Жаныма шуақ шашқан жақсы адамдар

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1484
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Менің балалық шағым дүниежүзілік сұрапыл соғыстың дүрбелеңіне тұспа-тұс келгендіктен молшылыққа малынып, шалқып-тасып, бал дәуреннің тәтті дәмін татып өскен өренмін дей алмаймын. Тауқыметті тіршіліктің телегей теңізінде жүздірген сол бір шақтың келеңсіздіктері көз алдыма  жиі-жиі елестейтіні бар.

Әкем соғысқа кетіп, қақаған қыстың күнінде Ысқабай атамнан, үш тәуліктен соң  қапелімде Аршынбике анамнан айырылып, жетімдік тақсіреті  желкеме мінген жылдарда  құшағына басып, жылы-жұмсағын ұсынып, өзегімді жалғаған аяулы Дәріш әжем еді. Жетімсіреген  шағымда, қазақша айтқанда, арқа етімді арша, борбай етімді  борша етпей,  қолда барымен  асырап, мейірін төккендіктен қатарымнан қалыспай  ержеттім десем артық айтқаным емес. Қабырғамды қатайтып, бұғанамды бекітіп, қолдан келген қамқорлығын аямаған осы Дәріш әжеме тең келер жан табыла  қоймас, сірә.  
Менен он екі жас үлкендігі бар Қантай әпкемді де теңдесі жоқ ардақты жанға  балаймын. Әжем атамның жейделерін кішірейтіп кигізгенде,  мектеп табалдырығын аттарда әпкем  шыттан жейде тігіп бергенде базардан жаңа киім сатып әпергендей қуанып, көңілімнің  көлдей  шалқығаны есімде. 
Алажаздай Балатеңіздің борпылдақ шаңын жалаңаяқ кешіп, айғыз-айғыз жарылып, күстенген балтырымды  қой майымен  сылағанында, тырысқан терімді удай ашытқанда  әжемнің шашымнан сипап: «Сабыр сақта, ашығаны қазір басылады» деп тыныштандырғаны да жадымда жаттаулы.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған шақта майданнан оралған Бейісбайұлы Әбдірахман мен Қантай әпкем тағдыр қосып, ұлы өмір көшінің керуеніне ілескен еді. Ол кезде Құйған өңірінде ондатра аулау кәсібі кеңінен өрістетіліп жатқан-тұғын. Құралайды көзінен ататын мергендігімен  ел аузына  іліккен жездем Әбдірахман осы мекемеге аңшы болып кіріп, терісі бағалы ондатраны және басқа аңдарды аулауға белсене кірісті. Негізгі науқан күзде басталады. Науқан қауырт белең алған тұста күн сайын ұсталған 80-100-ге дейінгі ондатраның терісінің шелін қырып, кергішке кигізіп кептіру Қантай әпкемнің  міндеті-тін. Өз ісіне келе-келе әбден машықтанған, әпкем  жездем қанша ондатра ұстаса да лезде тазалап, кергіштерге керетін. Аңшылар кейбір жылдары 2500-3000 ондатра терісін мемлекетке өткізіп, ақшаны күреп алып, бір масайрап қалатын. Табыс болған соң ішіп-жемі де мол. Оның үстіне  жездем Әбдірахман да көпшіл кісі еді. Асып-тасып жатқан дәулеті болмаса да еті тірілігі мен еңбекқорлығының арқасында қонақтары үзілмейтін. Әбдірахман жездемнің тартқан күйін тамсана тыңдап, әзіл-қалжыңдарын айтып,  бір мезгіл карта ойнап, көңіл көтеріп жататын.  Дастарқан кеңінен жайылатын. Үйдің сары самаурынының шоғы басылмайтын. Қантай әпкем де қонақтарына оң қабағымен қарап, ренжімей қызмет ететін. Осындай жомарт адамға жолығып, оны өмірлік серік еткен әпкем Қантай  өзін бақытты санайтын. 
 Жасымнан Әбдірахман  жездем  мен Қантай әпкемнің  қолында  өсіп, тәрбиесін көргендіктен  жезде деген сөзді ауызға алған емеспін.  Аға деп құрметтейтінмін.  Жанашыр жақыным санайтынмын. Әжем Дәрішті үйінің қасына көшіріп әкеліп, іргелес болғандықтан мен көбіне  қарбалас жұмысы бастан асып жататын әпкеме қолғабыс беретінмін. Жездемнің жұмсаған жағына лып етіп жүгіріп барып-келе қоятын елгезек бала едім.
Мейірлері құлай түскен қамқоршыларымның  маған жасаған жақсылықтарын  есіме алсам, жүрегім елжірейді. Өмірдің тәттісінен гөрі ащы дәмін көбірек татып өскен  мені  өз баласындай аймалаған да, тәлімді тәрбие берген де осы Әбдірахман жездем сияқты жүрегі жомарт, пейілі дариядай кең,  рухы биік мейірбан жандарға қалайша бас имейін?! Қазір де аруағына бас иіп, рухына тағзым етемін.  
Жезделіктен гөрі әкелік қамқорлығы басымдау болған жездем Әбдірахман ерекше жаратылған адам еді-ау. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар, бірі – тіршілік қамы, екіншісі – адамшылық қамы» деген екен. Осы екеуін де менің Әбдірахман жездеме айтылған қағидалы сөз сияқты көремін. 
Табиғатына туа біткен қасиет болса керек,  жездем  тек маған ғана емес, ауылдастарының мұң-мұқтажына да жанашырлықпен, сергектікпен  қарайтын. Тарыққанды көрсе қол ұшын беруге әр кез  бейім тұратын. Мені де киім-кешектен, ішім-жемнен  тарықтырмады. Ешқандай кемтарлық көрсетпеді. Туған әке-шешеміздей аймалап, айналып-толғану екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет екені белгілі. 
Алғаш рет аудандық газетке шағын хабарым шыққанда ең бірінші болып қуанған да әпкем-тін. Құдай ауызына салды ма: «Менің Әлижаным түбінде  жазушы болады, талабыңнан айналдым, мақсат-мұратыңа жетуіңе жаратқан ием жәрдем етсін» деп ақ тілегін білдірді. Жездем де елпілдеп: «Менің қайынымның талабы  таудай. Көрдіңіздер ме, газетке мақала жазыпты» деп мақтанып, үйге келгендерге көрсетіп, арқамнан қағып, рухтандырғаны көңілімді желпіндіре түсті.
 Менің болашағыма  үкілі үмітпен көз жүгіртіп, «қабағыңды ашып, жақсы киініп, жасымай жадырап жүр» деп, оныншы сыныпта оқып жүргенде қымбат матадан тігілген бостон кәстөм сатып әперіп шаттандырған жездемнің жомарттығын, «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей төбемді көкке жеткізген сәтін  қалайша ұмытайын? Сондай-ақ, мені үйлендіру үшін  Өтел мен Рысқұлдың әулеттеріне барып құда түсіп, отау құру тойымды бір апта бойы думандатып өткізген де жездем мен әпкем-тін. Мен де  бар жақсылығын аямаған әпкем мен жездемнің меселін қайтарып, алдарынан кесе көлденең өткен емеспін. Құрметімді көрсетіп, сыйлап, ардақтап жүрдім. 
Жездеміз Әбдірахман сырқаттанып қалыпты деген хабарды естіген соң зайыбым Елеусіз екеуміз көңілін сұрағалы Жиделіге келдік. Кеселі асқынып, әл үстінде жатыр екен. Бізді көріп қуанғандығын емеурінімен танытты.  Бас-аяғы екі-үш күн ішінде таң алдында өмірмен қоштасып кете барды. Қайғыдан қабырғамыз қайысып, жабырқаған шақта жездемнің  тұңғыш келіні Зарима босанып, қыз туып, қуанышты хабар қара бұлтты сейілткенсіді. Жездеміз  немере сүюді аңсаудай-ақ аңсап еді. Жаратқан иесінің оған мұрша бермегені өзекті өрттей өртеді.  
Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін тіршіліктің заңдылығынан кім қашып құтылады дерсің?! Қазаға көңіл білдіре келгендер қайғыға  қайырлы болсын айтып, бір жағынан сәби қуанышына да ортақтасып жатқан-ды.
Әбдірахман жездем мен Қантай  әпкемнің алақандарына салып аялап өсірген  тұңғыш ұлы Әбдіманат ататегін жалғастырушы ізбасары болып қалды. Ол Құйған ауылындағы Бозжанов атындағы  орта мектепті бітірген 1964 жылы Алматы қаласындағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсті. Кәсіби мамандық алып шыққан соң Украинаның Киев қаласында мамандығы бойынша жоғары дайындық курсына барып, біліктілігін  жетілдіріп келгеннен кейін  Алматы қаласындағы  «ҚазЧермет» зауытында цех бастығы болып жұмысқа орналасты. Бұл жұмыста іскерлік қабілетімен таныла бастаған тұста отбасының  жағдайымен  өзінің туған жеріне – Жиделі ауылына оралуына  тура келді. Содан әке-шешесінің қас-қабағына қарап, өзі оқыған  Жиделі орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, директоры, Жиделі ауылдық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, осы округтің әкімі болып істеп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға білімі мен күш-жігерін аямай жұмсады.  Жиделі орта мектебінің директоры міндетін  абыроймен  атқарып жүріп, зейнеткерлікке шықты. Қол қусырып отырмай Жиделі  ауылдық ақсақалдар мен ардагерлер алқасының төрағасы  міндетін атқарды. 
Тәжірибелі ұстаз Әбдіманат Әбдірахманұлы  қай салада істемесін өз жұмысына өте ұқыпты, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын іскер басшы  бола білді. Көп жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, «Балқаш  ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, көптеген Мақтау қағаздарымен марапатталды.    
 Әбдіманат мектепте де, институтта да бірге оқып, аққудай жұбын жазбай жүріп шаңырақ көтерген жан-жары Зарима екеуі төрт ұл мен екі қызды өмірге әкелді. Оларды темірдей тәртіпке баулыды. Еңбек етуге үйретті. Қайырымдылық, мейірімділік қасиеттерді бойыларына терең  сіңіруді мұрат тұтты. Оқытты. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, кәсіби мамандықтарды меңгерді. 
Өркенді әулеттің балаларының  бәрі де еңбекке орналасқан. Бастарында баспаналары бар, тұрмыстары да бай-қуатты. Құдайға шүкір, қазір әрқайсысы  берекелі шаңырақ иелері атанып отыр. Қантай әпкем осынау немерелерінің отбасыларынан өрбіген балапандарын бауырына басып, құшырлана сүйіп, марқайып отыратын. Олардың үйлеріне барып қона жатып, аунап-қунап, шамасы жеткенінше тірліктеріне қарайласатын. Келіндеріне ақыл-кеңесін айтып, аналық парызын өтеуге ұмтылатын. Немерелерінің шілдехана тойларына, туған күндеріне қатысып, ақ батасын бергенін  өзіне бақыт санайтын.
Асыл ананың жанына қатты баттатыны – ұлы Әбдіманаттың өмірден ерте озғандығы еді. Қаншалықты төрт құбыласы сай тұрса да баласын ойлап қамығатын. «Балаларының қызығын көрмеді-ау» деп, ұлының әр сәтін жіпке тізгендей ғып айтып, келіні  Зарима екеуі Әбдіманаттың рухына арнап  жұма сайын жеті шелпегін пісіріп, дұғасын жасатып, құранын оқытудан жаңылмайтын. 
– Келінім Зариманы бала күнінен білетін едім, – дейтін әпкем Қантай. Сыр мінез адамдармен  құда болғанға не жетсін?! Құдамыз Әбдімәлік пен құдағиымыз Күлхан ақ пейілді жандар еді. Құдалық сыйластығымыз жарасып, балалардың қуанышына ортақтастық. Ауызбірлігімізге де қылаудай кінәрат түскен емес. Келінім Зарима өте қарапайым, жаны нәзік, кішіпейіл жан. Қызымдай көремін. Жаратқан иемнің текті келін бергеніне тәубешілік  етемін. Құдайға шүкіршілік, Заримамен бір шаңырақтың астында елу жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп,  ұрпақтарымның  өсіп-өніп жатқанына сүйініп, ішімнен тәубемді мың мәрте қайталаймын. 
Аяулы әпкемнің өзіне тән және бір ерекшелігі – ағайын-туыстарын сағынып, олармен жүздесіп, амандықтарын біліп, шүйіркелесіп сыр шертуді  аңсап отыратын. Денсаулығы жақсы болған соң да жаз бойы қыдырысты, серуенді көбейтетін. Балаларының қуаныштарына ортақтасатын. Осының бәрі әпкем үшін байыз таптырмайтын шаруалар-тын. 
Қантай әпкемнің туып-өскен жері Жиделі. Осы өңірде бойжетіп, Андағұл атадан тарайтын Бейісбай әулетіне келін болып түскелі  бері ірге тепкен құтты  қонысынан басқа өңірге ауысып көрмеген  жан. Сондықтан болар, бізге Талдықорғанға  қонаққа келсе, екі-үш күннен кейін «Ауылдағы балалар не болды екен? Зарима келін жалғызсырап қиналып  жүрген  шығар,  мен қайтайын» деп, жаны байыз таппайтын. Оған біз келіспей: «Қайда асығасыз? Әлі де жата тұрыңыз» деп созбалаққа саламыз ғой баяғы. Осындай сәттің бірінде қызым Қуан мен күйеубалам Талғатқа: «Ана Әлиге айтпай,  Алматы жаққа қарай жүретін көліктің біріне мені отырғызып жіберіңдер, ауылға қайтайын, бекерден-бекер несіне жатамын?» деп өтінетін.
Бейісбай әулетінің ізетті  келіні бола білген  Қантай әжесіне ұрпақтары: 
Анасың кең пейілді, 
ақкөңілді,
Жадырап күндей күлген пәк 
көңілді.
Өскенін ұрпағыңның көзбен 
көріп,
Қызықпен өткізе бер 
тәтті өмірді, 
– деп тілек-ниеттерін ұдайы білдіретін-ді. Әпкемнің өзі де «Төсек тартып жатып, біреуге салмақ салып, оның ренішті сөзін естімей, жөнімді тауып төрелесем, Жаратқан иеме ризамын» деп отыратын. Немерелерімен өзінің ақ тілектерін Алласы қабылдады ма екен, Қантай әпкем тоқсан екінің  биігінен асып барып сана-сезімі сергек, зердесі зерек қалпында екі-үш күн ғана сырқаттанып, жаны қиналып, көп әбігерленбей о дүниеге кете барды. 
Марқұмның жаназасына жиналған адамның қарасы өте көп болды. Соған қарап әпкемді, ағайын-туыстарды былай қойғанда, барша жұрттың құрмет тұтатындығын аңғардым. Ауылдағы бір мезгілде үш жүзге жуық қонақ жайғасатын дәмханада нәзір асын беру кезінде сөз алғандардың бәрі Қантай әпкемнің қарапайымдылығын, бауырмалдығын,  қонақжайлығын, мейірбандығын, инабаттылығын, ізеттілігін тілге тиек етті.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген тәмсілдің мәнін осы жолы терең түсіндім десем артық болмас. Расында да әпкем Қантай, «қой аузынан шөп алмайтын», астамшылық жасамайтын, барды қанағат тұтатын кішіпейілді, жылыжүзді  тоқпейіл ана-тұғын. Адалдығымен абыройын асқақтатқан, берекелілігімен беделін биіктеткен, жұрағатына жақсылық жасауымен жұғымдылығын арттырған, дастарқанының дарқандығымен ел-жұртына танылған Қантай әпкемнің жарқын бейнесін ұрпақтарының мәңгі есте сақтайтындықтары күмәнсіз.
Адамгершілік қасиетінен айнымай мені қолтықтарының астына алып, шынайы ниеттерімен айналып-толғанып, әкенің де, шешенің де орнын басып, парасаттылық туын жоғары ұстай білген Дәріш әжеме де, Қантай әпкеме де, Әбдірахман жездеме де мәңгілік қарыздармын. Тағдыр қиындығына  мойытпай қанатымды қатайтып, жанашырлық танытқан жаны жайсаң жақсы адамдардың шарапаттарын қалайша ұмытайын? Ұмытпаймын! Жарқын бейнелерін көз алдыма елестетіп, рухтарына тағзым етіп, ұлықтаймын әрдайым! Ұлықтай беруді перзенттік парызым деп санаймын.
 
Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, 
Алматы облысының Құрметті азаматы