезін көрген емеспін. Кездескен жерде: «Өлең қалай, Нұрлан?» – деп сұраушы еді.
Осындай шынайы әрі риясыз баға Кемел Тоқаев тұлғасының даралығын дәлелдеп, Отанға деген сүйіспеншілігін, адамгершілікке толы болмысын одан сайын асқақтата түсетін тәрізді. Әкесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы қалам тартқан Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзін былайша түйіндейді:
– Әкейдің шығармашылығының саны аз емес. Таралымына да өкпе айтудың қажеті жоқ. Ол кісі әдебиетке көзсіз берілген жан еді. Сондықтан күн демей, түн демей еңбек етті. Басқа жазушылармен салыстырғанда жеке басының тарихын насихаттаумен айналыспады. Сөйте тұра, барлық шығармаларында өмір шындығы мен көркемділік астасып, кірігіп, жарасым тапқанын оны жақтырмағандардың өзі мойындайды. Мұндай шеберлікке қалай қол жеткізді, ол жағы, қазір, бәлкім ешқашан түсіндірілмейтін талант сыры шығар?! Қаламгердің құпиясы да осында.
Расында да, қаламгердің кез келген шығармасын алып қарасақ, кейіпкерлері де, шытырман оқиғалары да шынайы. Мысалы, «Солдат қабірінің басында» атты әңгімесін оқығанда полк солдаттарының ең кенжесі, он сегіз жасар Акимовты шығарманың кейіпкері емес, өмірде болған Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде қабылдайсыз. Әңгіме ауыр жарақаттан соң көзін ашып, шашыраған таңғы сәулеге телміре қараған Акимовтың: «Мені мамам сағынатын болды-ау!» деген сөзімен аяқталады. Осы сөз оқырман жанын баурай отырып, Отан мүддесін қорғауға аттанған жауынгердің қандай болатынын білдіреді.
Әрине, соғыс сұрапылын көзімен көрген жазушы майдан тақырыбында қалам тербегенде жан дүниесін салады. Кемел Тоқаевтың соғыс тақырыбын қозғаған барлық шығармалары ерекше сезіммен жазылғаны, шығарманың әр белгісіне, әр сөзіне айрықша көзқараспен қарағаны бірден сезіліп тұрады. Кейіпкерлерін ойдан шығарып, алыстан іздемейтін қаламгер күнделікті күйбең тіршіліктің ортасында жүріп, жанындағы адамдардың мінез-құлқын шығармаға арқау етеді, сол арқылы туындыға өзек болар идеяны өмірден алады.
Қаламгердің «Ұясынан безген құс» атты атақты романы осы сөзімізге дәлел. Жазушы романның эпилогында бұл туындының қалай дүниеге келгенін жазады. «Сарыағаш» санаторийінде демалып жатқан қаламгердің Майра деген әйелмен таныстығы роман жазуға итермелегені оқырман қауымды елең еткізеді. Сондықтан болар жазушының оқырмандары бүгінгі күнге дейін оның шығармаларын жоғары бағалап, іздеп жүріп, сүйсіне оқиды. Әсіресе, детектив жанрында жазылған шоқтығы биік шығармалары бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес. Бұл туралы «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан былай дейді:
– Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың шығармашылығын айтқанда есімізге оралатыны «Сарғабанда болған оқиға» повесі. Сол заманда ірі қылмыстық істердің негізінде шығарма жазу оңай болған жоқ. Бірақ Кемел Тоқаев бұл қиындықтарға берілмей, детектив жанрына қатысты 20 кітап жазып, артына өшпес мұра қалдырды. Сол кезде детектив жанрымен енді ғана танысып жатқан жас буын қаламгердің шығармаларын қызыға оқыды. Кемел Тоқаевтың кітаптары дүкен сөрелерінде ұзақ тұрмай, оқырманға 400 мың данамен тараған кездері де болған. Біз Кемел ағаның көзін көрмесек те, шығармаларын іздеп оқитынбыз. Себебі, ол әрбір шығармасын нақты, концепциялық оймен жазып, оқырман санасына оңай сіңіре білген талантты жазушы.
Кемел Тоқаевтың шығармалары қазақ оқырманына ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағына кірген елдерге де кеңінен таныс. Оның «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты кітаптары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, оқырман тарапынан жоғары бағасын алды. Сондықтан, қабырғалы қаламгердің шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорына кіргені шындық.

Жәмила Бахтиярқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
журналистика факультетінің І курс студенті